Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон облысында ауған босқындарына арналған уақытша лагерь бой көтереді. Бұл туралы аймақ басшысы Курбон Хакимзода 20 шілдеде Бохтарда өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Аймақ басшысының айтуынша, ауған босқындарына арналған уақытша лагерь құрылысын Тәжікстанның ішкі істер министрлігі халықаралық ұйымдармен бірге жүргізіп жатыр.
Хатлон облысы төрағасының мәлімдеуінше, көрші елдегі босқындарға уақытша баспана беру әрбір тәжікстандықтың парызы.
Уақытша лагерь Жайхун ауданында салынады.
Курбон Хакимзоданың айтуынша, соңғы апталарда Ауғанстанның жүздеген азаматы Хатлон облысы аумағына өткен. Оларға Муминабад ауданындағы Мумирак деген жерде палатка қалашық тұрғызылған. Бұрын бұл жерде Ресейдің 201-әскери базасының полигоны болған.
"Біз оларды қабылдадық. Халықаралық ұйымдармен бірге жұмыс істеп, босқындарға палатка мен тамақ бердік. 94 адам Шамсиддин Шохин ауданындағы шекарадан өтіп келген. Біз оларға шекаралас ауданда палаткадан қалашық тұрғыздық" деді Хакимзода.
АҚШ және НАТО елдері Ауғанстандағы әскерін шығара бастаған уақытта "Талибан" қозғалысының содырлары елдің бірқатар аймағын басып алды. Батыс елдерінің коалициясы Ауғанстандағы әскерін қыркүйектің ортасына дейін шығарып әкетуді көздеп отыр.
ПІКІРЛЕР