17 маусым күні Түркістан қаласы Бекзат шағын ауданының елуден астам тұрғыны қала әкімдігі маңындағы Әмір Темір және Байбұрт көшелерін жауып, жер дауы мен инфрақұрылым мәселесін шешуді талап етті.
Азаттыққа жіберген тұрғындар түсірген видеодан көшені шамамен 50 шақты тұрғынның жапқаны көрінеді. Наразылар арасында әйелдер де бар. "Әкім шықсын!" "Жер актісі берілсін, шаршадық!" деп айқайлаған тұрғындар әкімдікке бірнеше рет келгенін айтады. Олар жолды ашуды сұрап, сабырға шақырған полициядан әкімді шақыруды талап етті.
- Бекзат ықшам ауданында 2 мың үй бар. 3 жыл болды бөлінген жер телімінің актісін бермей отыр. Бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмады. Шаршап кеттік. Қолымызда шешім болған соң, көбі үй салып қойған. Жарық, су, газ жоқ. Жердің актісі болмаған соң өз үйімізге өзіміз тіркеуге тұра алмай отырмыз. Ашынған соң жолды жаптық, - дейді наразылардың бірі Жұмакүл Тамабаева.
Шамамен жарты сағаттан соң қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков бастаған топ наразы тұрғындардың алдына келіп, әкімдік ғимаратына барып сөйлесуді ұсынған. Тұрғындар келісіп, әкімдікке кірген.
Әзірге кездесудің немен аяқталғаны белгісіз.
Қала әкімінің баспасөз қызметі мен Түркістан облысының полиция департаменті Азаттыққа тұрғындардың таңертең наразылық білдіріп, көше жапқанын растады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, 2005-2006 жылдары Яссы ауылдық округі әкімдігінің шешімімен жеке тұрғын үй салу үшін 243 адамға жер телімі берілген. Дегенмен қалалық жер қатынастары бөлімі осы 243 жер телімінің 181-і заңсыз берілгенін анықтап, шешімнің күшін жойған. Қазір Яссы ауылдық округі Бекзат шағын ауданы деп өзгертілген. Заңсыз берілген жер теліміне жарық, газ, ауыз су құбыры тартылмаған. Тұрғындар наразылығы содан туған. Мәселенің анық-қанығын біліп, істі сотқа жіберу үшін арнайы комиссия құрылған.
Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың айтуынша, тұрғындар көшені жауып, митинг өткізуге рұқсат алмаған. Наразылық кезінде қоғамдық тәртіп бұзылмаған, алдағы уақытта жиналғандардың іс-әрекетіне заңдық тұрғыда толық баға беріледі деді.
ПІКІРЛЕР