Accessibility links

Тихановская Беларусь халқын билікпен келісім жүргізуге дауыс беруге шақырды


Беларусь оппозициясы жетекшілерінің бірі Светлана Тихановская. Швейцария. 9 наурыз, 2021 жыл.
Беларусь оппозициясы жетекшілерінің бірі Светлана Тихановская. Швейцария. 9 наурыз, 2021 жыл.

Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская халықты "Голос" чат-платформасында билікпен келіссөз жүргізу жөнінде дауыс беруге шақырып, арнайы мәлімдеме жасады. Мәлімдемесінде ол өзін алғаш рет "белорус халқы сайлаған лидер" деп атады.

Айтуынша жалпыұлттық дауыс беру анонимді түрде өтеді.

"Елде дағдарыс болып жатқанын бәріміз білеміз. Оны тек бейбіт жолмен – халықаралық ұйымдардың араласуымен ғана шеше аламыз. 25 наурыз алдында Үйлестіру кеңесі, BYPOL, ынтымақтастық қоры және демократиялық өзге де күштер бірігіп, "Голос" палтформасында дауыс беруді бастаймыз. Сіз бен біздің міндетіміз – әрбір белорус дауыс беретіндей ету. Сонда ғана "Ерік-жігер күніне" қарай алғашқы нәтижесін көреміз" деді Тихановская.

25 наурыз – Беларусьте Ерік-жігер күні. Мереке 1918 жылдан бері бар. Бейресми түрде кейде "Тәуелсіздік күні" деп те аталады. Ресми тәуелсіздік күні – 3 шілде.

Оппозиция бұған дейін халықты осы 25 наурыз күні митингіге тағы шығуға шақырған.

Тихановская сөзінше, Лукашенко - "сайлауда жеңіліп қалса да, билікті ұстап отырған адам" және "ол миллиондаған белорустың бетіне түкіріп, елді күшпен басқармақ, қарсылық алдында күш қолданбақ".

"Осы мәлімдемені жасауға жеті ай бойы шетелдік саясаткерлермен, ұйымдармен жұмыс істедім және Беларусьтегі шынайы ахуалды баяндадым, қолдау таптым, қуатты әрі кәсіби команда жинадым. Бәрі бізді жақтады. Енді осы көмекті пайдаланатын кез келді. Сіздердің дауыстарыңыз ЕҚЫҰ мен БҰҰ-ның табанды шешім шығаруына, біздің соған қол жеткізуімізге жәрдемдеседі. Олар жүйені келіссөзге көндіруге, орын ұсынуға және делдал болуға дайын" деді ол.

Светлана Тихановская 2020 жылы тамызда президент сайлауына қатысқан. Тәуелсіз бақылаушылар мен оппозициялық топтар оның жеңіске жеткенін айтқан. Бірақ Орталық сайлау комиссиясы жеңіс елді 26 жылдан бері билеп келе жатқан Александр Лукашенко жағында екенін мәлімдеген. Бұдан соң Беларусьте халық наразылығы басталды. Жүз мыңдаған тұрғын қыс түскенше Минск көшелерінде бейбіт шеру ұйымдастырды. Полиция демонстранттарды күшпен басып-жаншыды. Қыста көшедегі қарсылық саябырлап қалғанымен толық тоқтаған жоқ.

"Еуропадағы соңғы диктатор" дейтін бейресми атағы бар Александр Лукашенко қызметін тапсырғысы келмейді. "Өлсем де биліктен кетпеймін" деді. Оны Батыс елдері президент деп мойындамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG