Accessibility links

Ресей вирусологтары 1,5 мың адамға вирус жұқтырған кісі жайлы хабарлады


Коронавирус жұққандарды емдейтін Мариинск ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан науқас пен арнайы киімдегі медицина қызметкерлері. Санкт-Петербург, Ресей, 7 шілде 2021 жыл.
Коронавирус жұққандарды емдейтін Мариинск ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан науқас пен арнайы киімдегі медицина қызметкерлері. Санкт-Петербург, Ресей, 7 шілде 2021 жыл.

Ресейдің бір тұрғыны мың жарым адамға коронавирус жұқтырған. Бұл туралы ТАСС мемлекеттік жаңалықтар агенттігіне Екатеринбургтегі Роспотребнадзордың "Вектор" мемлекеттік вирусология және биотехнология ғылыми орталығы филиалының басшысы Александр Семенов хабарлаған.

Семеновтың айтуынша, бұл Ресейде тіркелген Covid-19 инфекциясының таралуының ең жоғарғы көрсеткіші болып отыр.

"Вектор" статистикасына сәйкес, коронавирус инфекциясының стандартты түрі жұққан бір науқас оны екі-үш адамға дейін, ал "Дельта" вариантын – бес-алты адамға дейін жұқтырады. Алайда "супертаратушы" бұдан әлдеқайда көп адамға вирус жұқтыруы мүмкін.

"Егер адам әлеуметтік қашықтықты сақтамаса, маска тақпаса, әсіресе (денсаулығына байланысты) өзін жақсы сезінбей тұрып метродағы кісі толы вагонға мініп, жол жүрсе, жұмысқа келіп, жұрттың барлығымен құшақтасып амандасса, онда ол супертаратушы адамға айналады және ол көп адамға ауру жұқтырады. Әлеуметтік арақашықтық сақтау тәртібін елемесе, инфекцияның аса қарқынды таралуына мүмкіндік туғызады" деп мәлімдеді дәрігер.

"Вектор" институты – Ресейде коронавирусқа қарсы тіркелген вакциналардың бірі – "ЭпиВакКорона" екпесін шығарған. Бұл вакцинаның клиникалық сынағына қатысқандардың кейбірі оның емдік қасиетіне күмән келтірген еді.

Кейбір мәліметтер бойынша, "супертаратушылардың" 20 пайызы коронавирус фекциясының таралуының 80 пайызына жауапты болуы мүмкін.

Ресейдегі коронавируспен күрес жөніндегі федералдық жедел шара штабының мәліметі бойынша, пандемия басталғаннан қазірге дейін елде 6 402 564 адамға вирус жұққан. Бірақ "Медуза", "Медиазона" және "Холод" ұйымдарының жақында жүргізген зерттеуі іс жүзінде науқас саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін көрсетті. Ал індеттің ауқымы туралы сенімді ақпарат тіпті елдің жоғарғы басшылығының өзінде жоқ болып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG