Accessibility links

"Чип салдыруға" сенетіндер, базардағы аласапыран және шығыны көп одақ


Сауда орталығындағы екпе пункті. Алматы, 25 маусым, 2021 жыл.
Сауда орталығындағы екпе пункті. Алматы, 25 маусым, 2021 жыл.

Осы аптада шетел басылымдары Қазақстанда антиваксерлер мен "вакцина паспортын" сатып алушылар неге көп деген сұраққа жауап іздеді және батыстағы құрғақшылықтың салдарын сөз етті. Бұған қоса басылымдар Қазақстанның Еуразия экономикалық одағының тиімсіз шарттарына көніп отыруының астарына үңілді.

"ХАЛЫҚТЫҢ 25% ҒАНА ЕКПЕ САЛДЫРУДЫ ҚОЛДАЙДЫ"

Қазақстанда вакцинаға сенбейтіндердің көптігі, жұрттың "вакцина паспортын" сатып алып жатқаны туралы британдық Economist журналы жазды.

Журнал авторының ойына, "екпе салмастан вакцина паспортын" алып береміз дейтін адамдар 70 доллар төлесеңіз, сізді Қазақстанның электронды үкіметі базасына кіргізе алады. Ал бұл – елдегі орташа айлық жалақының 12 пайызы.

Вакцина да, оның паспорты да тегін болғанымен, бұл құжатты сатып алуға даяр адам көп. Оның басты себебі – қазақстандықтардың басым бөлігі коронавирусқа қатысты үкіметтің мәліметіне күмәнмен қарайды. Басылымның жазуынша, соңғы бір сауалнамада халықтың 19 пайызы ғана Covid індеті туралы ресми ақпарға сенеді екен.

Есесін жұрттың көбі "екпе салу – адамға чип орнату арқылы оны аңду мақсатындағы қаскөй әрекеттің бір бөлігі деген конспирологиялық теорияға" иланады. Енді бірі бар болғаны "үкіметтің айтқанына сенбейді".

Gallup ұйымы былтыр жыл соңында жүргізген сауалнамаға сенсек, қазақстандықтардың 25 пайызы ғана коронавирус екпесін салдыруға әзір болған. Соңғы жүргізілген зерттеуде сұралғандардың 59 пайызы вакцина – дағдарыстан шығудың бірден-бір жолы дегенімен, үштен бірі әлі де оны салдыруға қарсы екенін айтқан.

Астаналық көп балалы әйелдер мен белсенділер коронавирус вакцинасына қарсылық танытып тұр. Нұр-Сұлтан, 19 шілде, 2021 жыл.
Астаналық көп балалы әйелдер мен белсенділер коронавирус вакцинасына қарсылық танытып тұр. Нұр-Сұлтан, 19 шілде, 2021 жыл.

Қазақстанда халықпен тікелей қарым-қатынасқа түсетін адамдар жұмыс орнына бару үшін "вакцина паспортын" көрсетуі тиіс.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "вакцина паспортын" жасаушыларды "қоғам денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретіндер" деп атаған. Economist-ке сұхбат берген жалған құжат жасаушылардың бірі "Әлдебіреу вакцина салғызғысы келмесе және оның паспортын жасау мүмкіндігі бар болса, бұл – оның жеке құқығы" деген.

"Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі – елдің жемқорлық ең қатты жайлаған саласы. Вакциналаудан босатылғанын, Covid-19 инфекциясы жоқтығын растайтын жалған анықтамалардың қара нарығы қызып тұр. Құжатты қолдан жасағаны үшін төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, бірақ қолға түсу ықтималдығы өте төмен. Полицияны, медицина қызметкерлерін сатып алу көп қиындық туғызбайды" деп жазады британ басылымы.

"БАЗАРДА ҚУРАЙДАН БАСҚА ЕШТЕҢЕ ҚАЛМАДЫ"

Қазақстанның құрғақшылықтан қиналып жатқан малды аймақтарына үкімет қашан көмектеседі? Ресми органдар жұттан қырылған мал санын әдейі азайтып көрсеткен бе? Маңғыстаудағы мал базарларында аласапыран болып жатқаны рас па? Eurasianet басылымы осы сұрақтарға жауап іздейді.

Автордың жазуынша, Маңғыстау жұрты құрғақшылық басталғанын сонау мамыр айында-ақ айтып, дабыл қаққан. Бірақ үкімет бұл үндеуге құлақ аспаған.

Аштан өлген жылқы өлексесі. Маңғыстау облысы Ақшымырау ауылы, 15 шілде 2021 жыл.
Аштан өлген жылқы өлексесі. Маңғыстау облысы Ақшымырау ауылы, 15 шілде 2021 жыл.

"Ойланып отыратын уақыт жоқ, әрекет ету керек. Үкімет төтенше жағдай жариялауы тиіс. Әр азаматты құрғақшылықтан жапа шеккен адамдарға көмек қолын созуға шақырамын". Маңғыстаулық Бердімұрат Төрекенов 27 мамырда әлеуметтік желіде осылай деп жазған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрін орнынан алып тастағаннан кейін ғана үкімет Қызылорда облысының Арал ауданында төтенше жағдай жариялады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мал жем-шөбінің бағасын 17 пайызға арзандату үшін 1,9 млрд теңге (4,5 млн доллар) бөлуге және жапа шеккен аймаққа мал азығын тасымалдауға уәде еткен. "Ақша әлі бөлінген жоқ", есесіне Түркістан облысындағы еріктілер жапа шеккен аймаққа тегін шөп жіберіп жатыр деп жазады басылым.

Жаздың басында құрғақшылық қысқан аймақтарда көп мал қырылды. Кей мамандардың айтуынша, билік өкілдері аштықтан өлген мал санын әдейі азайтып көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы саласының маманы Алмасбек Садырбаев Арал ауданындағы бір ауылдың өзінде 500 бас ірі қара өлгенін есептеген. Ресми дерек бойынша, бүкіл ауданда 500 бас сиыр өлген.

"Жылқы топырақ жеп жатыр". Қуаңшылық қинаған шаруа көмекке мұқтаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

"Садырбаев айтқандай, ресми органдар цифрды әдейі азайтса, онда пандемияға байланысты онсыз да көп қаржы жұмсаған үкімет қосымша шығыннан қорқып отырған болуы мүмкін. Пандемиямен күрес шығындары кесірінен Нұр-Сұлтанның бюджет дефициті былтыр екі есе ұлғайды" деп жазады автор.

Бұған қоса, құрғақшылық жайлаған батыста жем-шөп бағасы жылдам өсіп барады деп жазады Eurasianet. Маңғыстаулық Instagram қолданушы Азамат Сәрсенбаев жергілікті базарларда "аласапыран болып жатыр", "базарда қурайдан басқа ештеңе қалмады, диқандар көтерем болған малдарын жанұшыра сатып жатыр, жұрт өзге аймақтарға да таралып жатқандықтан, сатып алушы өте аз" деп хабарлаған.

"ҚАЗАҚСТАН ЕЭО-дан ЕҢ КӨП ҰТЫЛЫП ОТЫРҒАН ЕЛ"

Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстанмен бірге Еуразия экономикалық одағының құрамына "ерекше жағдайда" кірген Қазақстан басқаларға қарағанда көп нәрсесін жоғалтып отыр. Сонда да Мәскеуде Қазақстанның егемендігіне қатысты арандатушы мәлімдеме жасаушылар жиілеп барады. Eurasia Review сараптамалық журналы Ресей-Қазақстан қарым-қатынасына шолу жасап, оның қазіргі жағдайын сипаттайды.

Автордың айтуынша, Совет одағы кезінде Батыс нарықтарынан шалғай жатқан бұл ел Ресейің рұқсатымен ғана сыртқы әлеммен байланысатын қиыр түкпірдегі аймақ саналды. Одақ тарағаннан кейінгі жылдарда да Ресей истеблишменті "ештеңе болмағандай" күйде Қазақстанды Ресейдің бір бөлшегі ретінде қарастыра берді.

Кейін Қазақстан тәуелсіз экономикалық саясат жүргізіп, басқа елдермен дербес қарым-қатынас жасауға көшті. Бірақ 2000 жылдардың басында Ресейдің саяси элитасы Беларусь, Украинамен қоса Орталық Азияны да "Мәскеудің бақылауына қайтару керек" деп шешкен. Автордың айтуынша, Еуразиялық интеграциялық құрылымдардың пайда болуының себебі де сонда.

Оның үстіне, сарапшының айтуынша, Ресейдің қолтығының астында орналасқандықтан Қазақстан оның ықпал ету аймағы ғана емес, "Орталық Азияға басып кіретін базасы" рөлін атқарған, ал қазір Кремль басшылығы оны "аймақтың басқа төрт елін бақылауда ұстауына мүмкіндік беретін тұғыр ретінде" қарастырады. Сондықтан Ресей Қазақстанды аймақтан бөліп алып, "Орталық Азия және Қазақстан" деп атайды.

Кедендік түсімдерді, экономикалық қарым-қатынасты орталықтандырып, интеграциялаған Еуразия экономикалық одағына (ЕЭО) Қазақстан осындай "ерекше жағдайда" кірген дейді автор. Сондықтан қалған төрт елмен салыстырғанда бұл одақтан көп ұтылып отырған да - Қазақстан.

"Бастапқыда оған бұл халықаралық ұйымда екінші донор ел болу міндеті қойылды, ал Ресей Федерациясы бірінші болды. Бұл донорлықтың мақсаты – бұрынғы совет республикаларын Мәскеудің қоластындағы "посткеңестік кеңістікті" қайта интеграциялау идеясына көндіру болды" деп жазады автор.

Автордың айтуынша, Ресейдегі кей саясаткерлердің былтыр Қазақстан тәуелсіздігі мен егемендігіне қатысты мәлімдемелеріне Нұр-Сұлтанның АҚШ және Еуропа одағымен бұрынғыдан тығыз қарым-қатынас орнату талпынысы түрткі болуы мүмкін.

"Бұған (Батыспен интеграцияны күшейтуге – ред.) аз да болса талпыныс жасала қалса, Кремльдің бейресми рупорлары Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін мақсатты түрде шүбә келтіріп, мәлімдеме жасай бастайды. Қырым мен Донбаста не болғанын пайымдасақ, бұл іс-әрекет белгілі бір дәрежеде ескерту ретінде қабылдануы мүмкін (2014 жылы Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алған, Ресейге жақын күштер Украинаның шығысында жеті жылдан бері сепаратистік соғыс жүргізіп келеді – ред). Қазақстан ЕЭО-дағы ерекше жағдайларға мойынсұна отырып, Украинадағыдай жағдайды болдырмауға тырысып отырған жоқ па?" деген риторикалық сұрақ қояды Eurasia Review авторы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG