Accessibility links

Сот шешіміне наразылар Жоғарғы сот ғимаратына қонды


Жоғарғы соттың қабылдау бөлмесінің кіреберісінде түнеп шыққан наразылар. 24 қыркүйек 2021 жыл.
Жоғарғы соттың қабылдау бөлмесінің кіреберісінде түнеп шыққан наразылар. 24 қыркүйек 2021 жыл.

24 қыркүйекке қараған түні өздері мен жақындарына шыққан сот үкімі мен шешімдерге наразы топ Жоғарғы соттың қабылдау бөлімінің кіреберісінде түнеп шықты. Төрт шаршы метрлік жерге тоғыз адамның жетеуі қонған. Түн жарымда екі адамның қан қысымы мен ағзадағы қанты жоғарылап, астанада уақытша тұрып жатқан жерлеріне кетуге мәжбүр болған.

Жоғарғы сотқа шағымданып келгендердің төртеуі – Алматыдан, біреуі – Жаңаөзеннен, тағы бірі Көкшетаудан келген. Қалған үш адам Нұр-Сұлтанда тұрады.

Сот дәлізіне түнеген алматылық белсенді, ғалым Есенғазы Қуандық өздеріне Жоғарғы соттан, қалалық әкімдік пен полициядан жағдай сұрап ешкімнің келмегенін айтады.

Оның сөзінше, түнімен бірнеше рет әлеуметтік желіге жағдайларын баяндап тікелей эфирге шығып, шетелдік ақпарат құралдарына сұқбат берген. Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде қылмыстық және азаматтық кодекстен сабақ беріп, кейін жұмыстан қуылған профессор заңның өз жағында екенін алға тартады.

Нұр-Сұлтан тұрғыны Жақсыгүл Бөкенова бірнеше жыл бұрын сотталып, кейін түрмеден босаған туған ағасын толық ақтағысы келеді. Осы мақсатпен Жоғарғы сот және бас прокуратураға арызданып жүрген ол билік мәселеге көңіл аудармайынша, ізденістерін тоқтатпайтынын жеткізді.

– Шыдамның да шегі бар. Көп адамның жүйкесі тозған. Көпшілік Нұр-Сұлтанға келу үшін пойыз билетіне, ПТР тест тапсыруға қажетті ақшаны қарызға, несиеге алады. Неге десеңіз, өздеріне қатысты заңсыз сот шешімі шыққандар жоғары сот пен бас прокуратураға соңғы үміт ретінде қарайды, - дейді Бөкенова.

24 қыркүйекте наразы топ мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллинмен кездесуге өтініш бермек болған. Бірақ оларды арнайы жасақ парламент ғимаратына жолатпады.

Төрт айдан бері Жоғарғы сот, бас прокуратура және президент әкімшілігіне арызданып жүрген топқа қатысты 23 қыркүйек күні Жоғарғы сот өкілі Айдос Сәдуақас Азаттыққа пікір берген. Ол карантин жағдайына байланысты арызданушыларды сот ғимаратына кіргізу мүмкін емес деген. Ал Жоғарғы сот төрағасымен кездесуге ниетті азаматтардың арызына алдағы екі-үш күнде жауап болатынын айтқан.

Жоғарғы сотқа үш-төрт күннен бері келіп жүрген сот шешіміне наразылар жұма күні үйлеріне тарамақ.

Бірақ олар қазан айының 11 күні астанаға өздері сияқты Қазақстанның әр түкпірінен 200-300 арызданушы қайта жиналып, наразылық акциясын өткізетіндерін жеткізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG