Accessibility links

Сот "Oyan, Qazaqstan" белсендісінің кеттлингке байланысты түсірген шағымын қанағаттандырмады


Арнайы жасақ белсенділерді кеттлингте ұстап тұр. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Арнайы жасақ белсенділерді кеттлингте ұстап тұр. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Алматы қаласындағы ауданаралық мамандандырылған тергеу соты оппозициялық "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының мүшесі Дархан Шариповтің прокуратура мен жемқорлыққа қарсы қызмет үстінен түсірген шағымын қанағаттандырмады. Бұл туралы оның адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.

Бұған дейін прокуратура мен жемқорлыққа қарсы қызмет парламент сайлауы күні арнайы жасақтың "Oyan, Qazaqstan" белсенділерін бірнеше сағат кеттлингте ұстауында "заң бұзушылық жоқ" деп шешкен. Осыдан соң Шарипов бастаған белсенділер бұл шешімге қарсы шағым түсірген.

— Антикорды Шағымды қарамай, қалалық полиция департаментіне жібергені үшін, ал прокуратураны [антикоррупция қызметінің шешімімен келіскені] үшін сотқа шағымдандық. Заң бұзған қызметкерлерді жауапқа тартып, шағым бойынша тергеу бастауды сұрадық. Себебі сотқа дейінгі тергеу басталмады, жай ғана тексеру жүргізе салды, - дейді қорғаушы.

Балғабаеваның сөзінше, Шарипов полицияның 10 қаңтарда кеттлинг ұйымдастырғанына шағымданып, антикоррупция қызметіне арыз жазған.

— Ойын еркін айту, бейбіт митинг өткізу, еркін жүріп-тұру құқығы бұзылды. Мұны азаптау деуге болады. Жастар алты сағат бойы адамды қорлайтын жағдайда қоршауда тұрды. Ас іше алмады, су іше алмады, дәретханаға бара алмады. Дархан сол күні тоңып, есінен танып қалды. Бірнеше күн тамағы ауырып жатты. Сот мұны ескермеді, - дейді адвокат.

Балғабаева үш күннің ішінде тергеу сотының қаулысына қатысты қалалық сотқа шағымданатынын айтты.

12 наурызда тергеу соты Айзат Әбілсейіттің де тура осындай шағымын қанағаттандырмаған. Ол соттан белсенділерді жеті сағаттай кеттлингте ұстаған полицейлерді жауапқа тартуды талап еткен еді.

Балғабаеваның сөзінше, Әбілсейіт 15 наурызда тергеу сотының үстінен қалалық сотқа шағымданған.

10 қаңтар, сайлау күні полицейлер "Демократиялық партия" құруды көздейтін бастамашыл топ лидері Жанболат Мамай мен оның жақтастарын, "Oyan, Qazaqstan" белсенділерін сегіз-тоғыз сағат қоршап, кеттлингте ұстаған. Екі топ “сайлау әділетсіз” деп наразылыққа шыққан еді.

Батыс құқық қорғаушылар Қазақстанның бейбіт демонстранттарды қоршауда ұстауын сынаған. Қазақстандық омбудсмен бұл әдісті "қауіпсіздік үшін қолданылды" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG