Accessibility links

"Ұрлық пиғылы болмаса". Мемқызметкерді жазаламауға шақырған Тоқаев нені меңзеді?


23 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін сайлау туралы жиында сыбайлас жемқорлықпен қалай күресетінін айтамын деп жұртты аң-таң еткен мәлімдеме жасады. "Шенеунік енді білгенін істей ме?" деген сұрақ туды. Әлеуметтік желідегі қызу талқыдан соң, президенттің көмекшісі Ерлан Қарин Facebook-те президенттің сөзін түсіндіруге тырысқандай болды, бірақ кейін жазбасы көпшілікке көрінбей қалды. Президент нені меңзеді? Азаттық радиосы адвокаттың, шенеунік пен саясаткердің пікірін білді.

СӨЗБЕ-СӨЗ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, 23 маусым, Нұр-Сұлтан:

"Егер мемқызметкер қате шешім қабылдаса, бірақ бюджет қаражатын ұрлау немесе пара алу арқылы заңсыз баю секілді арам пиғылы болмаса, оны қылмыстық жауапқа тартпау керек. Әйтпесе, біз мемлекеттік аппараттың жұмысын тежеп тастаймыз. Сыбайлас жемқорлық қылмысын әдейі жасаған шенеуніктер ғана қылмысты қудалауға түсуі керек".

Әлеуметтік желіде Тоқаевтың сөзіне мынадай пікірлер жазылды:

"ӘДЕЙІ ІСТЕЛМЕГЕН ЖЕМҚОРЛЫҚ БОЛМАЙДЫ"

Сыбайлас жемқорлық айыбы тағылған адамдарды қорғауда тәжірибесі бар адвокат Жохар Өтебеков президенттің сөзін естіп екіұдай сезімде қалғанын айтады.

Жохар Өтебеков.
Жохар Өтебеков.

– Жемқорлық жасады деп айыптау мәселесімен үнемі бетпе-бет келетіндіктен, президент ішінара дұрыс айтты деп ойлаймын. Шенеуніктерді басқарудағы қателіктер үшін қылмыстық жауапқа тарту оларды жігерсіз етеді. Бұл олардың жұмысын ғана бәсеңдетпей, мемлекеттік аппараттың да жұмысын тежейді. Проблемаларды шешуге тиімділікпен, креатив пен шығармашылықпен келуді бәсеңдетеді. Қате бәрінде болады, сондықтан басқарудағы қателік үшін шенеунікті қылмыстық жауапқа тартудың жөні жоқ. Шенеуніктердің шешім қабылдаудағы бастамашылдығы мен батылдығын басып тастамау туралы болса, онда президенттікі дұрыс, – дейді ол.

– Екінші жағынан, оның сөзінде труизм бар. Егер пиғыл болмаса, жемқорлық бойынша қылмыстық жауапқа тарту мүмкін емес. Себебі әдейі істелмеген жемқорлық болмайды. Ол үнемі ашкөздік пиғылмен жасалады, – дейді адвокат. Оның сөзінше, немқұрайлық секілді абайсызда жасалған қызметтік қылмысқа әр шенеунік жауап беруі керек.

– Бүкіл әлемде солай. Бұл Қазақстанда ең кең тараған заң тәжірибесі (Қылмыстық кодекстің 370-бабы, "Қызметтегі әрекетсіздік"). Яғни, шенеунік шығынға батырған, ауыр салдары болған алақол әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін жауап беруі керек. Президент бұл жағын айтпағанда, қатты таңғалдым, – дейді Өтебеков.

Ол сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапқа тартылған жоғары лауазымды тұғалардың көбі элитааралық текетірес кесірінен сотталғанын атап өтті.

– Көбіне бұл мемлекеттік органның өз арасын сыбайлас жемқорлықтан ада қылуыға тырысқанынан емес, биліктегі ішкі текетіресті шешу жолы сияқты болды. Кейде халық белгілі бір салаға немесе министрлікке наразы болады. Сондай кездері олардың алдына тасталатын бір адам табу керек болады. Әсіресе бұл мемлекет деңгейіндегі қандай да бір трагедиядан соң байқалады, – дейді адвокат.

Өтебековтің сөзінше, сотқа дейінгі тергеу мен дәлелдер базасын жасауға келгенде, елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу қызметі және ұлттық қауіпсіздік пен полиция қылмысты қудалауда "әлсіз" жұмыс істейді

– Олар прокуратурмен бірге әлсіз жұмыс істейді. Іс сотта саяси себеппен немесе сотты сендіру арқылы өтіп кетеді деп үміттенеді. Егер сот айыптаушы көзқарасты сақтамаса, істердің көбі тергеу сатысында да, сотта да қирайтын еді. Тіпті, кінәлілер де осындай жағдайда жазаға тартылады. Ал құқықтық тәртіп орнаған өркениетті елдерде мұндайда олар дәлел жетіспегендіктен ақталып шығатын еді. Сот субъективті факторларға сүйеніп төрелік етпеуі керек, – деді Жохар Өтебеков.

Сыбайлас жемқорлық туралы ресми дерек

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндама дерегінше, 2020 жылы сыбайлас жемқорлық бойынша 1021 адам сотталған. Оның ішінде 144-і басшылық қызметте болған. Олардың арасында бір облыс әкімі, облыс әкімінің төрт орынбасары, министрліктердің екі жауапты хатшысы, екі комиттет төрағасы, бір елші, бес судья, бес аудан және қала әкімі бар. Ресми дерек бойынша, мемлекетке 60 миллиард теңге шығын келіп, оның 50,7 млрд теңгесі қайтарылған. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен екі есе көп.

Қазақстан Transparency International ұйымының Жемқорлық индексінде коррупция жайлаған елдердің қатарында 180 елдің ішінде 94-орында тұр. 2020 жылы Қазақстан 2019 жылмен салыстырғанда 19 саты жоғарылаған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің дерегінше, 2021 жылдың бірінші тоқсанында 452 құқықбұзушылық тіркелген. Олардың 76 пайызының, яғни, төрттен үшінің жемқорлық сипаты бар. Ведомствоның хабарлауынша, жемқорлықтың көбін әкімдік қызметкерлері, полицейлер және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасайды.

"БҰЛ КЛАНДЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ БІР БӨЛІГІНЕ АЙНАЛДЫ"

Алматы ішкі саясат басқармасының бұрынғы басшысы, бизнесмен, желіде мемлекеттік жобаларды сынап жүрген Санжар Боқаев президет Тоқаев "ойын дұрыс жеткізбеді немесе бұл мәтін дайындап бергендердің әрекеті" дейді.

Санжар Боқаев.
Санжар Боқаев.

– Видеоға қарасақ, ол мәтінді оқып тұр, суырып салып айтпаған. Бұл ретте президенттің сөзі жорамал жасауға мүмкіндік беретіндей және мемлекеттік қызметті бағытынан адастыратындай "көлеңке" қалдырмауы керек , – дейді Боқаев.

Ол қоғам Тоқаевтың нені меңзегенін түсінбегенін мемлекеттік қызметтен жоғары білікті мамандардың кетіп жатқанымен байланыстырады.

– Кейінгі жылдары жемқорлыққа қарсы кей науқандар элитааралық текетіресте саяси оппонентті аяғынан шалу үшін жасалады. Кейде бұған басқа адамдар да ілініп кетеді. Бұл кланаралық қарым-қатынастың бір бөлігіне айналды. Бұл факт мемлекеттік қызметтен кәсіби мамандардың кетуіне алып келеді. Тоқаев мемлекеттік аппараттың осындай тежелуі туралы айтқан болар, – дей келе Санжар Боқаев Қылмыстық кодекстің жемқорлық бойынша жауаптқа тартатын алты бабы барын айтты.

– "Арам пиғылы болмады" деген ұғым жоқ. Нақты баптар бар. Кез келген қателік немесе әрекетсіздік осы баптармен байланысты болады. Сондықтан, меніңше, қателік, немқұрайлық және коррупция үшін қатаң жазалау керек. Заңда бұл нақты жазылған. Заң жұмыс істеуі керек. Егер біреу президентке дұрыс жеткізбесе немесе мәтін дайындаған болса, оларды іздеп тапқан жөн", – деді Санжар Боқаев.

"БӘРІ БАСТЫҒЫНЫҢ БҰЙРЫҒЫН ОЙЛАЙДЫ"

Премьер-министр канцеляриясының жобалар басқармасы орталығының басшысы, ұлттық жобалардың жүзеге асырылуына мониторинг жасайтын кеңсе басшысы Арман Евниев президенттің сөзімен толығымен келіседі және Тоқаевтың бұл сөзі оның сыбайлас жемқорлықпен күрестегі саяси жігеріне сәйкес келетінін айтады.

2019 жылы Евниев мемлекеттік қызметте маманның өзін-өзі көрсетіп, қабілетін оңтайлы пайдалану мүмкін емес деп мемлекеттік басқару жүйесін жария түрде де сынады да, ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметінен кетті.

Арман Евниев.
Арман Евниев.

– Біздің жүйе мемлекеттік қызметкерді өзіне жоғары тұрған басшының пікіріне жалтақтатады. Осыдан тамыр-таныстық пайда болады. Яғни, шенеунік әр әрекетінде бұған басшысы қалай қарайтынын, бұл оның жұмысына қалай әсер ететінін ойлайды. Шенеунік қорқады. Оны бұл қорқыныштан арылту керек, – дейді Арман Евниев.

Евниев қазір мемлекеттік басқаруға арнайы жоба енгізіп, сол арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру үшін "қару" жасап жатқанын айтады. Бірыңғай ақпараттық жүйеде әр мемлекеттік қызметкердің әрекеті мен шешімі бір базада жиналады да, осылайша коррупциялық қатерді анықтау жеңілдейді.

– Жемқорлық құқықбұзушылықтарға анализ жасағанда, әсіресе, көп ақша бар жерде шешімді бірнеше адам қабылдағанын көресің. Яғни, белгілі бір шешім басшыдан бастап қарапайым қызметкерге дейін жететін тізбек бар. Сонда әр адам бастығының бұйрығын ғана ойлайды. Мұны өзгерту керек. Бірақ шенеунік нәтижені жақсартқысы келсе, әрине, бұл тергеу объектісіне айналмауы керек. Мұндай жағдайда тергеу жүргізілуі мүмкін, бірақ құқық қорғау немесе сыбайлас жемқорлықа қарсы органдар оны ажыратып, құқық бұзушылықтың әдейі жасалғанын немесе адамның қателескенін дәлелдеуі керек, – дейді Арман Евниев.

"ҰРЛЫҚҚА КӨЗ ЖҰМА ҚАРАУЫМЫЗ КЕРЕК ПЕ?"

Kazakhstan - A protest of El tiregi and veterans of Afghan conflict. Nur-Sultan, 25 June 2021
Kazakhstan - A protest of El tiregi and veterans of Afghan conflict. Nur-Sultan, 25 June 2021

– Бұл, әрине, дұрыс емес. Жемқордың аты жемқор. Егер қылмыс жасалса, мемлекетке және халыққа шығын келсе, онда шенеунік кез келген жағдайда жазалануы керек. Президент айтқандай, аппаратта адам қалмағандықтан, бюджет қаржысының ұрланып жатқанына көз жұма қарауымыз керек пе? – дейді "Ел тірегі" партиясын құру туралы бастамашыл топ лидері Нұржан Әлтаев.

Оның сөзінше, "биліктегілер бәрін шетінен қамау керегін, бірақ жұмыс істейтін ешкім қалмайтынын түсіне бастаған сияқты".

2020 жылғы қаңтарда Орталық сайлау комиссиясы биліктегі "Нұр Отан" партиясы атынан парламент мәжілісінің депутаты болған Нұржан Әлтаевтың өкілеттігін тоқтатты. Қарашада оны партия мүшелігінен шығарып жіберген еді.

Президенттің сөзінің себебіне келгенде, Әлтаев шенеуніктер, әсіресе, "жоғары жақтағылар" коррупцияға белшесінен батты деп санайды. Оның ойынша, мәселе саяси реформасыз шешілмейді.

– Елде жаппай коррупция мен бюджет ақшасын ұрлау байқалады. Коррупция мемлекеттік басқару жүйесін бұзып жатыр. Биліктің халық алдында жауапкершілігі жоқ. Шенеуніктерді, үкіметті, депуттатады, судьяларды ешкім сайламайды, сондықтан олар ойына келгенін істейді. Саяси реформа керек. Партияларды тіркеп, сайлау туралы заңдарды өзгерту керек. Халыққа мемлекет басшысын, парламент депуттаттарын таңдауға мүмкіндік беру керек. Сонда шын өзгеріс болады, коррупцияны жоятын мүмкіндік пайда болады, – дейді экс-депутат.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG