10 маусымда жарық көрген жаңа есебінде Лондонда орналасқан құқық қорғау ұйымы Қытай басшылығының 2017 жылдан бері жүргізіп жатқан ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек, дүнген, тәжік халықтарын "діни дәстүрінен, мәдениеті мен ана тілінен айырып", "біртұтас, зайырлы қытай ұлтын қалыптастырып, Коммунистік партия идеалдарын күштеп таңу мақсатындағы" "шектен шыққан шараларын" сынға алады.
Amnesty International ұйымының бас директоры Агнес Калламард Шыңжаңды "аса ауқымды көлемдегі нағыз тозақтың өзіне айналдыру үшін" Қытай өкіметі "террормен күрес" деген желеумен мұсылман азшылықтың жүздеген мың өкілін "жаппай қамап, азаптап", миллиондаған адамды "жүйелі түрде аңдиды" деп мәлімдеді.
Халықаралық қауымдастық Шыңжаңдағы саясаты үшін Пекинге қысымды күшейтті, АҚШ Қытай билігінің аймақтағы мұсылмандарға көрсеткен қысастығын сипаттауда "геноцид" терминін қолданып келеді.
БҰҰ-ның есебі бойынша, аймақта кемінде 1 миллион мұсылман "экстремизммен күрес орталықтарына" қамалған. Ал Пекин бұл орындарды адамдарды экстремистік идеялардан арылтып, қоғамға интеграциялайтын "білім беру орталығы" деп атайды.
Бұған қоса, құқық қорғау ұйымдары Қытайды Шыңжаңдағы жүздеген мың адамды күштеп қара жұмысқа жекті деп айыптайды, Пекин мұны да жоққа шығарады.
"ТҮРМЕ ТӘРІЗДІ ОРЫНДАРҒА ЖАППАЙ ҚАМАУ"
"Біз соғыстағы дұшпан сияқтымыз": Шыңжаңдағы мұсылмандарды жаппай қамау, азаптау және қудалау" деп аталған есепте Amnesty International "қайта үйрену лагерьлеріне", іс жүзінде "абақтыға" қамалған 50-ден астам адамның естелігін келтіреді.
Amnesty International-дың тұжырымы бойынша, қамауда болғандардың бәрі "діни тақырыптағы суреті немесе шетелдегі адаммен сөйлкені" үшін, яғни заңға қайшы емес әрекетіне бола ұсталған.
Олардың көбі полиция бөлімшесінде "жолбарыс орындықта" отырып тергеледі. "Жолбарыс орындық" – қол мен аяқты қозғалтпай, денені ауыртып ұстап тұратын темір орындық.
"Полиция бөлімшесінде ұрып-соғу, ұйқыдан айыру және көп адамды тоғыту – өте жиі кездесетін көрініс, тұтқындар тергеу және "түрмеге ұқсас" лагерьлерге жеткізу кезінде басына қап кигізіліп, аяғын кісенделгенін айтқан.
Ал лагерьде олардың өмірі "шектен тыс реттелген", қарапайым тұрмыстағы әрбір әрекеті "белгіленген" ал қимыл-қозғалысы үнемі бақыланып, оған баға қойылып отырған".
Қамаудағылардың "жеке өмірі және еркіндігі мүлде болмаған", түрме қарауылдары мен басқа да лауазымды адамдарға мандарин (қытай) тілінен өзге тілде жауап бергендері қатаң жазаланып отырған.
Әдетте оларды "Исламнан жерініп, өз тілінен, мәдениетінен бас тартуға және мандарин тілі мен Қытай Коммунистік партиясының пропагандасын үйренуге үгіттеген".
Тұтқындар "іс жүзінде күннің көзін көріп, таза ауада жаттығу жасау үшін далаға мүлде шықпайды".
ЖҮЙЕЛІ АЗАПТАУ ЖӘНЕ БАСҚА ЗҰЛЫМДЫҚТАР
Amnesty International ұйымы сұхбаттасқан бұрынғы тұтқындардың барлығы лагерьде азапталғанын және қатыгездіктің өзге де түрлерін бастан кешкенін айтқан. Соның ішінде олар "күнделікті дегуманизацияның жиынтық психологиялық әсерін, ұрып-соғу, электрошокермен тоқ соққызу, жалғыз өзін қамау, ас-су бермеу, ұйықтатпау, қатты суыққа тоңғызу және шектеудің қатаң түрлерін қолдану" сияқты әдістерді пайдаланған.
Лагерьден босаған соң бұрынғы тұтқындар кемінде бірнеше ай бойы "үнемі дерлік электрондық құралдың және адамның бақылауында болған" әрі олардың жүріп-тұру еркіндігі "қатты шектелген".
ДІН МЕН МӘДЕНИЕТКЕ ҚЫСЫМ
Шыңжаңда мұсылмандар өз дінін ұстана алмайды, мұнда негізгі діни және мәдени салт-дәстүрлер "экстремистік" болып танылған деп жазады Amnesty International.
Соның кесірінен жұрттың көбі дұға оқуды қойған, Исламды ұстанатынын айшықтайтын белгілерді көрсетуді қойған, ал бүкіл Шыңжаңдағы мешіттер мен мәдени нысандар құлатылған немесе қызмет түрін өзгерткен.
Қытай Шыңжаңдағы адам құқықтарын бұзу фактілерін жасырып-жабуға бар күшін салды, билік "шындықты ашық айтқан кез келген адамды" қорқытып-үркітеді, қамайды және қорлайды деп жазады Amnesty International.
Жүздеген мың тұтқынның тағдыры беймәлім. Олардың көбі қамау лагерьлерінде жатса, біразы ұзақ жыл түрме жазасына кесілген немесе "мәжбүрлеп еңбекке жегу орындарына ауыстырылған" болуы мүмкін деп жазады Amnesty International.
ПІКІРЛЕР