Accessibility links

Қазақстан билігі шілдеде Covid жұқтырған 266 адамның өлімін статистикаға қоспаған


Шымкент қаласындағы мәйітхана, Түркістан облыстық патологиялық анатомия бюросы. 13 тамыз 2021 жыл.
Шымкент қаласындағы мәйітхана, Түркістан облыстық патологиялық анатомия бюросы. 13 тамыз 2021 жыл.

Қазақстанда шілде айында коронавирус жұқтырған жүздеген адамның өлімі осы аурудан қайтыс болғандардың ресми статистикасына кірмеген. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің Азаттық сауалына жолдаған жауабынан білуге болады.

"Республика және өңірлер бөлінісінде коронавирустық инфекцияның жанама әсерінен 2021 жылғы шілде айында қайтыс болғандардың жалпы саны 266 жағдайды құрайды" деп жазды министрлік.

Қазақстан үкіметінің мұндай жасырын есепті жүргізетіні былтыр мамырда Азаттық пен "31 арна" тілшілерінің зерттеуінен кейін бастаған. Журналистік зерттеу Алматы түбіндегі коронавирус құрбандарына арналған зиратта ресми деректегіден көп адам жерленгенін көрсетті. Сол кезде билік кей адамдардың коронавирус жұқтырғаны расталғанымен, олардың өліміне әкелгені басқа ауру деп атап өтті.

Ал індет басталғанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid өлімін қалай есептеу керегі жөнінде нұсқаулық шығарып, апат кезінде мерт болғандардан өзгенің бәрін коронавирус өліміне жатқызуды ұсынған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, "коронавирус ілеспе диагноз" болды деген өлімдердің көбі қанайналым жүйесі ауруларынан болған. Мәселен, шілде есебіндегі 266 адамның арасында 145 адам осындай аурулардан қайтыс болған. ДДСҰ нұсқаулығында мұндай аурулардың коронавирус індетімен себеп-салдарлық байланысы бары айтылады.

Індет басталған сан мәрте өзгерген емдеу хаттамасында қазір науқастарға қанды сұйылтатын дәрі-дәрмек беру қажеті айтылады. Яғни ауру салдарынан қанның қоюланатыны анықталған.

Билік бұл деректі күнделік негізде жарияламайды, тек журналистер сұратуымен ғана айына бір мәрте жеке хатпен хабарлайды. Шілде айындағы көрсеткішті қоса алғанда, індет басталғалы коронавирус жұқтырған 2633 адамның өлімі Covid жөніндегі ресми статистикаға кірмей қалған.

Үкімет коронавирус өлімі жөніндегі ресми статистиканың өзін екіге бөліп жүргізіп отыр. Бірі – коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталғандар немесе КВИ+. Екіншісі – вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталмаған, диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған "ковидтектес пневмония" немесе КВИ-.

Билік екіншісінің есебін былтыр тамызда ғана бастады. Содан бері пневмонияның бұл түрінен 4315 адам қайтыс болған. Ал індет басталғалы жүргізіліп келе жатқан КВИ+ бойынша барлығы 8758 өлім тіркелген.

Осы екі деректі "ілеспе аурудан қайтыс болғандар" есебімен қосқанда, коронавирустан 15706 адам көз жұмған болып шығады.

Kazakhstan Infographics Death Rate 2000 - 2020 COVID Kazakh
Kazakhstan Infographics Death Rate 2000 - 2020 COVID Kazakh

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG