ҚОЗЫ БІР ЖЫЛДА ЕКІ ЕСЕ ҚЫМБАТТАҒАН
Алматы облысы Іле ауданына қарасты Жетіген ауылындағы жексенбілік мал базары әдеттегідей ығы-жығы. Бірақ көбіне ұсақ қозы, тоқтының саудасы ғана жүріп жатыр, ірі малды алып жатқандар сирек. Мұның себебін кейін білдік.
Қапшағай қаласынан келген алпыс жас шамасындағы ақсақал "Газель" автокөлігіне тиелген ұсақ малын сатып тұр.
– Мына қозының бағасы – 55 мың теңге, – дейді ол биыл көктемде туған жас төлді көрсетіп.
– Қанша келі ет береді?
– Білмеймін, 22-25 келі болып қалар.
"55 мыңды 22 келіге бөлсек, 2500 теңгеден шығады, мұның союы бар, басқасы бар" деп ойша есептеп тұрғанымызда сатушы:
– Базарда 22 келі етті 60 мың теңгеге аласың. Ал мына қозының бас-сирағы мен ішек-қарны – "бонус", – деді қария күліп.
Былтыр дәл осы базарда мұндай жас төл 22-25 мың теңге айналасында болатын. Демек бір жыл ішінде тірі мал екі есеге жетеқабыл өскен. Бағаның шарықтап бара жатқанын сатушылар да мойындайды. Алушы аз болса да олар бағаны төмендетуге асықпайды.
Базарда тұрғанына бірнеше сағат болған қапшағайлық қария әлі бірде-бір мал сатпапты. "Баға тым жоғары ғой, түсірмейсіз бе?" деп едік, көп арзандатса, өзін өзі ақтамайтынын айтты.
Базарда биыл туған қозының ғана саудасы қызып тұр. Туғанына бір ай ғана болған қозы құны 20 мың, ал қаңтар-наурыз айында туған бағландардың бағасы 55 мыңға дейін барады.
– Өткен аптада келгенімде 45 мыңнан еді. Қымбатсынып алмай кетсем, осы аптада 10 мың теңге қосылыпты, – дейді мал қарап жүрген жас жігіт.
"Қазір қымбаттамаған нәрсе бар ма?" деді сөзге араласқан Шеризат есімді тағы бір мал сатушы. Апта сайын базарға шығатын ол кей күндері малын өткізе алмай, ақшасыз қайтады екен.
ЖАЙЫЛЫМ ТАРЫЛЫП, ҚУАҢШЫЛЫҚ ҚЫСТЫ...
Жылдың бұл мезгілінде ірі мал толық семіріп үлгермейді, сондықтан оның құны жоқ. Сүт емген бағлан қозының бағалы болуының бір себебі сол болса керек.
Дегенмен, қойдың қымбаттауына әсер еткен басқа себептер бар. Шеризаттың айтуынша, қазір қой өсіру аса тиімді емес, сондықтан шаруалар қой-ешкіден гөрі ірі мал өсіргенді қолай көреді.
Ауылды жерде жайылым тарылған, малды сыртта ұстау мүмкіндігі азайып кеткен дейді Шеризат.
– Ірі қара малды бір уақыт болса да өріске еркін жібересің. Ал қойдың артынан күндіз-түні еріп жүруге тура келеді. Қазір мал бағатын қойшы да табылмайды, – дейді ол.
Шеризаттың пайымдауынша, Қазақстанда қой азайып барады. Соңғы үш-төрт жылдан бері Түркістан облысы арқылы Өзбекстанға мал тасу үрдіске айналған.
– Ұсақ мал ұстау расымен қиындап кетті. Еріксіз азайттық, – дейді Алматы облысы Талғар ауданы Қаратоған ауылының тұрғыны Оңалбек.
Оның бұған дейін 300-ге жуық қой-ешкісі болған. Машақаты көп, табысы мардымсыз болған соң, малының көбін сиырға айырбастапты.
– Қой азайғаннан кейін ет қымбаттап кетті, – деп жорамалдайды Оңалбек.
Биыл өңірде жауын аз түсіп, қуаңшылық қысып тұр. Бұл жем-шөп бағасын аспандатып жіберді, мал ұстаудың шығыны да еселеп артқан. Шеризаттың айтуынша, 100 қойдың шөбіне бір айға 300 мың теңге кетеді. Бұл – шаруа адамы үшін үлкен шығын.
– Биыл жоңышқаның әр түгі (төрт бұрыштап буылған шөп – ред.) 1000 -1200 теңгеден. 100 қойға күніне 10 түктен есептесең, он күнде 100 мың теңге шөпке кетеді, – деп салқынқандылықпен есептеген Шеризат күзде шаруа адамы үшін ең қиын кезең болады деп болжайды.
Оның айтуынша, күн суығанда шөп тіпті қат болып, одан сайын қымбаттап кетеді, оны ала алмаған шаруа малын өз бағасынан арзанға сатып құтылуға тырысады, бұл мал соңында бейнетін көріп жүрген көп шаруаны тақырға отырғызады деп болжайды ол.
"САТУҒА ЕТ ЖОҚ"
Ел аузында "Көк базар" аталып кеткен Алматы орталық базарында қой етінің бір келісі 2700-3000 теңге, жылқы еті 3600 теңге, ал сиыр еті 2200 теңге. Былтыр осы уақытта қой мен сиыр етінің бағасы арасында мұндай көп айырма болмаған, 2020 жылғы шілдеде қой етінің келісі 2100 теңгенің айналасында еді.
Жиырма жылдан бері осы базарда ет сатып келе жатырмын деген Жұмакүл есімді сатушының айтуынша, қой еті былтыр коронавирус пандемиясы басталғалы бері қымбаттай бастаған. Бұған басты себеп – қой аз сойылады, сондықтан базарда оның еті де аз сатылады.
Жұмакүлдің айтуынша, базарда қой еті болмай қалатын күндер де бар. Азаттық тілшісі барған күні де қой етін сатуға арналған сөрелердің басым бөлігі бос тұрды. Сатушылар мұны еттің аз келуімен түсіндірді.
Алматының өзге ауданында, ауылшаруашылық өнімдерін сататын "Түрксіб" базарында да сол көрініс. Мұнда қой еті 2500 - 2700, сиыр еті 2300, жылқы еті 3400 теңгеден сатылып жатыр.
"Қой еті неге қымбат?" деген сұраққа сатушылар "Үш жылдан бері малдың көбі Өзбекстанға кетіп жатыр" деп түсіндірді.
Ет зауыттарының толық жұмыс істемей тұрғанын Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі де мойындайды. Былтыр тірі мал экспортына тыйым салынған кезде де ет өңдеу кәсіпорындарының жағдайы оңала қоймаған. Министрліктің дерегі бойынша, былтыр ет өңдеушілердің жүктемесі 10 пайызға артқанымен, шикізат көлемі "әлі төмен теңгейде қалып отыр". Ет комбинаттары қазір 55 пайызға ғана шикізатпен қамтамасыз етілген.
Есесіне, былтыр осы шараның арқасында ет бағасы тұрақтанды дейді министрлік. Ресми дерек бойынша, былтыр бір келі сиыр етінің бағасы 2500 теңгеден 1900 теңгеге дейін түскен. Бірақ биыл баға қайта өршіп кетті.
ҚОЙ ӨЗБЕКСТАНҒА КЕТІП ЖАТЫР МА?
Саудагерлердің "қой Өзбекстанға кетіп жатыр" деп дабыл қағуы негізсіз емес, мұндай мәселенің бар екені бұрыннан айтылып жүр.
2019 жылы 10 қазанда сенатор, "Ауыл" партиясының төрағасы Әли Бектаев бір жыл ішінде сыртқа сатылатын ірі қара саны 2 есе, ал уақ мал саны 7 есе өскенін айтқан. Бектаевтың дерегі бойынша, малдың 80 пайызын Өзбекстан сатып алған. "Олар Қазақстанның шекара аумағында орналасқан Түркістан, Қызылорда облыстарынан ғана емес, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарынан да малдың сапалы бөлігін іріктеп алып жатыр" деген еді сенатор.
Бұл уәжбен келіскен Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылғы қаңтардан тірі малды шетелге экспорттауға уақытша мораторий жариялады. Сол кезде ет шаруашылығын дамыту бағдарламасын орындау және ет бағасының қымбаттауына жол бермеу үшін осындай шара қолданылған.
Соның арқасында былтыр бағаны біраз ұстап тұруға мүмкіндік болды дейді ресми органдар.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Азаттыққа берген мәліметі бойынша Қазақстанда 2018 жылы 18,7 миллион қой болса, ол 2019 жылы 16,4 миллионға дейін азайған. Былтыр қой 16,9 миллионға, биылғы төрт айда 17,8 мыңға өскен.
"ЭКСПОРТҚА РҰҚСАТ БЕРІЛСЕ, БАҒА ШАРЫҚТАЙДЫ"
"Шопан ата" қойшылар қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев Қазақстанда ет өндірісін дұрыс жолға қою үшін бұл мораторийді бес жылға ұзарту керегін, болмаса ет өндіру саласы құлдырап, "еттің күрт қымбаттайтынын" айтқан.
Тірі мал экспортына рұқсат беру ет "бағасын аспандатып жіберетінін" "Астана агроөнім" компаниясының құрылтайшысы Серік Рахымбаев та айтқан. Eldala.kz сайтына берген сұхбатында 2020 жылғы желтоқсан мен 2021 жылғы қаңтардың өзінде-ақ мыңдаған бас малдың шетел асып кеткенін айтқан ол:
– Тірі малды Қазақстаннан шетелге жаппай жөнелте берсе, баға өсе түседі. Тірі мал Қытайға да жіберілетін болса, баға тіпті аспандайды. Сәуір-мамыр айларында бұл анық байқалады. Мұндай жағдайда баға 3 мың теңгеге жетеді, – деген.
Алмасбек Садырбаев оңтүстіктегі қойдың Өзбекстанға қайта сатыла бастауы – баға өсуінің бір ғана себебі дейді. Екіншісі – Қазақстандағы жалпы инфляция.
– Қазір Қазақстанда ақшаның құны түсіп, кез-келген зат қымбаттап жатыр. Кейінгі уақытта бензиннің де бағасы өсе түсті. Бұл тасымалмен жеткізілетін еттің де құнына әсер етіп отыр, – деді сарапшы.
Биыл ауыл шаруашылығы министрлігі ұрғашы ірі қара мен уақ мал экспортына алты айға тыйым салды, ал еркек малды белгіленген квота шеңберінде сыртқа сатуға рұқсат берді.
Ауыл шаруашылығы және қаржы министрліктері "Қазақстан Республикасының аумағынан барлық елдерге (соның ішінде Еуразия экономикалық одағы мүшелеріне) ірі қара және ұсақ малдың аналық басын әкетуге 6 айға тыйым салу туралы" бұйрық шығарған. Бұйрық 2021 жылғы 26 наурызда күшіне енді. Министрліктің мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өндеу департаменті директоры Еркебұлан Ахметовтың айтуынша, "бұқашықтар мен қошқарларды әкетуге квота енгізу жөнінде тапсырма берілді".
Дегенмен министрлік бұл квотамен қанша мал сатылып жатқанын, биыл ет бағасын ауыздықтауға нақты қандай шара қолданылғанын таратып айтпады.
ПІКІРЛЕР