2001 жылы 11 қыркүйекте содырлар басып алған төрт жолаушылар ұшағы Нью-Йорктегі қос мұнараға, Вашингтонның сыртындағы Пентагонға соғылып, бірі Пенсильваниядағы жазыққа құлап, 3 мыңға жуық адам қаза тапты. Бұл қанды шабуылға бүкіл әлем куә болды. Азаттық Америка тарихындағы ең ауыр терактіден кейін әлем әуежайларындағы қауіпсіздік пен жаңалық таратудан бастап терроризм қаупі мен Ауғанстандағы жағдайға дейінгі әртүрлі өзгерістерді шолып шықты.
СОҒЫС АЯҚТАЛДЫ
“Әл-Қаида” ұйымына мүше 19 содыр 9/11 терактісі кезінде төрт жолаушылар ұшағын басып алып, оларды террористік шабуыл жасауға пайдаланды. “Әл-Каида” ұйымының негізін қалаушы Усама бен Ладен ол кезде Ауғанстанда елді 1996 жылдан бері басқарып келе жатқан тәліптердің қорғауында болды. Тәліптер Усама бен Ладенді беруден бас тартқаннан кейін АҚШ Ауғанстанға басып кіріп, тәліптерді биліктен тайдырды, елде демократия орнатып, әлемді терроризм қаупінен қорғауға уәде берді.
20 жылдан кейін 2021 жылы 30 тамызда АҚШ Ауғанстандағы операциясын аяқтап, әскерін елге қайтарды. АҚШ президенті Джо Байден “Ауғанстандағы соғыс аяқталды” деп жариялағаннан кейін бірнеше күннен соң тәліптер билікке қайта оралды.
ВВС дерегінше, 2001 жылы тәліптерге қарсы соғыс басталғалы АҚШ бастаған коалиция Ауғанстанда 3500 жауынгерінен айырылған, олардың 2300-і – америкалық әскери қызметкер. Одан бөлек, 20 660 америкалық жауынгер соғыста жарақат алған. Бірақ бұл шығынды ауған қауіпсіздік күштері мен бейбіт тұрғындарға келген зардаппен салыстыруға келмейді. 2019 жылы жақында биліктен тайдырылған президент Ашраф Ғани кейінгі бес жылда ауған қауіпсіздік күштерінің 45 мың қызметкері көз жұмғанын айтқан. Браун университетінің 2019 жылы жүргізілген зерттеуіне сәйкес, 2001 жылы қазанда әскери қимылдар басталғалы ауған әскерилері мен полиция қызметкерлерінің арасында 64 100 адам қаза тапқан.
АҚШ-тың Ауғанстан мен ондағы соғысқа қанша ақша жұмсағаны белгісіз. Байден жақында шамамен 2 триллион доллар кеткенін айтты. Бұл сома Браун университетінің соғысты қаржыландыруға алған қарыздың пайызы мен ардагерлердің күтіміне кеткен қаржыны қоса есептеген кейінгі зерттеулеріне негізделген болуы керек.
ТЕРРОРИЗМ ҚАУПІ
Қазір “Әл-Қаида” 2001 жылмен салыстырғанда біршама әлсіреген. “Ислам мемлекеті” экстремистік ұйымының да қазіргі қауқарын 2014 жылы Сирия мен Иракты басып алған кездегі күшімен салыстыруға келмейді. АҚШ-та 2001 жылы 11 қыркүйектен кейін дәл ондай ауқымдағы теракт болған жоқ. New America талдау орталығының дерегінше, 11 қыркүйек оқиғасынан кейін Америкада болған жихадшылар шабуылынан 107 азамат көз жұмған. Олардың жартысына жуығы 2016 жылы Флорида штаты Орландо қаласындағы Pulse түнгі клубында болған “Ислам мемлекеті” ұйымының содыры Омар Матиннің шабуылынан қаза тапқан.
Еуропадағы көрсеткіш әлдеқайда жоғары. 2015 жылы “Ислам мемлекеті” экстремистік ұйымының жанкештілері мен содырлары Парижде бірнеше теракт ұйымдастырып, салдарынан 130 адам опат болған. Бірақ АҚШ-қа қарағанда қару-жараққа қатысты заңы қатаң Еуропада салдары жеңіл шабуылдар әлдеқайда көп тіркелген.
Дэниел Байман Foreign Affairs басылымына жазған мақаласында 2016 жылдан бері Еуропа мен АҚШ-та мұндай шабуылдардың азайғанына назар аударып, мұны “Ислам мемлекетінің” әлсіреуімен байланыстырады.
“Бірақ қазір жихадшылар 9/11 оқиғасына дейінгі кезбен салыстырғанда Африка, Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азияда белсенді” деп жазады Байман.
"Әл-Қаида" топтары басқа елдерден бөлек, Ауғанстан, Алжир, Бангладеш, Египет, Үндістан, Иран, Ливия, Мали, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Сомали, Сирия, Тунис, Түркия, Йеменде бар. “Ислам мемлекеті” аталған мемлекеттердің көбінде және Камерун, Чад, Ирак, Мозамбик, Нигерия, Ресей сияқты елдерде белсенді. Бұл мемлекеттердің көбінде азамат соғысы жүріп жатыр. Ал жихадшылар соғысқа қатысушы тараптардың бірі саналады. Мұндай соғыстарда жүздеген мың адам қаза тапты” делінген мақалада.
АМЕРИКАЛЫҚТАРДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ
Pew Research Center жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес, 9/11 оқиғасынан кейін жиырма жылдан соң терроризмді маңызды ұлттық мәселе көретін америкалықтар саны күрт азайған. Орталық дерегінше, қазір АҚШ азаматтарын экономика, COVID-19 пандемиясы мен расизм мәселелері көбірек алаңдатады. Жыл басында АҚШ Ауғанстандағы әскерін шығарып, тәліптер билікке келгенге дейін жүргізілген сауалнама кезінде ересек жастағы респонденттердің біразы халықаралық терроризмге қарағанда, ішкі терроризмді маңызды ұлттық мәселе (35 %) көретінін айтқан. Ал сауалнамаға қатысушылардың көбі ішкі немесе халықаралық терроризмді емес, денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі (56 %), федералды бюджет тапшылығы (49 %) сияқты мәселелерді атаған.
USA Today және Саффолк университеті жүргізген сауалнама нәтижесінде америкалықтардың COVID-19 пандемиясын 2001 жылғы террористік шабуылдан да қауіпті мәселе көретіні анықталған. Бұрын респонденттердің 60 пайызы "9/11 оқиғасы америкалықтардың өмірін біржола өзгертті" десе, қазір бұл пікірді сауалнамаға қатысушылардың 38 пайызы ғана қолдаған.
ӘДІЛДІК ІЗДЕУ
АҚШ арнаулы күштерінің 6-тобы “Әл-Қаиданың” негізін қалаушы Усама бен Ладенді Пәкістандағы Абботабадта жасырынып жүрген жерінен тауып, өлтіргелі 10 жыл өтті. Бірақ содан бері Усама бен Ладенге 9/11 терактісін ұйымдастыруға көмектескендер жауапқа тартылмады. Тек Закариас Муссауи деген бір адам ғана кінәсін мойындап, өмір бойына түрмеге жабылды. 9/11 терактісінің ықтимал ұйымдастырушысы Халид шейх Мұхаммедтің соты COVID-19 пандемиясы және басқа да себептерге байланысты бірнеше рет кейінге қалып, жақында қайта жалғасады деп күтіліп отыр.
АҚШ-тың әділет министрлігі Федералды тергеу бюросы жақында терактіге байланысты тергеу жұмыстарының бір бөлігін аяқтап, кей құпия құжаттарды жариялау мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады. 3 қыркүйекте Байден 11 қыркүйекке қатысты кей құжаттарды жариялауға рұқсат беретін бұйрыққа қол қойды. Бұл құжаттар алдағы алты айда жарияланады. Мұндай шешімге содырлар шабуылы кезінде жақынын жоғалтқан азаматтардың биліктен “ұшақты басып алған содырларға Сауд Арабиясы көмектескені рас па?” деген сұраққа жауап беруді талап етуі себеп болып отыр.
Федералды тергеу бросының 9/11 терактісіне қатысты операциясына қатысқан бұрынғы қызметкері Дэнни Гонсалес CBS News арнасына берген сұхбатында ұшақты басып алғандардың арасында болған екі содырдың АҚШ-та қолдаушылары барын айтқан. “19 содыр 3 мың адамды жалғыз өлтіре алмайды” деді ол.
Теракт құрбандарының жақындары Сауд Арабиясын сотқа берген. Сауд Арабиясы бұл айыптауды жоққа шығарған, 9/11 терактісін зерттеуге құрылған комиссия да террористер мен аталған елдің арасында мұндай байланыс барын анықтамаған. Ұшақты басып алған 19 содырдың он бесі Усама бен Ладен сияқты Сауд Арабиясының азаматы болған.
Видео: Әлем тарихын өзгерткен күн
АҚПАРАТ ТАРАТУ
2001 жылы 11 қыркүйекте дүниежүзілік сауда орталығына бірінші ұшақ соғылғаннан кейін адамдар соңғы жаңалықтарды біліп отыру үшін теледидар мен радионың алдынан шықпады. Қазір бұл ақпарат құралдарының орнын басқа ресурстар басты. Бүгінде жаңалықтар вебсайттар, әлеуметтік желілер, телефон қоңыраулары мен хабарламалар арқылы жылдам тарайды.
Бұл туралы жақында Вашингтондағы Брукингс институтының қызметкерлері Даррел М.Уэст пен Никол Тернер Ли “Ол кезде әлеуметтік желілер кең тарай қоймаған еді. Адамдардың көбі үйдегі телефон қызметін пайдаланып, твит дегеннің не екенін ешкім білмейтін” деп жазды.
Мұның қандай кері әсері бар? Екі зерттеуші әлеуметтік платформалардың көп болуы жалған ақпараттың тарауына жол ашады деп санайды.
“9/11 терактісі әлеуметтік желілер дәуірінде болса, бұдан қандай шығын келуі мүмкін екенін елестетіп көріңізші. Бірден “не болды?” және “кім кінәлі?” деген сарындағы болжамдар айтыла бастайды. Бұл оқиғадан бұрын қандай да бір белгілер байқалса, шетелдік террористер, ішкі тыңшылар, саяси қарсыластар, мигранттар, нәсілдік, діни немесе этникалық топтар сияқты күдіктілер қатары көбейіп шыға келеді.
ӘУЕЖАЙДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК
11 қыркүйектен кейін белдік пен аяқ киімді шешу, әмияндағы, қалтадағы және шағын қол сөмкедегі заттарды шығару жаңа қауіпсіздік нормасының бір бөлігіне айналды. Төрт коммерциялық рейсті басып алған содырлар қару ретінде қолданған қайшы сияқты заттарды ұшаққа алып кіруге тыйым салынды. 2001 жылы желтоқсанда Парижден Маямиге ұшқан рейсте Ричард Рид деген террорист аяқ киіміне орнатылған бомбаны жармақ болғаннан кейін әуежайдағы бақылау-өткізу пунктінде аяқ киімді шешу туралы талап пайда болды. Қол жүгімен алып жүруге болатын сұйықтық мөлшеріне қатысты шектеулер басында көп адамға түсініксіз көрінді. Бірақ кей сұйықтық бомба дайындауға пайдаланылуы мүмкін. Жаңа ережелер әуежайдағы қауіпсіздік қызметінің алдындағы кезекті ұзартып, адамдар рейске тіркелуге мейлінше ерте баруға тырысатын болды.
11 қыркүйек оқиғасынан кейін АҚШ-та және шетелде болған ұшақты басып алу оқиғаларының санына қарағанда, әуежайдағы қауіпсіздік шараларының күшеюі жақсы нәтиже бергенге ұқсайды. Бірақ қайғылы жағдайлар да жоқ емес. 2015 жылы Египеттегі Шарм-эль-Шейх қаласынан ұшқан ресейлік ұшақ көп ұзамай апатқа ұшырады. АҚШ және Ұлыбритания билігі апатқа бомбаның жарылуы себеп болуы мүмкін деп топшылады.
ПІКІРЛЕР