Accessibility links

АҚШ тергеу бюросы ресейлік Пригожинге іздеу жариялап, ол жайлы ақпарат үшін 250 мың доллар сыйақы тағайындады


Ресейлік бизнесмен Евгений Пригожин.
Ресейлік бизнесмен Евгений Пригожин.

АҚШ федералдық тергеу бюросы (ФБР) АҚШ-қа қарсы алаяқтық мақсатымен мәміле жасаған, АҚШ-тың ішкі саясатына араласқан және 2014 жылдан 2016 жылға дейінгі кезеңде АҚШ-тағы президент сайлауына ықпал етуге тырысқан деген күдікпен ресейлік бизнесмен Евгений Пригожинге іздеу жариялады. ФБР бұған қоса бизнесменді тұтқындауға септесетін ақпарат үшін 250 мың доллар сыйақы тағайындады.

ФБР дерегінше, Пригожин Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы "Интернет зерттеу агенттігі" ("Агентство интернет-исследований") компаниясының негізгі демеушісі болған және АҚШ президентін сайлау қорытындысына ықпал ету мақсатымен АҚШ-та ауқымды ақпарат науқанын жүргізуге пәрмен берген. Сонымен бірге АҚШ азаматтарының жеке дерегін ұрлау мен әлеуметтік желіде жүздеген жалған аккаунт ашуға да агенттік пен Пригожиннің қатысы бар деп мәлімдеді ФБР.

Евгений Пригожин өзіне іздеу жариялаған ФБР-ға "өзін-өзі жарнамалайтын шоу жасап, қоғамда қордаланған проблемаларды жасырғысы келеді, сондықтан "мыстан аулаумен" айналысып отыр" деп мін тағады. Бұл туралы Пригожиннің "Конкорд менеджмент и консалтинг" компаниясының баспасөз қызметі жариялаған мәлімдемеде айтылған.

2020 жылғы желтоқсанда АҚШ конгресінің өкілдер палатасы ресейлік бизнесмен Евгений Пригожин және онымен байланысы бар тұлғалардың іс-әрекеті АҚШ мүддесі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретіні айтылған қарарды бірауыздан қабылдаған. АҚШ конгресі мүшелері Пригожинді "күллі әлемде қантөгіске ұласқан жанжал" тұтататын "ЧВК Вагнер" тобының жетекшісі деп атаған.

Былтыр қазанның ортасында Еуропа одағы Пригожинді Ливияға қару-жарақ сатуға қатысы бар адам ретінде санкция тізіміне енгізген. Санкцияға сәйкес, Пригожиннің Еуропа Одағына кіруіне тыйым салынып, оның активтері бұғатталған.

Қыркүйекте БҰҰ-ның санкциялардың орындалуын қадағалау жөніндегі сарапшылар комитеті Ливияға қару сатпау туралы эмбаргоны бұзды деп айыптаған 11 компанияның арасында "ЧВК Вагнер" де бар. БҰҰ дерегінше, бүлікшіл генерал Хафтар басқаратын Ливия ұлттық армиясын қолдайтындар арасында ресейлік "ЧВК Вагнер" компаниясының 800-ден 1200-ге дейін жалдамалысы болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG