Accessibility links

Тәжікстан СІМ тәліптердің Панжшерге шабуылына көмектескен үшінші бір мемлекетті айыптады


Сироджиддин Мухриддин.
Сироджиддин Мухриддин.

Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин 8 қыркүйекте Ауғанстан мәселесіне арналған виртуал кездесуге қатысып, "Талибан" радикал тобының Панжшерге шабуылын айыптады.

Бұл кездесуді АҚШ пен Германия ұйымдастырған. Оған Тәжікстанның, Пәкістанның, Сауд Арабиясының, Түркияның, Ұлыбританияның сыртқы істер министрлері, сонымен бірге ЕО, НАТО және БҰҰ басшылары қатысты.

Панжшердегі ұрыс мәселесін тілге тиек еткен тәжік министрі тәліптер үшінші бір елдің әуе күштерінің көмегімен шатқалдағы көптеген тәжікті өлтірді деп мәлімдеді. Алайда министр үшінші мемлекетті атамады.

Мұның алдында Үндістанның бұқаралық ақпарат құралдары Пәкістанның әскери тікұшақтары мен ұшқышсыз ұшақтары тәліптердің Панжшерге шабуылы кезінде Ұлттық қарсылық майданының шептерін атқылады деп хабарлаған. Ауғанстанның көптеген қаласында Пәкістанға қарсы наразылық акциялары өтті.

Дегенмен Пәкістан әскерінің өкілі пәкістандық дрондар Панжшерді атқылады деген мәліметті жоққа шығарды.

Тәжікстанның сыртқы істер министрі халықаралық қауымдастықты тәліптерге ықпал етіп, дағдарыстан шығудың саяси шешімін табуға үндеді.

"Әлемдік қауымдастық жиырма жылдан бері Ауғанстанда тәртіп орнатудың жолын таппай, бұл елде ондаған мың содырды "мұра" ретінде қалдырып кетті" деп мәлімдеді тәжік министрі.

Биыл тамыздың ортасында тәліптер Ауғанстанның барлық дерлік аумағын басып алып, Кабулға ұрыссыз кірді.

7 қыркүйекте "Талибан" жаңа үкіметтің құрамын жариялады. Мемлекеттік жоғары басшысы болып 60 жастағы Хайбатулла Ахунзада жарияланды.

Бір де бір мемлекет Талибан үкіметін әзірге ресми түрде мойындаған жоқ, алайда бірнеше мемлекет, соның ішінде көрші Өзбекстан, жаңа үкіметтің құрылғанын құптады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG