Accessibility links

Біртанов тағылған айыпты мойындамады. Сот экс-министрді 14 маусымға дейін үйқамақта қалдырды


Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

6 мамырда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімін 14 маусымға дейін ұзартты. Істі судья Әбу Айбек қарады. Сот процесі 5 мамырда басталған.

– Прокурор тергеу амалдарының 1 шілдеге дейін ұзартылғанын хабарлады. Осыған байланысты прокурор сұрағандай үйқамақ мерзімі 14 маусымға дейін дейін ұзартылды. Бірақ сот оны толықтай үйқамақта ұстауға негіз жоқ деп санайды. Ол жұмыс істеп жүр, ендеше ол жұмыс барысында бөгде адамдармен кездеседі. Сондықтан оны сот шешімін бұзды деп санауға келмейді, - деп түсіндірді судья Әбу Айбек.

Бір күн бұрын прокурор Төлеген Жарасбаев күдікті Біртановтың шектеулерге қарамастан хат жолдап, отбасы, адвокатынан басқа адамдармен араласып, "ереже бұзғанын" атап өткен. Айыптау тарабы оған медициналық мекемеден басқа жаққа баруға толық тыйым салуды, телефон арқылы келіссөз жүргізбеуді, хат жолдамауды, отбасы, адвокатынан басқа ешкіммен сөйлеспеуді міндеттеуін сұраған еді.

Прокурордың айтуынша, Біртанов былтыр қарашада Швецияның Қазақстандағы елшісі мен Ericsson Nikola Tesla компаниясына хат жолдап, осы компанияның денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық платформасына қатысты құжаттарды сұратқан. Сөйтіп, бұрынғы министр "тергеу құпиялығын шетелге жария еткен" деді прокурор.

Экс- министрге тағылған айып дәл осы Ericsson Nikola Tesla компаниясы жасады делінген платформамен байланысты. Прокурор платформа жұмыс істемейді, оған бөлінген қаражат қолды болды десе, қорғау тарабы платформаның жұмыс істеп тұрғанын, экс-министрдің оны қабылдау-пайдалану актісіне қол қоймағанын айтып келеді.

6 мамырдағы сот процесінде Біртановтың адвокаттары Нұрлан Бейсекеев пен Дмитрий Куряченко бұрынғы экс-министрдің үстінен негізсіз қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Сотқа Біртановтың туған ағасы, сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері де қатысып, тергеу орындарының "Біртановтың шетелде үйі бар, туыстарында шетел азаматтығына берілетін ыхтиярхат бар" деген уәжін теріске шығарды.

Елжан Біртанов өзін айыптауға негіз болған денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық платформаның жұмыс істеп тұрғанын, оны жуық арада тексергенін айтып, келісім-шарттың заң бойынша жасалғанын, өзінің бір тиын алмағанын атап өтті. Ол тергеу орындарын "істі объективті зертеудің орнына өзін мен әйелі, бала-шағасын үш машинамен аңдып жүр" деп кінәлады.

- Швеция елшісіне жазылған қандай хатты айтып отыр? Бәлкім, Швеция елшісінен осы мәселеге қатысты жауап алынған болар? Ол [елші- ред.] медальонын жоғалтып алса да мүмкін менен көретін шығар. Сандырақ қой, - деді экс-министр сотта.

Елжан Біртанов соттан "туыстарының шетел азаматтығы бары туралы жалған ақпарат" таратқан тергеуші мен прокурорға қатысты процессуалдық шешім қабылдауды сұрады. Бірақ судья мұндай жеке қаулы өтініш негізінде емес, соттың ішкі түйсігімен шешілетінін айтып, бас тартты.

Осыған дейін прокурор Төлеген Жарасбаев бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішев мемлекетке 1,5 млрд теңге көлемінде шығын келтірді деп мәлімдеген.

50 жастағы Елжан Біртанов "аса көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды" деген күдікпен 2020 жылдын 7 қарашасынан бері үйқамақта отыр. Оның үйқамақ мерзімі осымен 5 рет ұзартылды.

Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымның соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ол коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен. Оның орнына Алексей Цой қызметке келді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG