Accessibility links

Жаңаөзенде "Казпромтехкомпани" мекемесі жүргізушілері де ереуілге қосылды


Жалақы өсіруді талап етіп, ереуілдеп тұрған "Казпромтехкомпани" компаниясының жұмысшылары. Жаңаөзен, 22 шілде 2021 жыл. Оқырман жіберген сурет.
Жалақы өсіруді талап етіп, ереуілдеп тұрған "Казпромтехкомпани" компаниясының жұмысшылары. Жаңаөзен, 22 шілде 2021 жыл. Оқырман жіберген сурет.

22 шілдеде Жаңаөзендегі "Казпромтехкомпани" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүзден астам жүргізушісі жұмысты тоқтатып, жалақыны көбейтуді талап етті.

"Казпромтехкомпани" мекемесі - Жаңаөзенде мұнай-газ өндіруші "Өзенмұнайгаз" компаниясына көлік тасымалдау бойынша қызмет көрсетеді.

Аты-жөнін атамауды сұраған жүргізушінің айтуынша, жұмысшылар жалақыны 50 пайызға, яғни тарифті сағатына 750 теңгеге көтеріп, сенбі, жексенбі күнгі жұмысты 1,5 емес, 2 коэффициентпен төлеуді талап етіп отыр.

- Мекемеде 70 көлік штатта, 70 көлік жеке меншік жалданып істейді. Сағатына 500 теңгеден төлейді. Сонда бір ай үзіліссіз істесек, қолымызға 80-130 мың теңге аламыз. Он жыл болды жалақымыз өзгеріссіз келе жатыр. Жеке меншік жалдамалыларды 1200 теңгеге көтерді, олар бұрын сағатына 1000 теңгеден төлеген еді. Бірақ олар бір гараждан шығамыз деп, бізге қолдау білдіріп, жұмысқа шықпай тұр, - деді ол.

Азаттық тілшісі "Казпромтехкомпани" мекемесінің бастығы Омар Амантаевқа қоңырау шалғанмен телефон тұтқасын ешкім көтермеді.

Бұл шілде айында Жаңаөзенде жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен 11-ші компания. Бұған дейін Жаңаөзен қаласы жедел жәрдем көлік жүргізушілері мен "KMG-security" компаниясының күзетшілері талаптары орындалғаннан кейін ереуілді тоқтатқан. Бір күн бұрын "БатысГеофизСервис" мекемесі жұмысшыларының да талаптары орындалған соң наразылықты тоқтатқаны белгілі болды.

Шілденің басында "ӨзенМұнайГаз" компаниясының бұрғыларын жөндейтін "КЕЗБИ" мекемесінің жұмысшылары бір апта ереуілдетіп, талаптарын ішінара орындатқан.

Ал "Өзенмұнайгаздың" мұнай-газ өндіру басқармасына еден жуып, вахтерлық қызмет көрсететін NBKS, қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ететін "Тазалық-С", арнайы көліктерді жөндеу мен техникалық қамтамасыз етумен айналысатын "Оilfield equipment and services", мұнай ұңғымаларын жөндеу, монтаждау, мұнай-газ өндірісіндегі электр-техникалық жабдықтарды жөндеумен айналысатын ақтаулық "Ақтау мұнай сервис компаниясы", "Өзенмұнайгазға" тасымал қызметін көрсететін Kunan holding жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмысшыларының ереуілі әлі жалғасып жатыр.

Жалақы өсіруді талап еткен тағы бір мекеме "МұнайСпецСнабкомпани" жүргізушілері де ереуілді 15 шілдеден бері жалғастырып келеді.

Қарай отырыңыз: "Айлық ештеңеге жетпейді". Жаңаөзенде тағы бір мекеме жұмысшылары ереуіл бастады (19 шілде 2021 жыл).

"Айлық ештеңеге жетпейді". Жаңаөзенде тағы бір мекеме жұмысшылары ереуіл бастады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:40 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG