Accessibility links

Мәскеуде Борис Немцовтың мемориалына 10 мыңнан астам адам келді


Борис Немцовты еске алу акциясына келген әйел. Мәскеу, 27 ақпан 2021 жыл.
Борис Немцовты еске алу акциясына келген әйел. Мәскеу, 27 ақпан 2021 жыл.

27 ақпан күні Мәскеудегі Үлкен Москворецкий көпірінде оппозициялық саясаткер Борис Немцовты еске алу акциясы өтті. Мұндай акциялар 2015 жылдан бері жыл сайын өтіп тұрады. Сол жылы 27 ақпанда кезінде вице-премьер қызметін атқарған Немцовты осы көпірде атып кеткен.

Бұл жылы Мәскеу билігі дәстүрлі шеруді мақұлдамады, бірақ гүл шоғын қою рәсіміне рұқсат берді. Бейбіт жиындардағы адам санын есептеумен айналысатын "Белый счетчик" еріктілер бірлестігі Мәскеу уақыты бойынша 21:00-ге дейін Немцовты еске алуға 10,1 мың адам келді деді.

Мәскеу уақыты бойынша 23:30-да бір минут үнсіздік жарияланды. Борис Немцовты осы уақыт шамасында өлтірген.

Мәскеудегі акцияға қатысушылар арасында "Яблоко" партиясының негізін салушы Григорий Явлинский, Борис Немцов қорының төрағасы Владимир Кара-Мурза, бұрынғы премьер-министр Михаил Касьянов, түрмеде отырған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың әйелі Юлия Навальная болды. Бұл туралы "Коммерсант" басылымы хабарлады.

Шараға сондай-ақ АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Салливан, Ұлыбритания және Латвия елшілері Дебора Броннерт пен Марис Риекстиньш және өзге де Еуроодақ дипломаттары қатысты.

Саясаткерді еске алу шарасы Санкт-Петербург қаласында да өтті. "Медиазона" басылымы Троицкий алаңына жүздеген адамның жиналғанын хабарлады. Жергілікті заң шығару органының депутаты Борис Вишневский алаңда автозактардың, ұлттық ұлан мен полицияның тұрғанын мәлімдеді.

Еске алу акциялары Омбы, Түмен, Новосибирск, Иркутск, Қазан секілді өзге де қалаларда өтті. Сочи, Псков, Челябинск және Краснодар қалаларында жергілікті билік акция өткізуге тыйым салған.

2017 жылы шілде айында Мәскеу әскери соты Немцовты өлтіру айыбымен бес адамды кінәлі деп тауып, 11 жылдан 20 жылға дейін бостандығынан айырды.

Немцовқа қарсы қастандықтың ұйымдастырушылары мен тапсырыс берушілері табылмады. Саясаткердің туыстары мен әріптестері қастандықты ұйымдастыруға және кінәлілерді жасыруға Ресей президенті Владимир Путиннің айналасындағы адамдардың қатысы болуы мүмкін дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG