Accessibility links

Қырғызстан "Құмтөр ісі" бойынша экс-президенттер Ақаев пен Бакиевке іздеу жариялады


Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев.
Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Құмтөр кенішіндегі жемқорлық ісі бойынша елдің экс-президенттері Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевке іздеу жариялады. Бұл туралы 8 шілдеде комитет төрағасы Қамшыбек Ташиев хабарлады.

Қазір елде Құмтөр ісі бойынша қылмыстық іс бірнеше кезеңге бөлініп, тергеліп жатыр. Ташиевтің сөзінше, Асқар Ақаев президент болып тұрған тұста канадалық компаниямен келісім-шарт жасасқанда заң бұзылған. Ресми Бішкек Ақаевқа жемқорлық күдігімен іздеу жариялады.

Ташиевтің сөзінше, 2003 жылы келісім-шарт жаасқанда канадалық компанияның Қырғызстандағы үлесі 25,7 пайызға төмендетіліп көрсетілген.

Бұдан бөлек, 2009 жылғы эпизод бойынша елдің экс-президенті Құрманбек Бакиев пен оның ұлы Максим Бакиевке іздеу жарияланды. Олар да жемқорлық күдігіне ілінген.

Елдің экс-президенттері Ақаев пен Бакиев 2005 және 2010 жылғы революциядан кейін елден қашқан. Ақаев Мәскеуде, Бакиев Минскіде тұрып жатыр. Екеуі де Қырғызстанда сырттай сотталған.

"Құмтөр" – Қырғызстанның ең ірі алтын кеніші, оны канадалық Centerra Gold Inc. компаниясы игеріп жатыр, Қырғызстанның ондағы үлесі – 26 пайыз.

Қырғызстанның қазіргі билігі Құмтөр бойынша 1992, 2003, 2009 және 2017 жылдары жасалған келісімдер елдің ұлттық мүддесіне сәйкес келмеген деп санайды. Мемлекеттік комиссия түрлі талапты бұзғаны үшін компаниядан 460 млрд сом (5,5 млрд доллар) өндіруді талап етеді.

Мемлекеттік комиссияның ұйғарымы бойынша, Қырғызстан бұл кенішті игергелі бері одан 1,5 млрд доллар пайда көрсе, Centerra Gold Inc. – 11,5 млрд доллар табыс тапқан. Қырғызстанның қазіргі билігі "бұрынғы президенттер, шенеуніктер жемқорлыққа барып, компаниямен тиімсіз келісім-шарттар жасасқан" деп санайды.

Компания өкілдері мұнымен келіспейді әрі үкіметтің шешімдеріне наразылық білдіріп, халықаралық арбитраж сотына жүгініп жатыр.

Қазір Қырғызстанда бұл іс бойынша бұрынғы премьерлер, депутаттар, министрлер күдікке ілінген.

Ресми Бішкек канадалық компаниямен бүкіл келісім-шартты үзуді қарастырып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG