14 қыркүйекте кешке суретші Асхат Ахмедияров тұрғын үй кешенін салу мақсатында кіші Талдыкөлді құрғатып жатқан жұмысшылардың жұмысын тоқтату үшін су қоймасына барды.
Көлдің маңын полицейлер күзетіп жүрді. Бір сағат бұрын мұнда Талдыкөл мәселесіне жұрттың назарын аударту үшін суретшілер перформанс өткізген. Сондағы жүргізушілердің бірі полицейлерді шақырған. Олар перформансқа қатысушылар жұмысқа кедергі жасап жатқанын айтып шағымданған.
Арнайы техника жүргізушілерінің бірі суретші Асхат Ахмедияров өзіне әдепсіз сөз айтты деп шағымданған. Есіл аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Марат Дубаев суретшіге "мәселені анықтау үшін" бөлімшеге бару қажеттігін айтты. Ахмедияров бас тартқан соң бірнеше полицей келіп, суретшіні күшпен көлікке отырғызып алып кетті. Кейін суретшіні Есіл аудандық полиция басқармасына жеткізгені белгілі болды. Бұл туралы экобелсенді Майя Сағымова хабарлады.
Бір күн бұрын Ахмедияров пен тағы бірнеше адам осы көл маңында ұсталған болатын. Компания өкілдері олардың үстінен шағым түсірген. Полиция бөлімшесіне жеткізілгеннен кейін олар босатылған.
14 қыркүйекте кешке жақын Ахмедияров ұсталмай тұрып ақ кимешек киген әйелдер көл жағасына келіп, құрылыс алаңына қарай өткен. Олар сол маңнан өткен камаз көлігіне ақ лента байлаған. Олардың сөзінше, бұл адамдардың құрылысты тоқтатып, көлді құтқару ниетін білдіреді.
— Талдыкөл – бұл қала ортасын, үлкен үйлерді жарып тұрған сұлулық. Осындай сұлулықты сақтап қалу үшін біз аққуды бейнелегіміз келді. Бұл жаққа қоқиқаз ұшып келді, аққулар жүр. Бұл наразылық акциясы емес, біз тек адамдардың осы көлге назар аударғанын қалаймыз, — деді автор перформанс авторы суретші Әлия Қанибекова.
Полиция перформанс аяқталып, адамдар тарай бастаған кезде келген.
Бұл кіші Талдыкөлді қорғау мақсатында ұйымдастырылып отырған алғашқы акция емес. 7 қыркүйекте Асхат Ахмедияров шаманша киініп, көлді құрғату үшін топырақ тасып жатқан жүк көліктерінің жолын бөгеген. Ал суретші Әйгерім Оспан қобыз тартқан.
Астананың құрылыс жобасы бойынша, қаланың сол жағалауындағы көл орнында су қоймасы құрғатылып, ірі инфрақұрылымы бар тұрғын үй кешені салынуы тиіс. Ресми органдар кіші Талдыкөлді құрғатудың қоршаған ортаға зияны жоғын алға тартады. Ал жергілікті белсенділер мен экологтар шағын көл флора мен фаунаның сақталуына әсер етеді деп есептейді. Ақпаратқа қарағанда, маусымдық миграция кезінде көл мен оның айналасына бұйра бірқазан, ақбас үйрек, сұңқылдақ аққу және аққұйрық субүркіт сияқты 200-ге тарта құстың түрі келеді. Көл маңайындағы жерде өсімдіктің 98 түрі өседі.
ПІКІРЛЕР