Accessibility links

Палестиналықтар Израильге 600 зымыран жіберді. Тель-Авив әуежайы жабылды


Сейсенбі күні кешке палестиналық радикалды топтар Израильге қарай 130-дан астам зымыран жіберді. БАҚ адам шығыны барын хабарлады, алайда олардың саны белгісіз.

Зымырандардың бірі Тель-Авивтен маңындағы елді мекендерге қатынайтын жолаушылар автобусының біріне түскен.

Зымыран шабуылына байланысты Бен Гурион атындағы әуежай жұмысы тоқтаған. Ғимараттан адамдарды эвакуациялаған. Ал Тель-Авивке баруы тиіс рейстерді Кипрге жіберіп жатыр.

Өткен тәулікте Газа секторынан Израильге қарай жүздеген зымыран ұшырылған. БАҚ 600 зымыран ұшырылғанын жазды. Олардың басым бөлігін Израильдің зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі атып түсірген. Бірнеше зымыран нысанаға дөп тиген.

Сейсенбіге қараған түні Израиль ақпарат құралдары Ашкелон қаласының екі тұрғынының қаза болғанын хабарлады. Ондаған адам жараланған.

Зымыран шабуылын ХАМАС пен "Ислам джихад" радикалды топтары мойнына алды.

Израильдің қорғаныс армиясы Палестинаның жүз шақты әскери нысанын атқылады. Олардың бір бөлігі тұрғын үйлермен қатар орналасқан. Сейсенбі күні кешке палестиналық БАҚ бірнеше тұрғын үйдің қирағанын, ондаған адамның зардап шеккенін хабарлады. Израиль тарабы тек радикалды топтар шоғырланған нысандарды атқылағанын мәлімдеді.

Бірнеше араб отбасы Шығыс Иерусалимнен көшірілуі мүмкін деген ақпарат тарағаннан кейін аймақта соңғы бірнеше күнде жағдай ушыққан. Израиль сотының шешімі палестиналықтарды наразы етті. 7 мамырда кешке олар полицейлерге тас атып, бөтелке, арматура лақтырған.

Қақтығысты реттеу үшін полиция Храм тауына баратын жолдарды бекітті. Палестина ақпарат құралдарының хабарлауынша, израильдіктер резеңке оқ атып, құлақ тұндыратын граната қолданған. Полиция Әл-Ақса мешітіне штурммен басып кіріп, жұртты күшпен таратқан.

Палестиналықтарды көшіру туралы сот шешімін қарау кейінге қалған, бірақ қақтығыс жалғасып жатыр.

БҰҰ, Еуроодақ пен АҚШ тараптарды сабырға шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG