Accessibility links

Шыңжаңнан келгендер Қытайдан әкелген техникасын тіркете алмай жүр


Көшпен бірге келген көліктерді тіркеу неге қиын?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:26 0:00

Қытайдан келген қазақтардың көшкенде ала келген техникасын тіркеу неге қиын?

Шыңжаңнан Алматы облысына қоныс аударған қазақтар Қытайдан өзімен бірге әкелген мотоцикл мен тракторды ресми түрде тіркеуге қойып, мемлекеттік нөмір ала алмай жүр. Ал тиісті орган "қажетті құжаттарды алып келсе тіркейміз" дейді.

Алматы облысы Көксу ауданы Балпық би ауылына барған сәтімізде етікшінің шеберханасында жиналып отырған 20-ға жуық азаматтың үстінен түстік. Олар Қазақстанға Қытайдан қоныс аударғанда әкелген техника жайлы әңгімелесіп отыр екен. "Қазіргі заманның аты – осы мото. Ал трактор – нанымыз. Онсыз күніміз қараң, бірақ құжатын реттей алмай жүрміз" дейді олар.

Бірі ауылдың сыртындағы егістікке жете алмай отырғанын айтса, екіншісі "қыстақтағы малым қараусыз қалды" дейді. Үшіншісі "осы трактормен әркімнің жерін жыртып, бала-шағамды асырап отыр едім" деп күрсінеді.

"Басында өздері Қытайдан әкелген мото мен тракторға мемлекеттік нөмірдің керегі жоқ деді ғой. Сосын құжаттарды да лақтырып жібердік" дейді тағы бірі.

"СОТҚА ТАРТЫЛАСЫҢ ДЕП ЕСКЕРТТІ"

Балпық би ауылында тұратын Бекәлі Бөкен жол полицейлерді көрсе қашып кететінін айтады. Қытайда шығарылған "Suzuki" маркалы ескі мотоциклімен егістікке қатынап жұмыс істейтін ол "менде полициядан қашудан басқа амал жоқ" дейді.

Қытайдан Қазақстанға көшіп келген Бекәлі Бөкен. Сурет Бекәлі Бөкеннің өзінен алынды.
Қытайдан Қазақстанға көшіп келген Бекәлі Бөкен. Сурет Бекәлі Бөкеннің өзінен алынды.

– Ауылдан төрт шақырым жерден 12 гектар жерді жалға алған едім. Қазір сонда тұқым сеуіп жүрмін. Қолымда мотодан басқа көлік жоқ. Кешке даладан қайтып келе жатқанымда полицейлер тоқтатты. "Мотоның құжаты, өзіңде жүргізуші куәлік жоқ. 68 мың теңге айыппұл саламыз"деді. Сосын мен "Он-он бес мың теңге салыңдар. Мен 68 мың теңгені бір ай жүріп әрең табамын. Сондықтан ондай ақшаны төлей алмаймын" деп ашық айттым. Олар сөйлесе келе маған 29 мың теңге айыппұл жазып берді. Енді түссең сотқа тартыласың деп ескертті, – дейді Бекәлі.

Жол полициясын көрсе ауыл арасындағы ескі жолдармен қашатын тек Бекәлі ғана емес. "Жалғыз аяқ артарым осы мото ғана" деген Тұрсынбай Сәрсенбай да полиция көзіне түспеуге тырысады. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылына 2019 жылы Шыңжаңнан көшіп келген ол қазір өзі тұрып жатқан ауылда әлдекімнің егістігінде жалданып, дән сеуіп жүр. Шелек ауылынына он шақырым қашықтықта жатқан егістік даласына бару үшін еріксіз мотоны пайдаланатынын айтады.

Тұрсынбай Сәрсенбай Қытайдан Қазақстанға қоныс аударғанда өзімен бірге әкелген техникасын тіркете алмай жүргенін айтады. Шелек ауылы, Алматы облысы. 16 мамыр 2021 жыл.
Тұрсынбай Сәрсенбай Қытайдан Қазақстанға қоныс аударғанда өзімен бірге әкелген техникасын тіркете алмай жүргенін айтады. Шелек ауылы, Алматы облысы. 16 мамыр 2021 жыл.

Тұрсынбай Сәрсенбай кеденнен өткенде 60 мың теңге баж салығын да төлегенін айтады, бірақ растаманы жоғалтып алған. Қазір қолында Қытайдан алған мотожүргізуші куәлігі, көліктің техникалық құжаты, Қытайда тіркелген мемлекеттік нөмірі бар. Бірақ Қазақстанда көлігін қайта рәсімдемеген. Ешкімнің мемлекеттік тіркеуді талап етпегенін, екі жылдан бері емін-еркін жүргенін айтады. Қазір мотосын тіркейін десе қолындағы құжаты жеткіліксіз.

– Тіркеуді енді талап етіп жатыр. Өткенде [полиция] бізді қуды, қаштық. Ақыры олар ұстады. Ары-бері сөйлесіп, 7200 теңге айыппұл жазып беріп, соны төледік. Сол жерде мотоларымызды машинаға тиеп, айыппұл тұрағына апарды. Жеті адамның мотосын апарған екен. Апарған көліктің ақысы үшін әрқайсымыздан мың теңгеден алды. Кейін айыппұл тұрағынан тағы мың теңгеден төлеп шығарып алдық. Қазір де қашып-пысып жүрміз, - дейді Тұрсынбай Сәрсенбай.

"МЕМЛЕКЕТТІК ТІРКЕУДІ ЕШКІМ ТАЛАП ЕТПЕДІ"

Алматы облысы Жамбыл ауданында тұратын Баһаргүл Табыс та Қытайдан келген қазақтар мото мен ауыл шаруашылығына арналған шағын тракторды кеденнен өткен кезде рәсімдегенін, бірақ мұнда келгеннен кейін мемлекеттік тіркеуді ешкімнің талап етпегенін айтады. Сөзінше, зауыттан шыққанына 20 жылға жуықтаған ескі тракторда ешқандай құжаты жоқ.

– Трактор біздің қолбаламыз, көмекшіміз секілді ғой. Қытайдан келгендердің көпшілігі жұмыссыз. Осы трактормен нан-суын айырып отыр. Біреудің жерін жыртады, тағы біреудің жемін тартады. Енді біреудің шөбін жеткізіп, қоқысын шығарады. Әйтеуір күн жылынғаннан қар түскенге дейін тыным таппайды. Бірақ үлкен жолға шығып, қатты жүрмейді. Ауылдың ішінде ғана. Сонда да осы трактордың жүруіне тыйым салынып жатыр, – дейді ол.

Шағымданушылардың сөзінше, қолданыстағы трактор мен мотоциклдердің көбінде мүлде құжат жоқ. Қытайдан келгенде барлығының құжаты болғанын, бірақ Қазақстан билігі талап етпегендіктен ол қағаздарды "тастай салғандарын" айтады.

"Біз көп нәрсе сұрамаймыз. Билік бір амалын тауып қолымыздағы көлік құралдарын құжаттандырып, нөмір берсе" дейді олар.

Балпық би ауылында тұратын Төлепхан Шораұлы Қытайдан әкелген техникаларын құжаттандырып беруді сұрап облыстық халыққа қызмет көрсету орталығына барғанын айтады.

Орталықтағылар одан техниканың Қытайдағы өндірген зауытпен жасалған сату-сатып алу шарты және сатып алғаныңды растайтын анықтама, шекарадан өткендегі берілген анықтама және оны қандай транспортпен алып өткенің жөніндегі анықтаманы әкелуді сұраған.

Мұндай құжаттарды алып келудің мүмкін еместігін айтқан олар "көлік құралының шанақ нөмірі арқылы тіркеп, заңдастырып берсе" дейді.

ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ НЕ ДЕЙДІ?

Азаттық бұл мәселеге байланысты Алматы облыстық полиция департаментіне қайырылған. Ондағылар сұрақтарымыздың біразын жауапсыз қалдырып, кейбіріне қысқа ғана жауап берді.

Департамент "Жол жүрісі туралы" заңның 64-бабына сай, тракторлар және жылдамдығы 50 км/сағ құрайтын мотоцикл, квадроциклдер, мопедтер мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс" деп отыр.

Қытайда жасалған мотоцикл.
Қытайда жасалған мотоцикл.

Полиция мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ көліктерді жүргізгендерге Әкімшілік кодекстің 590-бабы 2-тармағына ("Көлік қағидаларын бұзу") сай, 10 АЕК (29170 теңге) айыппұл салынады деді.

Департамент мотоциклдер мен тракторларды тіркеу үшін жеке куәлік, баж салықтары мен алымдарды төлегенін растайтын анықтамалар, техникалық құжаттары керек деп мәлімдеді. Ал Қытайдың мотоцикл пен трактор әкелгендердің көбінде бұл құжаттар жоқ.

Департамент "Қытайдан әкелінген мотоциклдер мен тракторды неге дәл қазір тіркеу талап етіліп жатыр?" деген сұраққа жауап бермеді.

"КЕДЕННЕН ЗАҢҒА САЙ РӘСІМДЕП ӨТКІЗГЕН"

Заңгер Бәдигүл Оспанбаева көшпен бірге келген техникалардың барлығы кеденде рәсімделгенін, деректері базада сақталғанын айтады.

– 1992 жылдан бері кеденнен жүкпен бірге өткен техникалардың барлығы заңды рәсімделген. Егер тексеретін болса кеден қызметінде барлығының тізімі, деректері бар. Бұл жерде қандастардың ешқандай кінәсі жоқ. Сондықтан жергілікті басқару органы өкілдерінің анықтамасы арқылы мотоциклдің шанақ нөмірін алып, иесінің атына тіркеуге болады, – дейді ол.

Заңгер әдетте Қазақстанға шетелден ескі автокөлік әкелгендер машинаны шетелдегі тіркеуден шығарады да, елде кедендік салық төлеп тіркей беретінін айтады.

"Мотоциклдерді де осы ретпен рәсімдеуге болар еді" дейді Оспанбаева.

Алматы облыстық полиция департаменті облыс аумағында тіркелмеген мотоциклдер бойынша арнайы статистика жүргізілмеген айтады.

Қазақстан ішкі істер министрлігі шетелден әкелінген көлік техникаларына жиі шүйлігеді. 2020 жылдың басында министрлік "Қазақстан аумағына кірген Армения, Қырғызстан, Ресей нөмірі бар көліктерді заңға сай тіркеу керегін" мәлімдеген. Министрлік шетелден көлік алғандарға барлық төлемді, утилизация алымын және баж салығын өтеп, автомашиналарын тіркеуді ұсынады. Үкімет шетелдік көлігін тіркегісі келмегендерге автомашинасын Қазақстаннан отыз күнге шығарып, кейін елге қайта кіргізуді немесе шетелден алған көлікті шетке қайта апарып сатуды ұсынады. ІІМ тіркелмеген шетелдік нөмірі бар көліктер заң бұзған жағдайда жазадан құтылып кетеді деген.

Осыдан соң Қазақстан қалаларында автожүргізушілер жиналып, көлікті тіркеудің шығыны тым көп екенін айтып, үкіметтен автомашиналарын жеңілдікпен әрі арзан жолмен тіркеуге мүмкіндік беруді сұраған. Бірақ билік наразылыққа қарамастан шетелден әкелінген көліктерді тіркеуді өзгерткен жоқ.

Жұрт біразы шетелдік көліктерін тіркеуге құлықты болмаған соң үкімет тіркеу процесін бірнеше рет мәжбүр болды. Биыл наурызда ІІМ шетелдік көліктерді тіркеуді 2022 жылдың 1 наурызына дейін ұзартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG