Accessibility links

Ресейдің адам құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымы жабылғанын жариялады


Ресейлік белгілі құқық қорғаушы, "Адам құқығы үшін" қоғамдық ұйымының негізін қалаған әрі жетекшісі Лев Пономарев.
Ресейлік белгілі құқық қорғаушы, "Адам құқығы үшін" қоғамдық ұйымының негізін қалаған әрі жетекшісі Лев Пономарев.

Ресейдің "Адам құқығы үшін" ("За права человека") қоғамдық ұйымының кезектен тыс съезінде делегаттар ұйымды тарату туралы шешім қабылдады. Съезд делегаттарының мәлімдемесінде мұндай шешімге Ресейде жақында күшіне енген заң өзгертуі себеп болғаны айтылады. Ол бойынша, билік саяси қызметпен айналысады және шетелден қаржы алады деп тапқан тіркелмеген ұйымды да "шетел агенті" ретінде тіркелуге міндеттейді.

Ұйым сайтында жарияланған мәлімдемеде "мемлекеттік биліктің үкіметке тәуелді емес құқық қорғаушы ұйымдар мен Ресейдің бүкіл құқық қорғау қауымын іс жүзінде жоюға бағытталған жүйелі іс-әрекеті күш алып келе жатқаны" айтылған.

Ресейдің "Адам құқығы үшін" қоғамдық ұйымының негізін қалаған әрі басшысы Лев Пономарев бұған дейін "шетел агенті қызметін атқаратын БАҚ" тізіміне енгізілген. Ол мұнымен келіспей, қарсы уәж айтқан. Мұның алдында Пономарев енді билік "заң бұзды" деген желеумен ұйым мүшелеріне қарсы әкімшілік, ал кейін қылмыстық іс қозғай алатынын айтып, ұйымның жабылатынын мәлімдеген.

Ұйым мүшелері "өз хал-қадірі жеткенше Адам құқығы мен ар-намысын қорғауды жалғастыратынын" айтқан.

2019 жылы Ресей жоғарғы соты әділет министрлігінің сұрауын қанағаттандырып, 20 жылдан астам уақыт қызмет атқарған "Адам құқығы үшін" қозғалысын жапқан. Одан кейін, осы аттас ұйым заңды тұлға ретінде тіркелмей-ақ, жабылған қозғалыстың міндетін атқаруды жалғастырған.

  • 2021 жылғы 1 наурыздан бастап Ресейде "шетел агенті" туралы заңды бұзғандарға жауапкершілік күшейтілді. Шетелдік серіктестерінен қаржы алып, саяси қызметпен айналысатын тіркелмеген қоғамдық ұйымға "шетел агенті" болып тіркелуден жалтарғаны үшін 300 мың рубльге дейін айыппұл салу, я екі жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG