Украина президенті Владимир Зеленский ресейшіл магнат Виктор Медведчук үстінен қозғалған қылмыстық іс жылдар бойы елдің саяси-экономикалық кеңістігінде басымдыққа ие болып келген магнаттар тобының ықпалын шектеудің "басы ғана" деп мәлімдеді.
Вашингтонда шоғырланған "Атлантик кеңесі" талдау орталығының вебсайтында 18 мамырда жарияланған мәлімдемеде Владимир Зеленский бұл "сайланбаған элита өздерінің билігі мен байлығын уыстан шығарып алмас үшін жүйені әбден азып-тоздырды" деп айтқан. Ол Украинаның олигархтармен күресте бірқатар нәтижелерге қол жеткізгенін айтып, ақпан айында президент әкімшілігінің Медведчукке салған санкциясын меңзеді. Виктор Медведчуктің телевидение, мұнай және өзге салаларда активтері бар.
"Бұл күрестің басы ғана. Елдегі барлық олигархтар азайып, ірі кәсіпкер деңгейіне түскенге дейін осы сияқты шаралар жалғаса береді" деген Зеленский мәлімдемеде.
Оның пікірінше, "Медведчук ісі" медиа активтері мен саяси ықпалдан арылған кезде осы сияқты адамдардың "азусыз" қалатындығын көрсетеді. "Мемлекетке опасыздық жасады" деп айыпталып отырған Медведчук ісі бойынша сот шілде айында басталады. Медведчуктің өзі істің саясиланғанын айтады.
ПІКІРЛЕР