Алматыда бір топ азаматтық белсенді "Көше партиясы" қозғалысын "экстремистік" деп таныған былтырғы Есіл аудандық сотының қаулысына қарсылық ретінде аштық жариялады. Олар билікке парламент сот қаулысына құқықтық баға берсін, оның күшін жойсын, қозғалысқа мүше болғаны үшін сотталып, "жазықтан-жазықсыз қудаланғандар" босатылсын деген талап айтып отыр.
Алматының жеті тұрғыны: Бибігүл Иманғалиева (50 жаста), Жұлдыз Полатова (25 жаста), Мейірхан Әбдіманапов (63 жаста), Сағидолла Ақаев (67 жаста), Өмірбек Медеубаев (58 жаста), Ниязбек Юсупов (59 жаста) және Сағат Күлжахановтар (68 жаста) кеше, 20 маусым түстен бері тек су ішіп қана отыр.
- Былтыр 19 маусымда Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық соты "Көше партиясы" қозғалысын "экстремистік" деп жариялады. Соған сілтеме жасап, белсенділерге қылмыстық іс қозғалды. Ондаған адам сотталды, он айдан бері 20 шақты адам қамауда отыр, үйқамақта отырғандары қаншама. Соттың сол шешіміне біз парламентттің құқықтық баға беруін талап етіп отырмыз. Біз прокуратура, сот инстанцияларынан, олардың барлығынан өтіп қойғанбыз. Парламент тек қана заң шығарып қана қою емес, сол заң мен конституцияның орындалауын қамтамасыз ететін орган. Сол міндеттерін орындауға міндеттеп отырмыз, - дейді белсенділердің бірі Мейірхан Әбдіманапов.
Алматылық белсенділер сот қаулысына құқықтық баға беру, оның күшін жою және осы баппен істі болған саяси тұтқындарды босату талаптары жазылған арыз хатты 4-ші маусымда Мәжіліс пен Сенат төрағаларына, Конституциялық кеңес төрағасы мен депутаттарға жолдаған. Онда 15 күнде жауап болмаса, аштық жариялайтындары да ескертілген.
Маусымның 15-і күні келген жауапта, сот қаулысы апелляциялық я кассациялық инстанцияда қаралмағаны, сондықтан бұл қаулы күшін жоймайтыны айтылған. Құқықтық баға туралы айтылмаған.
- Осы күнге дейін жария етілмеген қаулыны көрсетсін дегенбіз. Оған "шетелдік және халықаралық ұйымдарды экстремистік немесе террористік деп тану істері жария етілмейді" депті. Сонда біздің барлығымызды "экстремист" деген қаулы бар да, соған сүйенген қылмыстық іс бар бірақ оның өзі жоқ. Кім террорист? Кім экстремист? Біз бе? Бейбіт митингке шыққанымыз үшін бе? Ал Заманбек Нұрқаділовті кім өлтірді? Алтынбек Сәрсенбайұлын кім өлтірді? Жаңаөзенде кім атты бәрін? Дулат Ағаділ мен оның баласын кім өлтірді? Сонда кім террорист? - дейді наразылардың бірі Сағидолла Ақаев.
Аштық жариялап отырғандардың арасында екі әйел бар. Бірі – 50 жастағы Бибігүл Иманғалиева. Ол өздеріне адам құқығы жөніндегі уәкіл Эльвира Азимованың келуін талап етеді.
Наразылар өздерінің талаптары орындалмайынша аштығын тоқтатпайтынын айтты. Өздеріне әзірге жергілікті биліктен ешкім келмеген. Денсаулықтары жаман емес.
Бір күн бұрын Facebook-тағы #IHaveAChoiсe #ActivistsNotExtremists парақшасында астаналық бірнеше белсендінің алматылықтарды қолдап, аштық акциясына қосылғаны хабарланған еді.
- Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Қазақстан бас прокуратурасының пікірінше, екі қозғалыс – бір ұйым. Бірақ қозғалыс жақтастары мұны жоққа шығарады. Аталған екі ұйымға шыққан сот шешімдері жарияланбады. Белсенділер сот шешімдерін апелляцияға беруге талпынғанмен нәтиже болмады. Ал Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
- Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған. Саяси көзқарасына байланысты қудаланған белсенділерді босатуға үндеген. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қарар қабылдалғалы бірнеше ай өтсе де, Нұр-Сұлтан бұл бағыт бойынша бірде-бір қадам жасамаған. Есесіне осы ұйымдарға қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар қатары көбейіп келеді. Олардың нақты саны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар соңғы бірнеше жылда 300-ге тарта адамның сотталғанын айтады.
- ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.
ПІКІРЛЕР