Accessibility links

Белсенді Бақтыбаевтың қазасы: Ақтау үкімімен келіспеген жәбірленушілер апелляциялық шағым түсірді


2019 жылы үйінің табалдырығында атып өлтірілген белсенді Белсенді Ғалы Бақтыбаев.
2019 жылы үйінің табалдырығында атып өлтірілген белсенді Белсенді Ғалы Бақтыбаев.

Қарағанды облысында белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өлімі бойынша шыққан ақтау үкіміне қатысты апелляциялық шағым түсті. Жәбірленуші тарап сот үкімінің күшін жойып, істі сотқа қайта қарауға жіберуді сұрап отыр. Олар істі басқа сот алқасы қарауы тиіс дейді.

— Біз айыпталушылар Мияшов, Бөкенаев және Ахметжановқа шыққан сот үкімінің күшін жойып, істі сотта қайта қарауды сұраймыз. Сот қылмыстық-процессуалдық заң нормалары мен Жоғарғы соттың "Алқабилерді қатыстырып, қылмыстық істерді қарауды реттейтін заңнаманы соттардың қолдану практикасы туралы" қаулысын бұзды деп санаймыз, – деді кісі қолынан қаза тапқан белсендінің қарындасы Зәуре Бақтыбаева.

Одан бөлек, жәбірленушілер облыстық прокуратураның қабылдауына жазылып қойған. Олар аталған ведомство прокурорлық қадағалауды қалай жүргізгенін білгісі келеді.

"Кісі өлтіруді ұйымдастырды" деп айыпталған сотталушыларға ұзақ жыл түрме жазасын сұраған прокуратура да сотқа үкімнің күшін жою туралы өтініш түсірді. Олар да сот істі қайта қарауы тиіс деп санайды. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі де бұл ақпаратты растады.

Ал Қарағанды облысының соты шағым мен өтініш бірінші инстанциядағы соттан әлі түспегенін айтты.

1 маусымда сот алқасы белсендінің өліміне қатысты айыпталған Атасу ауылының үш тұрғынын қылмысқа қатысы жоқ деп таныған. Жәбірленуші тарап үкіммен келіспеген.

"Кісі өлтіруді ұйымдастырды" және осы қайғылы оқиғадан бірнеше ай бұрын "белсендіні ұрып-соғуды тапсырды" деп айыпталған 42 жастағы бұрынғы полицей Ғалым Ахметжанов және 41 жастағы кәсіпкер Азамат Бөкенаев ақталып шыққан. Сот тергеу изоляторында екі жылға жуық уақыт отырған екеуін қамаудан босатты.

"Белсендіні өлтірді" деп айыпталған 29 жастағы Иман Мияшовты сот алқасы аталған эпизод бойынша кінәсіз деп тапты. Бірақ оның қайғылы оқиғадан бірнеше ай бұрын Бақтыбаевты ұрып-соғып, терезесіне оқ атқаны дәлелденген деді. Сол үшін Мияшов бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот сонымен бірге белсендіні ұрып-соғуға қатысты деп айыпталған 31 жастағы Эльдар Жәкенді кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырған.

Жарыссөз кезінде айыпталушылар сот алқасына қайырылып, әділ үкім шығаруға үндеген еді. Ал прокурор мен жәбірленушілер айыпталушылардың кінәлары толық дәлелденгенін айтып, ұзақ жылға соттауды сұраған.

Қайғылы оқиғадан бұрын да бірнеше рет қоқан-лоқы көріп, қастандық әрекетінен аман қалған 59 жастағы белсенді Ғалы Бақтыбаев 2019 жылғы 28 мамырға қараған түні өлтірілген. Оны үйінің табалдырығында атып кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG