Accessibility links

ФСИН Навальныйдың денсаулығы туралы айтты


Алексей Навальный сот залында. 2 ақпан 2021 жыл.
Алексей Навальный сот залында. 2 ақпан 2021 жыл.

Алексей Навальный колонияда медициналық тексерістен өтті, оның денсаулығы орташа. Ресей қылмыстық жазаны орындау қызметінің (ФСИН) баспасөз хатшысы 25 наурызда "Интерфакс" агенттігіне осылай деп хабарлады.

Оппозициялық саясаткердің адвокаттары осы аптада оның денсаулығының күрт нашарлағанын хабарлаған. Олардың сөзіне қарағанда, өткен апта соңынан бастап оппозиционердің белі қатты ауыра бастаған, аяғы да сырқыраған.

Адвокаттары сәрсенбі күні өздерін Покров қаласындағы колонияға кіргізбегенін хабарлады. ФСИН хабарламасында сәрсенбі күні саясаткердің өз өтініші бойынша медициналық тексерістен өткені жазылған.

Саясаткердің әйелі Юлия Навальная 24 наурызда Ресейден Германияға тағы ұшып кеткен. Бұл туралы құпия дереккөзге сүйенген"Интерфакс" хабарлады. Өзге ақпарат айтылмайды.

Ақпан айында күйеуі түрмеге жіберілгелі бері Юлия Навальная Германияға осымен екінші рет барып отыр. Алғаш рет 10 ақпанда оның кеткені белгілі болған. Немістің Der Spiegel басылымы Навальнаяның Германияға жеке шаруасымен ұшып келгенін жазды. Юлия Навальная Ресейге 22 ақпанда ұшып келген.

Қазір Навальныйдың балалары шетелде тұрып жатыр.

2 ақпанда Мәскеудің Симонов соты Алексей Навальныйды 2013 жылғы қылмыстық іс бойынша алған шартты жазасын түрме жазасымен алмастырған. Сот үкімі бойынша, саясаткер шамамен 2,5 жыл қамауда болады. Ол Мәскеуден 110 шақырым жердегі Покров қаласындағы №2 колонияда қамауда отыр.

2020 жылдың тамызында Алексей Навальный Ресейде уланып, екі күннен соң Берлиндегі клиникаға ес-түссіз күйде жеткізілген. Еуропадағы бірқатар сарапшылар оппозиционердің ағзасынан қауіпті "Новичок" қалдықтарын тапқан. Ресей билігі саясаткердің уланғанын жоққа шығарады.

17 қаңтарда Навальный Ресейге орала салысымен әуежайда ұсталған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG