Accessibility links

Сот шешімімен келіспейтіндер Ақордаға келді


Ақорда алдында санитарлық нормаларды ескеріп, ара қашықтық сақтап тұрған наразы топ. Нұр-Сұлтан, 24 ақпан 2021 жыл.
Ақорда алдында санитарлық нормаларды ескеріп, ара қашықтық сақтап тұрған наразы топ. Нұр-Сұлтан, 24 ақпан 2021 жыл.

24 ақпанда Нұр-Сұлтанда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген "соттың әділетсіз үкімдеріне наразы" 40 шақты адам Ақордаға жиналды. Олар түрлі қылмыстық, азаматтық істер бойынша шыққан үкімдер мен шешімдерді қайта қарайтын ведомствоаралық комиссия құруды талап етіп, Ақорданың қабылдау бөліміне кіруге тырысты. Олардың қақаған аязда тұрғанына бір сағаттан астам тұрды. Кейін оларды президент көмекшісі қабылдады.

Жиналғандардың бірі Алматы облысы Қапшағай қаласының тұрғыны Дауытбек Молдабаевтың сөзінше, осыған дейін бұл топ президент әкімшілігінің жетекшісі Ерлан Қошановқа жеке-жеке хат жазып, 24 ақпанда кездесуді өтінген. Бірақ сол күйі жауап келмеген.

- Біз бұған дейін бас прокуратура, жоғарғы сотқа шағымдарымызды айтып, бірнеше рет үндеу жасадық. Бірақ қанша жасасақ та, ылғи жалтарма жауап аламыз. Біздің қолымызда бұлтартпас дәлелдердің барына қарамастан оларды ескермей келеді. Оларға сенімді жоғалтқандықтан осында келіп тұрмыз. Ведомствоаралық комиссия құруды талап етіп отырмыз. Оған тек бас прокуратура, жоғарғы сот қана емес, сенат, мәжілістің сот және құқықтық реформаны қадағалайтын комитет өкілдері, құқық қорғау органдары, қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері кірсе дейміз, - деді Дауытбек Молдабаев.

Ақорда алдында ақпарат құралдарына сұхбат беріп тұрған Қапшағай қаласының тұрғыны Дауытбек Молдабаев. Нұр-Сұлтан, 24 ақпан 2021 жыл.
Ақорда алдында ақпарат құралдарына сұхбат беріп тұрған Қапшағай қаласының тұрғыны Дауытбек Молдабаев. Нұр-Сұлтан, 24 ақпан 2021 жыл.

Ақорда алдына жиналғандардың бірі Семей тұрғыны Бақыткүл Манкиева күйеуіне шыққан сот үкіміне наразы екенін айтты. Ол "екі сараптама нәтижесі күйеуінің кінәсіздігін дәлелдесе де, "әскери прокуратура жалтарма жауап беріп, дәлелдерді елемей отырғанын" айтты.

Наразылардың бірі Әлия Айтпаева Ақорданың қабылдау бөліміне кіріп шыққаннан кейін Қошановтың наразы топ алдына шықпайтыны белгілі болды. "Президент әкімшілігінің өкілдері ведомствоаралық комиссия құруға қажеттілік жоқ, әрі қарай да жеке-жеке хат жазыңдар деп айтты" деді ішке кіргендер.

Бұдан соң наразылардың кейбірі Еуропарламент пен өзге де демократиялық ел басшыларынан көмек сұраудан басқа амал қалмағанын айтып, оларға шағым жазатынын айтысты.

Кейін Ақордаға келгендерді президент көмекшісі Тамара Дүйсенова қабылдап, сот шешімдерін қайта қарайтын жұмыс тобын құратындарын айтқан.

Қазақстан тұрғындары әділетсіз сот шешімдері мен үкімдерге жиі шағымданады. Олардың кейбірі ақырғы амалдарға дейін баруға тырысқан.

Бір күн бұрын әділдік іздеген осыған ұқсас топ Еуропарламенттен Нұр-Сұлтан шенеуніктеріне атап айтқанда, бұрынғы президент, "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек және өзге де шенеуніктерге санкция салуды сұрайтынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG