Accessibility links

Жамбыл облысында ауылдардың бірінде "вакцинаның жалған паспортын 15 мыңнан сатқан"


Қаржылық мониторинг агенттігі Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы вакцинаның жалған паспортын сатқандар анықталды деп хабарлады. Ондағы ақпаратқа қарағанда, 30 паспорттың қолдан жасалғаны анықталып, "қылмыстың жолы кесілген".

"Агенттіктің Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаментіне Жамбыл ауданы Аса ауылының емханасында материалдық сыйақы үшін жалған вакцина паспорттарын заңсыз ұсынғаны туралы шағым түсті. Тексеру барысында департамент қызметкерлері аталған емханада COVID-19 қарсы вакцинация паспортын нақты екпесіз 15 мың теңгеге беру дерегін анықтады" делінген агенттік хабарламасында.

Қазір тергеу амалдары басталған.

Қазақстанда бұған дейін де коронавирустың жалған паспортын сатқандардың ұсталғаны хабарланған. Бірақ олардың жалпы саны белгісіз. Құқық қорғау органдары Азаттықтың ресми сауалына әлі жауап бермеді.

Бұған дейін ішкі істер министрлігі заңнамада жалған құжат жасау бойынша 4 жылға дейін түрме жазасы қарастырылғанын, оны пайдаланғандар 40 күнге дейін қамалуы мүмкін екенін ескерткен.

19 млн халқы бар Қазақстанда 6,2 млн адам вакцинаның толық дозасын алған. Олардың қаншасы жалған паспорт пайдаланатыны белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG