Accessibility links

"Тоқаев, көмектес!". Нұр-Сұлтанда сот шешіміне наразылар флешмобы үшінші күнге ұласты


Сот шешіміне наразылық білдірген азаматтардың бірі. Нұр-Сұлтан, 21 шілде 2021 жыл.
Сот шешіміне наразылық білдірген азаматтардың бірі. Нұр-Сұлтан, 21 шілде 2021 жыл.

Нұр-Сұлтанда сот шешіміне наразылар флешмобы үшінші тәулікке созылды. 19 шілдеден бері Ақордаға қарама-қарсы көшенің арғы бетіндегі жаяу жүргіншілер көпірі маңында сот шешіміне наразы бір топ адам флешмоб өткізіп жатыр. Олар үстіне "Заң үстемдігі қайда?"(Где верховенство закона?), "Тоқаев, көмектес!" (Токаев помоги) деген жазуы бар футболкалар киіп, көк жалаушалар ұстап алған.

Флешмобқа қатысушылардың бірі Әлия Айтбаева Азаттыққа үміт күткен президент әкімшілігінен әлі хабар болмай тұрғанын айтты.

- Біздің бұл акциямыз уақыт жағынан шектелмеген. Бірақ Нұр-Сұлтан әкімдігіне 21-26 шілде арасында флешмоб өткізетінімізді алдын ала ескерттік, полицияны бізге жіберіп, арандатпауды, өздерін билікке қарсы әрекет етуге итермелемеуін сұрадық. 26 шілдеге таман акцияны жалғастыратынымызды хабарлап, тағы ескерту жолдаймыз, - дейді наразылық акциясына қатысушылардың бірі Әлия Айтбаева.

Флешмоб күн сайын таңертеңгі 10.30-дан кешкі 18.30-ға дейін жалғасады. Наразылар Қазақстанның әр өңірінен: Алматы, Талдықорған, Тараз, Ақтау, Жаңаөзен, Қарағанды, Түркістан, Шымкент қалаларынан келген. Әлия Айтбаева қаржылық мүмкіндіктерге қарай әзірге он бес адам тұрғанын, алдағы аптада басқа адамдар келетінін айтты.

Сот шешіміне наразылар акциясы өтіп жатқан Мәңгілік ел даңғылы бойымен өткен автокөліктер оларға сигнал беріп, реакция білдіріп жатты.

- Біз осылайша Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарын аударғымыз келеді. Егер ол мысалы, осы наразылар атынан бір адамды қабылдаймын десе, ол үшін ПТР-тест тапсырып, індетке қарсы костюм киіп баруға әзірмін. Оған қолдағы дәлелді көрсетуге мүмкіндік болса жетеді, - дейді Ерлан Иманбаев.

Сот шешіміне наразы топ флешмоб өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 21 шілде 2021 жыл.
Сот шешіміне наразы топ флешмоб өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 21 шілде 2021 жыл.

Ол 2012 жылы ауырып жатқанда сот шешімінсіз "жемқорлық жасады деген желеумен мемлекеттік қызметтен қуылғанын", содан бері тоғыз жыл бойы әділдік үшін күресіп келе жатқанын айтады.

Сот шешіміне наразылар 10 маусымда мәжіліс депутаттарымен кездесіп, 28 маусымда бас прокуратура алдында бас прокурордың атын атап, флешмоб өткізген.

– Ақпан айынан бері жүрміз. Заңсыз шешімдерді қайта қарау туралы комиссия құрылғанын қалаймыз. Әзірге нәтиже жоқ. "Құрылып жатыр" дейді, бірақ өтірік. Дегенмен мүлдем нәтиже жоқ деп деуге де болмайды, үш адам жоғарғы соттан қайта қарау туралы ұйғарым алды. Алайда сот шешіміне наразылық білдіріп жүрген адам саны жетпістен асатынын ескресек, ол теңіздің тамшысындай, - дейді Ерлан Иманбаев.

21 шілдеде наразылармен кездесуге билік өкілдерінен ешкім келмеді.

Қазақстанда сот шешіміне наразы азаматтар наразылыққа жиі шығады. Биыл маусымның 16-17 күндері олар жоғары сот ғимаратында түнеп те шыққан.

Қарай отырыңыз: Сот шешімдеріне наразылар Жоғарғы сотта түнеп шықты (16 маусым 2021 жыл).

Сот шешімдеріне наразылар Жоғарғы сотта түнеп шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

Ақпан айында Ақордаға барып, "әділетсіз сот шешіміне шағымданған" наразы топ "Қазақстаннан әділдік таппаса, шетелден көмек сұрайтынын" мәлімдеген. Сол кезде оларды қабылдаған президент көмекшісі Тамара Дүйсенова "жұмыс тобы құрылатынын, оның құрамына наразылардың бірі енгізілетінін" айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG