Беларусь билігі ел азаматтарының көбіне шетелге шығуға уақытша тыйым салды. Ресми Минск мұның себебін коронавирус пандемиясымен түсіндіреді. Ал оппозиция мұны авторитар Александр Лукашенконың азаматтардың бостандығын шектеуге жасаған кезекті қадамы деп сынады.
Беларусьтің шекара комитеті елден ресми сапармен мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік көлік жүргізушілері және басқа елде тұруға рұқсаты бар беларусьтер ғана шыға алатынын мәлімдеді.
Комитет ел азаматтары мен шетелдіктер Беларуське келетін болса, ұшпай тұрып он күн карантинде болуы шарт деген талап қойып отыр.
Беларусь билігі бұл шешімді Ryanair ұшағына байланысты дау ушыққан тұста қабылдады.
23 мамырда Беларусь билігі Грекиядан Литваға ұшып бара жатқан Ryanair ұшағын мәжбүрлі түрде Минскіге қондырған. Минск "ұшақта бомба бар" деген, бірақ борттан жарылғыш зат табылмаған.
Есесіне Беларусь ұшақта болған оппозициялық блогер Роман Протасевич пен оның жүретін қызын ұстап, қамауға алған.
Роман Протасевич – былтыр тамыздағы даулы президент сайлауынан кейінгі наразылық акцияларынан хабар таратқан NEXTA Live Telegram арнасының негізін қалаушылардың бірі.
Былтыр қарашада Беларусь билігі "жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, қоғамдық тәртіпті бұзды және әлеуметтік алауыздық туғызды" деген күдікпен Роман Протасевич пен оның әріптесі Степан Путилаға қарсы тергеу бастаған еді.
Беларусь оппозициясының лидері Светлана Тихановскаяның сыртқы істер бойынша кеңесшісі Валерий Кавалеевский азаматтардың шетелге шығуын шектеуді сынады.
"Конституцияда мұндай шарт жоқ. Бұл – заң бұзу" деп жазды ол Twitter парақшасында.
Беларусь режимі Ryanair ұшағын Минскіге қондырып, Протасевичті ұстаған соң АҚШ пен Еуропа одағы бұл елге санкцияны күшейткен.
1994 жылдан бері билікте отырған Лукашенко 2020 жылы президент сайлауында жеңіске жетті деп хабарланған соң елде жаппай наразылық басталды. Содан бері билік 30 мыңнан астам адамды ұстап, жүздеген адамды ұрып-соқты, журналистерді қудалай бастады.
Құқық қорғаушылар Беларусь билігі ұсталғандарды қамауда азаптады деп санайды.
ПІКІРЛЕР