Accessibility links

Алматы соты блогер Ермек Тайшыбековті жеті жылға түрмеге қамады


Ермек Тайшыбеков.
Ермек Тайшыбеков.

19 тамызда Алматы қаласы Әуезов ауданы соты блогер Ермек Тайшыбековті "ақпарат құралдарын қолдану арқылы ұлтаралық араздықты қоздырды" деген айыппен жеті жылға түрмеге қамады. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

Үкім күшіне енген жоқ. Қорғаушының сөзінше, Тайшыбеков өзіне тағылған айыпты мойындамаған. "Үкімге міндетті түрде шағым түсіреміз" деді ол.

Блогер 2020 жылы қыркүйекте Алматыда ұсталып, Қылмыстық кодекстің 174-бабы (БАҚ арқылы ұлтаралық араздықты қоздыру) бойынша күдікке ілінген.

Тайшыбеков ағасына Youtube желісінде жарияланған сұхбаты үшін ұсталуым мүмкін деп айтқан. Бұл сұхбатта ол Қазақстан билігінің саясатын сынға алады.

Блогердің ұсталуына 2020 жылы ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы ұлтаралық жанжалы жайлы сұхбаты да түрткі болуы мүмкін деп топшыланады.

"Сұхбатта ол өз ойын айтып, жағдайға баға берген. Экспертиза айтқан сөздерінде ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бар деп мәлімдеді. 2020 жылы ақпарда қылмыстық іс қозғалды. Қыркүйекте оны қамауға алды. Осы уақыт аралығында іс тоқтап тұрды" дейді адвокат.

2020 жылы 8 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты, Бұлар батыр аудандарында жанжал болып, 11 адам (көбі – дүнгендер) қайтыс болған. Жүзден аса адам жараланды, олардың арасында 19 полицей бар

2020 жылы 26 қыркүйекте Алматы тергеу соты Тайшыбековті екі айға қамау туралы шешім шығарып, қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.

Тайшыбековке үкім Мәскеудің Қазақстандағы "русофобия" туралы мәлімдеме жариялаған тұста шықты. Ресей Қазақстанда белсенділердің дүкендер мен мемлекеттік мекемелерді аралап, қызметкерлердің "қазақ тілі білімін тексеріп" жүрген тұста мәлімдеме жасаған еді.

Ресейді қолдайтын пікірлерімен жұрт назарына іліккен қазақстандық блогер Ермек Тайшыбеков 2015 жылы желтоқсанда төрт жылға түрмеге қамалған. Оған желідегі жазбасы арқылы ұлтаралық араздықты қоздырды деген айып тағылған. Блогердің үстінен өздерін ұлт патриоттарымыз деген белсенділер шағым түсірген еді. Тайшыбеков тағылған айыпты мойындамай, істің саяси астары бар деген.

2016 жылы қаңтарда ЕҚЫҰ өкілі Қазақстандағы блогерлерге шыққан үкімді сынаған еді. 2017 жылы қазанда Тайшыбеков түрмеден уақытынан бұрын босады.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігі 174-бапты өзіне жақпаған белсенділерге, журналистерге, блогерлер мен түрлі діни бірлестіктерге қарсы қолданады деп жиі сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG