Accessibility links

ДДСҰ басшысы: Covid-19 вирус зертханадан тараған болуы ықтимал


G7 саммиті өтіп жатқан Корнуолл графтығындағы наразылық акциясы. Ұлыбритания, 12 маусым 2021 жыл.
G7 саммиті өтіп жатқан Корнуолл графтығындағы наразылық акциясы. Ұлыбритания, 12 маусым 2021 жыл.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус G7 саммиті аясында коронавирус инфекциясы зертханадан тарады деген нұсқаны жоққа шығаруға болмайды деп, Қытайды ашықтық танытпай отыр деп айыптады.

Пандемия басталғалы әлемде 175 миллион адамның осы вирусты жұқтырғаны расталды. Оның 3,7 миллионы көз жұмды. Гебрейесус вирустың қайдан тарағанын анықтау осы адамдарға құрмет көрсетумен тең дейді. Ол сондай-ақ мұны білу осыған ұқсас індеттің алдын алу үшін де маңызды екенін атап өтті.

"Әрбір болжам ашық болуы тиіс" деді Гебрейесус вирус зертханадан шыққан болуы мүмкін деген болжам туралы сұраққа жауап бере отырып.

ДДСҰ басшысы зерттеудің басында Қытай қажетті деңгейде "ашықтық пен әріптестік" танытпады деді.

Мұның алдында АҚШ президенті Джо Байден америкалық барлау қызметтеріне Covid-19 вирусының шығу тегін анықтауды тапсырып, 90 күн ішінде нәтижесін айтуды бұйырды.

New York Times басылымы АҚШ әкімшілігіндегі лауазымды қызметкерлерге сілтей отырып, америкалық барлау қызметінде коронавирус пандемиясына байланысты әлі зерттелмеген мәліметтердің барын, бұл туралы Ақ үйге хабарланғанын жазды. Барлау қызметі вирустың қалай тарағанын білу үшін қуатты компьютерлерді пайдаланбақ.

Мамырда Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі бұл тергеуді сынға алып, оны "Қытайды айыптау үшін жасап отыр" деді.

Осыған дейін ДДСҰ сарапшыларынан тұратын топ Ухань қаласынағы вирусология институтына барған. Бұл сапардың нәтижесінде вирустың институт зертханасынан тарауы "екіталай" деген қорытынды шығарылды. Алайда Ұлыбритания мен АҚШ бұл мәлімдемеге күдікпен қарап, Қытайды сарапшыларға қажет мәліметті бермеді деп айыптады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG