Accessibility links

Белсенділер талабы ішінара орындалды. Кіші Талдыкөлді көму уақытша тоқтайды


Кіші Талдыкөлге топырақ әкеле жатқан мәшине алдында тұрған Асхат Ахмедияров. Нұр-Сұлтан, 7 қыркүйек 2021 жыл.
Кіші Талдыкөлге топырақ әкеле жатқан мәшине алдында тұрған Асхат Ахмедияров. Нұр-Сұлтан, 7 қыркүйек 2021 жыл.

Нұр-Сұлтан қаласының шетіндегі Кіші Талдыкөлді көму кідіре тұрады. Бұл жөнінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің қала құрылысы жөніндегі орынбасары Нұрлан Нұркенов экология мәселесі бойынша республикалық қоғамдық кеңес жиынында айтқан.

Қала әкімінің орынбасарының кеңес отырысындағы сөзін Талдыкөлді сақтап қалу жөнінде бастама көтеріп жүрген белсенділердің бірі Жәмилә Садықова Facebook парақшасында жариялады.

Оның сөзінше, Нұр Отан партиясы экология мәселесі бойынша республикалық қоғамдық кеңес шақырған, оған экология белсенділерінен өзге Нұр - Сұлтан қаласының әкімдігі мен экология министрлігінің өкілдері қатысқан.

- Талдыкөл борсыған көл дейтін мифтің күлі көкке ұшты. Эколог Руслан Оразалиннің презентациясынан кейін алуан түрлі флорасы мен фаунасы бар, өзін өзі тазартатын экология жүйесі қалыптасқан, 13 мың жылдан бері келе жатқан тірі көл екеніне жұрттың бәрінің көзі жетті,- деп жазады Жәмилә Садықова.

Қоғамдық кеңес "жағдай толық айқындалғанша көлді көмуді тоқтата тұру" туралы шешім қабылдаған және Нұр-Сұлтан әкімдігіне көл төңірегіне салынатын құрылыс туралы құжаттарды жариялауды міндеттеген.

Кіші Талдыкөлдің әзірге көмілмейтіні жөніндегі хабарды белсенді Асхат Ахмедияров та Facebook парақшасында бөлісті. Таяуда Нұр-Сұлтан қаласының соты Кіші Талдыкөлді қорғап, перфоманс өткізгені үшін Асхат Ахмедияровқа 14 мың теңге (33 АҚШ доллары) айыппұл салған еді.

7 қыркүйекте астаналық суретші Асхат Ахмедияров пен оның әріптесі Әйгерім Оспан кіші Талдыкөл аумағында арт-перформанс өткізіп, көлге топырақ төгіп жүрген жүк көліктерін тоқтатқан.

Есіл өзенінің сол жағалауында, Нұр-Сұлтан қаласымен іргелес жатқан Кіші Талдыкөлді қорғау акциясын ондаған белсенділер биыл тамыз айынан бері күшейткен. Олар шағын көл қалаға сән береді, флора мен фаунаның сақтап қалады деп есептейді. Ал қала әкімдігі мен құрылыс компаниясың өкілдері көлді құрғатқаннан табиғатқа зиян келмейді деген уәж айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG