Accessibility links

Әнші Майғазиев "Демпартия" өкілінен кешірім сұрауды талап етті. Белсенді бас тартты


Белсенді Аружан Дүйсебаева және әнші Сәкен Майғазиев.
Белсенді Аружан Дүйсебаева және әнші Сәкен Майғазиев.

15 шілдеде Шымкенттің Қаратау аудандық соты қалалық мәдениет үйінің жетекшісі, әнші Сәкен Майғазиевтің тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" белсендісі Аружан Дүйсебаеваның үстінен түсірген шағымын қарай бастады. Әнші белсендіні "ар-намысыма тиіп, қорлады" деп айыптайды. Ал белсенді айыппен келіспейді. Сот онлайн өтіп жатыр.

Алғашқы сот тыңдауына шағым беруші тараптан – Сәкен Майғазиев пен оның қорғаушысы Айжан Нұрлықұлова, ал жауапкер жақтан Аружан Дүйсебаева қатысты. Істі судья Момбек Әмірбеков қарап жатыр.

Судья сот тергеуі басталмастан бұрын екі жақты татуластыруға тырысты, алайда тараптар келісімге келуден бас тартты.

Сәкен Майғазиев егер жауапкер "ақпарат дұрыс жетпегендіктен" өзіне негізсіз жала жапқанын мойындап, кешірім сұраса істі тоқтататынын айтты. Дүйсебаева кешірім сұраудан бас тартып, жәбірленушінің талабын орындамайтынын айтты.

Сот тыңдауы кезінде Сәкен Майғазиевтің қорғаушылары судьядан іс қаралып біткенше БАҚ өкілдерін ақпарат таратпауға міндеттеуін сұрады. Бірақ судья өтінішті мақұлдамады.

Майғазиевтің сотқа арыздануына Youtube арнасында наурыз және сәуір айларында шыққан екі видео түрткі болған. Онда "Шымкентте наурыз тойына бөлінді делінген 565 миллион теңгенің дауы" жөнінде айтылады.

Шағым беруші атап айтқанда, видеодағы төрт сөйлемге (атап айтқанда, "мемлекет тарапынан бөлінген 565 млн теңгені жоқ қылды", "жемқорлыққа бару халыққа жасаған опасыздық", "жемқор" т.б ) наразы болып отыр. Шағым беруші соттан Дүйсебаеваны жоғарыда көрсетілген бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартып, екі видеоны өшіруді және әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрауды міндеттеуін сұраған.

Бір күн бұрын Аружан Дүйсебаева өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін жеткізіп, "565 млн теңгенің есебін сұрағаным үшін істі болдым, әншінің ары таза болса, соттасқанша халық алдында есеп берсін" деп мәлімдеген.

Видео: Майғазиев белсендіні сотқа берді. Жемқорлық күдігіне ілінген шенеунік әнші қай сөзге "қорланған"? (14 шілде 2021 жыл).

Майғазиев белсендіні сотқа берді. Жемқорлық күдігіне ілінген шенеунік әнші қай сөзге "қорланған"?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:58 0:00

Осыған дейін "Шымкентте Наурыз мерекесін тойлауға бюджеттен 565 млн теңге бөлінгені" жайлы ақпарат тарап, қоғамда дау туғызған. Шымкент қаласының әкімдігі ақпаратты жоққа шығарды. Бұған дейін Азаттық тілшісіне берген сұхбатында қалалық мәдениет үйінің жетекшісі Сәкен Майғазиев "Наурыз шараларына ары кеткенде 180 миллион теңгенің ары жақ, бері жағындағы ақша жұмсалды. 565 миллион теңге емес" деп мәлімдеген. Ол "тексеру жұмыстары жүргізіліп, олқылық табылмады" деп айтқан.

Дегенмен мемлекеттік сатып алу сайты дерегіне қарағанда, наурыз мерекесіне орай деген атауы бар келісім-шарт сомалары 180 млн теңгеден анағұрлым көп.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG