Accessibility links

"Ағаділдің кебін киемін деп қорықпайсың ба?" Шыңжаңнан келген қазақтың інісі үшін күресі


Қытай түрмесінде отырған інісін босатуды талап еткен Байболат Күнболатұлы Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында жалғыз өзі пикетте тұр. 1 ақпан 2021 жыл.
Қытай түрмесінде отырған інісін босатуды талап еткен Байболат Күнболатұлы Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында жалғыз өзі пикетте тұр. 1 ақпан 2021 жыл.

Шыңжаңдағы "геноцидті" айыптап, Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдына наразылық акциясына шығып жүрген қазақ азаматы Байболат Күнболатұлы он күн әкімшілік қамауда болды. Бостандыққа шыққан соң ол қамауда өзіне қатты қысым жасалып, Қытай түрмесіндегі інісі үшін бейбіт күресін доғаруға көндірмек болғанын айтты.

Байболат Күнболатұлы наразылық акциясына ұстап шығатын плакатқа інісі Баймұраттың суретін жапсырып, оның жеке деректерін жазып қойған. Ал плакаттың сыртындағы санды күн сайын жаңартып отырады. Бүгін "1092" деп жазылған. Бұл Баймұраттың Шыңжаң түрмесінде қамауда отырғанына осынша уақыт өткенін білдіреді.

Плакат ұстаған Байболат Қытайдың Алматыдағы консульдығы мен Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдына пикетке шығып, үш жылдан бері ешқандай хабар болмай, тым-тырыс қалған інісі Баймұрат туралы ақпарат беруді талап етті.

– Інімнің тірі я өлі екені белгісіз. Қытайда геноцид жүріп жатыр! – деп мәлімдеді Алматыдағы дипломатия өкілдігіне келген Байболат.

1 ақпанда пикет өткізген соң Байболат Күнболатұлын полиция ұстады. Қазақстанда жергілікті әкімдіктің келісімінсіз өткен кез келген акция, тіпті жалғыз адам пикеті де заңсыз деп саналады. Билік 40 жастағы Қазақстан азаматын сол күні кешке әкімшілік жауапқа тартып, ескерту берді.

Қытай түрмесіндегі інісін босатуды талап еткен Байболат Күнболатұлын полиция әкетті. Алматы, 1 ақпан 2021 ж.

Қытай түрмесіндегі інісін босатуды талап еткен Алматы тұрғынын полиция әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

Бірақ Қытай консулдығының алдында пикет толастаған жоқ. Наразылық акциясын "туыстарымыз Қытайдың солтүстік-батысындағы өлкеде жазықсыз қамауда отыр" деп мәлімдеген өзге қазақтар іліп әкетті. 2017 жылдан бастап Шыңжаң өлкесінде тұратын байырғы халықтар: ұйғыр, қазақ, қырғыз, татарлардың құқығын жаппай бұзып жатқаны жайлы хабар-ошар жиі естіледі. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қытай билігі "адамдарды концлагерь секілді мекемелерге мәжбүрлеп жіберіп жатыр" дейді, АҚШ пен Канада Шыңжаңда болып жатқан оқиғаларды геноцид деп атады.

Қазақстан билігі наразылық акциясын тоқтатпаған Байболат Күнболатұлын қамап тынды. 9 ақпанда Алматыда кезекті пикеттен соң үйіне қайтып бара жатқан азаматты полиция көшеден ұстап әкетті. Сот оны бейбіт жиналыстар өткізу тәртібі туралы заңды бұзды деп айыптап, Байболатты он тәулікке әкімшілік қамауға алуды бұйырды.

"ҚОРЫҚПАЙСЫҢ БА?"

Күнболатұлы әкімшілік жауапқа тартылғандарды қамайтын мекемеде жазасын өтеп шыққан соң, онымен Азаттық тілшісі кездесіп, әңгімелесті. Байболат 10 тәулік қамауда отырды.

Алматы қаласындағы жұпыны пәтерде отырмыз. Қонақ бөлмеде терезеге жақын қаз-қатар тізілген орындық пен еденге төселген кілемнен басқа артық зат жоқ. Қабырғаға балалар салған әртүрлі сурет жапсырылған. Байболаттың үш баласы бар. Қызы он жаста. Әкесі өзін айналсоқтап жүрген үш және төрт жасар екі ұлға қарауды тапсырған соң, қызы інілерін ертіп, бөлмеден шығып кетті.

–"Дулат Ағаділдікі секілді түрмеде жүрегім тоқтап қалады деп қорықпайсың ба?" деп айтты, – Байболат қамауға алынғаннан кейін басынан өткен жайтты баяндап отыр.

Айтуынша, қарапайым киінген белгісіз адам қамауда отырған Байболатқа бірнеше рет жолығып, наразылық акциясына шығуды доғаруға көндірмекші болған. Сөз арасында былтыр ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің қазасын еске салған. Ресми қорытындыда Ағаділдің "жүрек талмасынан" қайтыс болғаны айтылған, бірақ марқұмның туыстары мен серіктері оған сенбейді.

– "Болашағыңа балта шаппа! Ертең балаларың ержетіп, мемлекеттік қызметке тұрғысы келсе, сенің осы іс-әрекетің олардың алдынан шығады. Сол кезде сені қарғайтын болады. Олардың обалына қаласың" деді маған, – деп жалғастырды Күнболатұлы әңгімесін.

Байболат өзін Қытай түрмесіндегі інісінің тағдырын білу үшін жалғастырып келе жатқан бейбіт күресінен бас тартуға көндірмекші болған әлгі адамның аты-жөнін білмейді. Оның кім екенін анықтау мүмкін болмады: әкімшілік жазасын өтеушілер қамауда отыратын мекеме басшылығы қамаудағы адамдармен "әңгіме" болған-болмағанын сұраған Азаттыққа жауап бермеді.

Күнболатұлы бостандыққа шыққаннан кейін үйдегілерді ойлап, алаңдап, түн ұйқысы бұзылғанын айтады.

– Бала-шағамды жиі ойлаймын. Расымен "оқыстан" жүрегім тоқтап қалса, отбасымның тағдыры қалай болады? Бір ұлынан тірідей айрылып, онсыз да жүрегі ауырып, қан қысымы көтеріліп отырған кәрі әке-шешемнің күні не болмақ? – дейді ол уайымдап.

Байболаттың қарт ата-анасы Алматының іргесіндегі Ақжар ауылында кішкентай ғана екі бөлмелі жер үйде тұрады. Ұлы қамалғаннан кейін Қытай консулдығы алдындағы пикетке анасы Зауатхан Тұрсын шығып жүрді. Егде жастағы әйел консулдыққа жету үшін қаланың бір басынан ұзақ жүріп келуге мәжбүр болғанын айтады.

– Бір ұлым Қытайда, екіншісі Қазақстанда түрмеде отыр. Туған ел, туған жер деп келгендегі көргеніміз осы, – деді Зауатхан Тұрсын 10 ақпанда пикетте тұрған кезде.

Тұңғышы –​ Қазақстан, кенжесі Қытай түрмесінде. Алматы, 10 ақпан 2021 ж.

Тұңғышы - Қазақстан, кенжесі Қытай түрмесінде. Кейуана Шыңжаңдағы баласына араша сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:22 0:00

Зауатханмен бірге наразылық акциясына шығып жүрген әйелдер де ұлының, күйеуінің, бауырының тағдырын білгісі келеді. Шыңжаңда хабарсыз кеткен жақындары не "лагерьде", не түрмеде, бәлкім үйқамақта болуы мүмкін. Наразылықтың үздіксіз жалғасып келе жатқанына айдан асты. Бірақ олармен тілдесуге консулдықтан әлі ешкім шыққан жоқ. Тек үнемі Алматының Медеу аудандық әкімдігінің өкілі келіп, биліктің келісімінсіз акция өткізу заңсыз екенін айтып, наразылардың тарауын талап етеді.

Пикет кезінде Қытай консулдығы маңында мобильді интернет байланысы нашарлап, онлайн хабар тарату қиындайды. Наразылар "консулдық күзетшілері байланыс сигналын тұншықтырады" деп санайды.

ТҮРМЕДЕГІ ІНІСІНЕН ХАБАР ЖОҚ

Байболат Күнболатұлы журналистерге былтыр қаңтар айынан бастап таныла бастады. Ол Қытай консулдығы алдына алғашқы наразылық акциясына аяқ-қолын шынжырлап, 30 жастағы інісінің суретін ұстап шыққан еді. Бұдан соң Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдында пикет өткізді. Кейін Қытай дипломаттары оған інісі туралы қысқа ақпарат жіберді.

Елшілік өкілі Гу Минь Байболатқа WeChat мессенджері арқылы былай деп жауап берген: "2012 жылғы 20 наурызда ініңіз Қытайдың Baidu Tieba әлеуметтік желісінде ұлтшылдық пен ұлттар арасында араздық қоздыратын хабарлама жариялаған. Сондықтан 2018 жылғы 11 сәуірде Шыңжаңның Іле Қазақ автономиялық облысы Құлжа қаласының халық соты қылмыстық кодекстің 249 және 56-баптарына сәйкес 10 жыл мерзімге бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Қазір Шиху түрмесінде жазасын өтеп жатыр".

Байболат Күнболатұлы Қытай түрмесінде отырған інісінің суретін ұстап, Қытай елшілігі алдында пикетте тұр. Нұр-Сұлтан, 20 ақпан 2020 жыл.
Байболат Күнболатұлы Қытай түрмесінде отырған інісінің суретін ұстап, Қытай елшілігі алдында пикетте тұр. Нұр-Сұлтан, 20 ақпан 2020 жыл.

Байболат інісінің әлеуметтік желідегі жазбаларын екі ай бойы мұқият зерттегенін, бірақ "араздық қоздырды" деуге ілік болатын бірде-бір хабарлама таппағанын айтады. Ол "егер сондай хабарлама жарияланғаны рас болса, неге алты жылдан кейін ғана соттады" дейді.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының жуырдағы зерттеуінде Шыңжаңда билік жүздеген мың адамды түсініксіз әрі тым жалпылама айыптар тағып, ұзақ мерзімге түрмеге қамағаны айтылған. Ондаған қылмыстық істі зерттеген халықаралық ұйым түрмеге қамалғандардың көпшілігі қылмыс жасамаған және өз өмірін Қазақстанмен байланыстырғаны, шетелге саяхаттағаны, діни іс-әрекеті үшін сотталған деген қорытынды жасаған.

Байболат Күнболатұлы Қытай елшілігі жіберген хабарламаны алған соң, олардан інісі жайлы қосымша ақпарат талап етіп, бейбіт күресін жалғастырған. Бірақ содан кейін Қытай дипломаттары онымен байланысқа шықпады. Байболат сияқты тағы ондаған адам Қытай консулдығынан Шыңжаңдағы жақындары жайлы ақпарат сұрап жүр. Кейбірі ол жақтағы туыстары әуелі Шыңжаңның түркітілдес байырғы ұлт өкілдерін билік мәжбүрлеп ұстаған "саяси қайта тәрбиелеу лагерінде" болғанын, бірақ сонда да "түзелмеген" соң, оларға ойдан шығарылған түрлі айып бойынша түрмеге қамалған дейді.

Байболат та інісінің кемінде бірнеше ай "лагерьде" болғанына сенімді. Айтуынша, Баймұрат 2018 жылы Іле Қазақ автономиялық облысындағы Қарағаш ауылында жергілікті полиция қызметкерінің көмекшісі болып жұмыс істеп жүргенде қамауға алынған. Ағасының сөзінше, Үрімжідегі орта мектепті бітірген Баймұрат қытай тілін жетік меңгерген. Байболат билік інісін "лагерьдегі тұтқындарға қытай тілін үйретуге мәжбүрлеген" деген қауесет естіген. Расымен солай ма, белгісіз. Байболат Күнболатұлы інісі "қамаудан босап шығып, Қазақстанға қоныс аударып, отбасымен қайта қауышады" деп үміттенген.

Байболат кезінде інісін Қазақстанға біржолата көшіп келуге көндіре алмағанына өкінеді. Күнболатұлының өзі Алматыға 2002 жылы қоныс аударып, алты жылдан кейін Қазақстан азаматтығын алған. Осында отбасын құрды. 2005 жылы Қытайдан ата-анасын көшіріп алды. Кейін Қазақстанға өзге туыстары да көшіп келді.

Інісі Баймұрат та 2011 жылы Қазақстанға келіп, тарихи Отанында бір жылға жуық тұрған. 2012 жылы Алматыдағы университетке оқуға түскен. Бірақ бірінші курста қысқы демалыс кезінде Шыңжаңға туыстарына барып, сондағы әкесінің сырқат қарындасына қарайлап, қалып қойған. Баймұрат бес айлығынан бастап осы кісінің бауырында өсіпті. Ағайынды жігіттер екі отбасында өскенімен, бір-бірімен жақын туыс екенін біледі және үнемі сөйлесіп тұрған.

Баймұрат Қытайға кеткеннен кейін ағайынды жігіттер бір-бірімен телефонмен сөйлесіп, мессенджер арқылы хат-хабар алмасып тұрған. Бірақ кейін байланыс үзілген. Байболат Қытайда қалған туыстары Қазақстанда тұратын жақындарымен хабарласуға қорқатынын, телефон мен хатқа жауап бермейтінін, Шыңжаңды "үрей билеп алғанын" айтады.

Халықаралық ұйымдар Шыңжаңда билік ұйғыр мен қазақты, ислам дінін ұстанатын өзге де ұлттарды азаптап, мәжбүрлеп жұмысқа жегіп, бедеу қылып жатыр деп үнемі айтып келеді. Бірақ Қытай оны "жала" деп атаудан танған емес. Ақпан айында Қытай сыртқы істер министрі Ван И БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Женевада өткен отырысында "Шыңжаңдағы мұсылмандар барлық бостандықтарын пайдаланады" деп мәлімдеді. Ол Пекиннің Шыңжаңдағы этникалық топтарға жүргізген саясатын Қытайдың адам құқығы саласындағы жетістіктерінің "жарқын көрінісі" деп атады.

Байболат Қытай билігінің Шыңжаңда жұрт мамыражай өмір кешіп жатыр дегеніне сенбейді. Ол сондай-ақ экономикалық жағынан Қытайға кіріптар Қазақстанның кредиторы мен инвесторына сын айтуға батпайтынын да біледі. Өйткені Нұр-Сұлтан Шыңжаңда болып жатқан оқиғаларды "Қытайдың ішкі шаруасы" деуден жаңылған емес.

Қытай билігі туыстарын жазықсыз қудалап жатқанын айтып, араша сұрап барған бір топ адамды АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығы өкілдері қабылдады. 12 наурыз 2021 жыл.
Қытай билігі туыстарын жазықсыз қудалап жатқанын айтып, араша сұрап барған бір топ адамды АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығы өкілдері қабылдады. 12 наурыз 2021 жыл.

12 наурызда Қытай билігі туыстарын жазықсыз қудалап жатқанын айтып, араша сұрап барған бір топ адамды АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығы қабылдады. Екі сағатқа созылған кездесуге қатысып шыққан Байболат Күнболатұлы: "[АҚШ-тан] Шыңжаңда Қытай үкіметі жүргізіп жатқан геноцидті тоқтатуға, туған-туыстарымызды Қытай түрмесінен босатып, Қазақстанға жіберуге ықпал етуін сұрадық. Олар қолынан келгенше көмектесуге күш салатынын айтты" деді Азаттыққа.

Дәл сол күні Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев пен Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо кездесіп, Қытайда туыстары қалған қазақстандықтардың арыз-шағымдарын талқылаған. Бұл ақпаратты Қазақстан СІМ ресми сайтында 15 наурызда жариялады. Онда "Елші Чжан Сяо өтініш білдіргендердің туыстары Қытай азаматтары екенін және ел заңын бұзғандықтан жазасын өтеп жатқанын хабарлағаны" айтылған.

Батыс бақылаушылары кейінгі кезде Қазақстан билігінің "Шыңжаң мәселелерімен айналысатын белсенділерге қысым жасайтынын" айтып жүр. Қытай консулдығы жанында наразылық пикетіне қатысқан бірнеше адам қамауға алынды. Қытай билігінің сол елдегі қазақтарға қысым көрсеткеніне көптеген айғақ-дәлел жинаған "Атажұрт" бірлестігінің жетекшісі Серікжан Біләш Қазақстанда өзі де қудалауға түсемін деп қорқып, шетелге кетті. Шыңжаңдағы "лагерьлерде" тұтқын қыз-келіншекті қалай зорлайтынын айтқан екі әйел де Қазақстаннан АҚШ-қа қоныс аударды.

Әйткенмен Байболат Күнболатұлы Қытайда қапаста отырған інісін көруден күдер үзбейді. Күнде кешке ол інісінің суреті жапсырылған плакаттың сыртындағы санды жаңартады. Туысынан бір хабар ала алмай, еңсені езген тағы бір күн өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG