Accessibility links

"Айран ішкен құтылып..." Қазақстандағы атышулы істер немен аяқталады?


Жеңіл рельсті қоғамдық көлік желісінің бітпей қалған құрылысы. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2021 жыл.
Жеңіл рельсті қоғамдық көлік желісінің бітпей қалған құрылысы. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2021 жыл.

Алматыда Қызыл кітапқа енген ағашты кесуге байланысты қоғамдық резонанс туғызған іс (мәселеге президент араласып, жергілікті билікті зерттеу жүргізуге шақырған) жарты жылдан кейін жекеменшік компания қызметкеріне айыптау үкімін шығарумен аяқталды. Бұл Қазақстанда сот үкімі біраз сұрақ туғызып, соңы түсініксіз аяқталған бірінші іс емес.

2020 жылы қарашада Алматының орталығында түн ішінде емен мен қарағаш кесіп жатқан электр араның дауысы жақын маңдағы үй тұрғындарын шырт ұйқыдан оятып ғана қоймай, халықтың наразылығын туғызды. Бұл дауыс Ақордаға да жетті. Президент көпжылдық 13 ағашты кесуге байланысты реакция білдірді. Бір кездері Қазақстандағы ең жасыл қалалардың бірі Алматыда туып-өскен Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті билікке мәселенің ақ-қарасын ажыратып, кінәлілерді жазалауды тапсырды.

Бұл тақырып әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылар тұрмыс техникасы мен электроника құралдарын сататын Sulpak дүкенінің жөндеуден өткен сыртқы бөлігін көрсету үшін бағалы ағаштарды кесіп тастағанына наразылық білдірді. Қала прокуратурасы ағаш кесу фактісін тексеруге (арасында Қызыл кітапқа енген тоғыз емен ағашы болған) кірісті.

Түн жамылып Sulpak дүкені алдындағы ағаштарды отап жатқандар. Алматы, 22 қараша 2020 жыл.
Түн жамылып Sulpak дүкені алдындағы ағаштарды отап жатқандар. Алматы, 22 қараша 2020 жыл.

Жарты жылдан кейін сот үкімі шықты. Айып жалғыз адамға – Sulpak компаниясымен дүкеннің айналасын көріктендіру туралы келісімшартқа отырған мердігер компанияның қызметкеріне тағылды. 24 мамырда сот "Сакура" жеке кәсіпкерлігінің дизайнері Жанна Нұртаеваға "сирек кездесетін және жойылып кетудің алдында тұрған өсімдіктерге қатысты заңсыздыққа барғаны үшін" 4,1 миллион теңге (шамамен 9,7 мың доллар) айыппұл салды. Нұртаева компания басшысы немесе тапсырыс беруші болмаса да, бұл іске жалғыз өзі кінәлі болып шықты. Мемлекеттік айыптаушы дизайнердің "қылмыс жоспары" болғанын, "аталған аумақта сирек кездесетін бірнеше түп емен ағашы өсетінін біле тұра, оларды кесуге бұйрық бергенін" айтып, Нұртаеваға төрт жылға бостандығын шектеу жазасын сұраған.

Ақпарат құралдарының дерегінше, Жанна Нұртаева сотта қала халқынан кешірім сұраған. Ол кінәсін жартылай мойындайтынын, ағаш кескен жұмысшыларды өзі жалдағанын айтқан.

Әкімдік бұл іске қатысы жоғын, ағаш кесуге рұқсат бермегенін мәлімдеді. Sulpak өкілдері әуелі "ағаштар біздің аумағымызға кірмейді" деп хабарлады (жер телімін жалға алу туралы келісімшарт мерзімі 2020 жылы аяқталған), кейінірек дүкеннің айналасындағы жерді көріктендіру туралы мердігер компаниямен келісімшарт жасалғаны белгілі болған соң, жобада ағаш кесу туралы талап болмағанын айтты. Сотта Sulpak желісіне иелік ететін компания өкілі дүкеннің айналасын көріктендіру туралы жобада ағаш кесу туралы талап болмағанын қайталап, "емен мен қарағашты мердігер өз бетінше кескен" деп түсіндірді.

Sulpak дүкені алдындағы ағаштарды отап тастаған соң жерде қалған түбірін алып жатқан жұмысшылар. Алматы, 26 қараша 2020 жыл.
Sulpak дүкені алдындағы ағаштарды отап тастаған соң жерде қалған түбірін алып жатқан жұмысшылар. Алматы, 26 қараша 2020 жыл.

"ТҰТЫЛДЫ, СОСЫН ҚҰТЫЛДЫ..."

Бұл – тексеру қорытындысы қоғам көңілінен шықпаған көп істің бірі ғана.

2019 жылдың басында Ақтөбе облысының әкімшілік орталығы Ақтөбе қаласында мердігерлер жергілікті әкімдіктің тапсырысымен өзен аңғарын кеңейтпек болып, Қызыл кітапқа енген ондаған ақтерек пен қандыағашты отап тастаған. Құзыретін асыра пайдаланғаны және қызметтегі әрекетсіздігі үшін (заң бойынша міндетті, қай жерде қандай ағаш өсіп тұрғаны жөнінде ақпарат беретін дендрологиялық жоспар болмаған) шенеуніктердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Орман шаруашылығы басқармасының қызметкерлері жеті жылға дейін бостандығынан айырылуы мүмкін еді. Бірақ нәтижесінде мердігер компаниялардың кәсіпкерлері ғана жауапқа тартылды.

Қазақстанда экологияға шығын келтіруден басқа істер де нәтижесіз аяқталады. 2019 жылы қарашада Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовқа Өскемендегі оқушы саны көп мектептің жаңа корпусын салтанатты түрде таныстырып, құрылыс аяқталғанын мәлімдеген. Жоспар бойынша, бұл нысан ақпан айында пайдалануға берілуі керек еді. Кейінірек құрылыс жұмыстары аяқталмағаны белгілі болды. Көп ұзамай мектеп директоры жұмыстан босатылды. Ол шенеуніктер өзіне және орынбасарларына облыс басшысы келгенде көзбояушылық жасап, бітпеген нысанды таныстыруға тікелей тапсырма бергенін айтты. Директордың мәлімдемесінен кейін қандай да бір зерттеу жүргізілгені туралы ақпарат жоқ. Мектептің жаңа корпусын салуға тапсырыс берген Өскемен қалалық құрылыс бөлімі жауапқа тартылмады. Директор қызметінен алынды, білім басқармасының басшысына сөгіс жарияланды.

Белгілі бір салаға жауапты тұлғалар заңбұзушылық жасады деп айыпталып, бұл оқиға бүкіл елдің назарына ілігіп, соңында сиырқұйымшақтанып кеткені жөнінде мысал көп. 2017 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев үкімет құрған дәрі-дәрмек жеткізуші бірыңғай дистрибьютор "СК-Фармацияны" "мафия" деп атады. Назарбаевтың мекеме басшылығы жемқорлық жасады деген мазмұндағы мәлімдемесінен кейін "СК-Фармация" компаниясының сол кездегі басқарма төрағасы Нұржан Әлібаев қызметінен кетті. Ол 2015-2017 жылдар аралығында компанияның басқарма төрағасы болған. Тергеу нұсқасы бойынша, осы жылдар ішінде компаниядан 1,8 миллиард теңге жымқырылған. Нұржан Әлібаевқа қарсы зерттеу жүргізілді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. 2017 жылы қызметінен кеткелі Әлібаевтан хабар жоқ.

Бұл тұста "Astana LRT" жеңіл рельсті көлік желісі құрылысы кезінде миллиардтаған қаржы жымқырылғанын мысалға келтіруге болады. Қытайдан қарыз алып, жүзеге асырған жоба құрылысы орта жолда тоқтап қалған. Ал Нұр-Сұлтан қаласында қалған бетон бағандарды халық "жемқорлыққа қойылған ескерткіш" деп мысқылдайды. Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі "Астана ЛРТ" жауапкершілігі шектеулі серіктестік қаржысын жымқыруды астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұйымдастырғанын айтқан. Олар шетелге қашып кеткен. Тергеу органдарының дерегінше, екеуіне де халықаралық іздеу жарияланған.

Жеңіл рельсті қоғамдық көлік желісінің бітпей қалған құрылысы. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2021 жыл.
Жеңіл рельсті қоғамдық көлік желісінің бітпей қалған құрылысы. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2021 жыл.

Ардан мен Сұлтанбеков іздеуде жүргенде астана соты жобаға қатысқан халықаралық кеңесші қызметіне "тым көп қаржы" бөлінгені туралы істі қарап жатыр. Айыпталушылар қатарында не "Астана ЛРТ" ЖШС басшылығы, не кеңесші жалдау туралы шешім қабылдаған тұлға жоқ. Олардың орнында бірнеше бұрынғы шенеунік пен кәсіпкер отыр. Сот процесін бақылап жүрген азаматтар тергеу тарабы қоғам пікірін басу үшін кінәні өзгенің мойнына іліп отыр деп есептейді. Айыпталушылардың адвокатының айтуынша, Сұлтанбеков пен Арданды ешкім іздеп жатқан жоқ. Кәсіпкерлердің бүкіл мүлкі тәркіленген, сот тіпті бір айыпталушының ипотекаға алған пәтерін де тартып ала жаздаған.

Бір қызығы, Сұлтанбеков 2017 жылы қылмыстық жауапқа тартылған. Сот оған "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары болып жүрген кезде жемқорлық жасап, пара алды деген айыппен 10 жыл түрме жазасын кескен. 2018 жылы апелляция соты бостандығынан айыру жазасын 2,1 миллиард теңге айыппұлға ауыстырған. Заңгердің айтуынша, бұл Қылмыстық кодексте көрсетілген жазадан 40 есе жеңіл. Судья сот үкімін қайта қарауға Сұлтанбековтің істеген ісіне өкініп, құқық қорғау органдарына көмектескені, бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағаны және үш бала тәрбиелеп отырғаны себеп болғанын айтқан. Тұтқыннан босаған Сұлтанбеков бірнеше күнде айыппұлын төлеп, елден кетіп қалған.

"МҰНДАЙ ЖАЙТ ТАҢСЫҚ ЕМЕС"

Қызыл кітапқа енген ағаштарды кесуден бастап миллиардтаған ақша жымқыруға дейін қоғам назарындағы әртүрлі істерді қарау кезінде сот процесін сырттай бақылаған азаматтардың көкейінде "Тапсырыс беруші қайда қараған?", "Әкім орынбасарының не істеп жүргенін қалай көрмеген?", "Негізгі күдіктілерді шетелге неге жіберген?" деген сұрақтар туындайды. Бірақ бұл сұрақтарға жауап жоқ.

Алматылық адвокат Жохар Өтебеков көп істің соңында белгілі бір салаға жауапты шенеуніктер емес, қатардағы тұлғалар кінәлі болып шығуын құқық қорғау және сот жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуімен байланыстырады.

– Өкінішке қарай, көп қылмыстық істің түсініксіз аяқталуының астарында жемқорлық жатады. Шынымен кінәлі адам ым-жымын пайдаланып, пара беріп құтылып кетеді. Ал жобаға қатысқаны болмаса, кінәсі әлдеқайда аз немесе мүлде жазықсыз адам жауапқа тартылады. Қалыптасқан тәжірибемен таныс адам ретінде айтсам, мұндай оқиғалар маған таңсық емес. Өкінішке қарай, көбіне бұл құқық қорғау және сот жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуімен байланысты.

Адвокат Жохар Өтебеков. Алматы, 4 қараша 2020 жыл.
Адвокат Жохар Өтебеков. Алматы, 4 қараша 2020 жыл.

Ірі көлемде айыппұл төлеуге міндеттелген дизайнер Жанна Нұртаева Азаттыққа пікір беруден бас тартты. Айыппұлдан бөлек, ол қалалық жасыл экономика басқармасы берген шағым бойынша 150 мың теңге төлеуі керек.

Бір аптадан кейін кесілген ағаштардың орнына жаңа көшеттер отырғызылды. 30 емен ағашын әкімдік отырғызды. Бұл көшеттер кесілген ағаштармен бірдей болып өсуі үшін ондаған жыл уақыт керек. Жас ағаштар тұрмыс техникасы дүкені орналасқан ғимаратты жауып қалмайды. Sulpak сауда желісінің артында елдегі ең бай кәсіпкерлердің бірі, саяси биліктегі тұлғалармен байланысы бар Алмас Сұлтанғазин тұр (қазақстандық Forbes журналының 2020 жылғы дерегінше, оның байлығы – 165 миллион доллар). Былтыр желіде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның (қазір ол парламенттің төменгі палатасының депутаты) қатысуымен яхтада өткен кештен видео жарияланды. "Жеңіс күні" әніне айнала билеп жүрген қонақтарының арасында Сұлтанғазин да болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG