Accessibility links

Коронавирус жұқтырғандар қайтадан 4 мыңнан асты, бір күнде 86 адам қайтыс болды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Сәрсенбі, 8 қыркүйекте Қазақстанда 4 106 адамның анализінен коронавирус табылды. Бұл бір күн бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 500-ге көп. Індет басталғалы бері елде 828 224 адамның ПТР тесті оң көрсеткен.

7 қыркүйекте 86 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болған. 72-інің ПТР тесті оң шыққан, 14 адам пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрінен қайтыс болды деп айтылады. Сейсенбі күні 302 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған.

Халықаралық ұйымдардың қысымынан кейін Қазақстан билігі 2020 жылдың тамызынан бастап коронавирус пневмониясының статистикасын жүргізе бастаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы былтыр маусым мен шілдеде қатты өршіп, бәсеңсіген "пневмонияны" "диагнозы дұрыс қойылмаған коронавирус" деп атаған еді. 2020 жылдың тамызынан бері елде шамамен 72 мың адам коронавирус пневмониясына шалдыққан.

Қазір 84 мың адам коронавирус пен "пневмониядан" емделіп жатыр. 17 мыңы ауруханада жатыр.

Індет басталғалы бері Қазақстанда 10 076 адам коронавирустан қайтыс болған. Коронавирус пневмониясы 4 611 адамның өліміне себеп болған. Жергілікті комиссияның шешімімен "Covid-тен емес, басқа аурудан қайтыс болды" деген мыңдаған адам өлімі денсаулық сақтау министрлігінің базасына енгізілмеген.

19 млн халқы бар Қазақстанда 5,7 млн адам коронавирусқа қарсы толық егілген. 1,2 млн адам әзірге бір дозасын ғана алған.

Вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған Қазақстанда ресейлік "Спутник V" (қазір оны Қарағандыда өндіреді), отандық QazVac, қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген вакцинасы Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген екпесін Vero Cell, сондай-ақ тағы бір қытай компаниясы Sinovac компаниясының екпесі CoronaVac қолданылады.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде 222 млн адам коронавирусқа шалдыққан, 4,6 миллионы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG