Белгілі лингвист ғалым, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиін ұсынушылардың бірі, филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек 83 жасында қайтыс болды.
1938 жылы дүниеге келген ғалым 1964 жылдан бері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында тұрақты жұмыс істеді.
Түркі тілдеріндегі сингармонизмді зерттеген ол латын графикасы негізінде қазақ әліпбиін жасауға үлкен үлес қосты. Қазақ жазуын латын графикасына көшіру туралы Қазақстан билігінің 2017 жылы қабылдаған шешімін жүзеге асыруға араласты, Қазақстан үкіметі жанындағы арнайы жұмыс тобының мүшесі болды.
Алайда, ғалым Қазақстан билігі бекіткен нұсқаның орнына жаңа әліпбиді сингармонизм заңы бойынша жасауды ұсынды. Оның ұсынысын әліпби бойынша ғылыми пікірталасқа түскен ғалымдардың бір жағы қолдады. Өзі де латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі бойынша қоғамдық пікірталасқа белсене үн қосты, осы мәселелер жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарына, соның ішінде Азаттық радиосына пікірін ашық айтты.
Әлімхан Жүнісбек "Қазақ тілі грамматикасының" (2001) қазақ тілі дыбыстарына арналған бөлімін жазды, "Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігін" құрастырған топ жетекшісі болды. Қазақ тіліндегі "Үндесім заңы", "Байтұрсынов қисыны" ("Эффект Байтурсынова") атты теориялық қағидалар жариялады. Орыс мектептерінің 1-4 сыныптарына арналған "Қазақ тілі" оқулығын дайындаған авторлардың әдістеме құралдарын жасады.
Биыл, 2021 жылдың көктемінде "Сингармология или неизвестный сингармонизм" деп аталатын атты зерттеу еңбегі жарық көрді. Тілші мамандар бұл зерттеуді тіл біліміне қосылған сүбелі үлес деп бағалады.
ПІКІРЛЕР