Accessibility links

Грузияда елдің экс-президенті Михаил Саакашвили тұтқындалды


Михаил Саакашвилиді полиция қызметкерлері әкетіп барады. Тбилиси, Грузия. 1 қазан, 2021 жыл.
Михаил Саакашвилиді полиция қызметкерлері әкетіп барады. Тбилиси, Грузия. 1 қазан, 2021 жыл.

1 қазанда кешкісін өткен төтенше брифингте Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили ішкі істер министрлігі мен мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бірлескен операциясы кезінде елдің бұрынғы президенті Михаил Саакашвили тұтқындалғанын мәлімдеді.

Гарибашвилидің айтуынша, елдің арнайы қызметі экс-президенттің Украинадан Грузияға келген ізін аңдып отырған. Саакашвили Рустави қаласындағы уақытша қамау изоляторына жатқызылған.

Грузия ішкі істер министрлігі қолы кісенделген Саакашвилиді көліктен түсіріп, ғимаратқа кіргізіп бара жатқан видео жариялады.

Сол күні Саакашвили Грузияның Батуми қаласында жүргенін көрсетіп видео түсіріп, онысын Интернетте жариялаған.

Оның елге қалай кіргені әлі анық емес. Саакашвили сегіз жылдан бері шетелде тұрып жатыр. Бұдан бұрын ол әлеуметтік желіде Грузияға баратын ұшаққа билет алғанын айтып, оның суретін де жариялаған.

Тбилиси соты Михаил Саакашвилиді қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін үш және алты жылға бас бостандығын айыру жазасына кескен.

Украина сыртқы істер министрі Киевтегі Грузия елшісін шақырып, Саакашвилидің тұтқындалуының жай-жапсарын сұраған.

Украина президенті Владимир Зеленский Грузия экс-президентінің тұтқындалуы және оған қатысты Грузияда айтылып мәлімдемелердің "сарыны" алаңдататынын айтты.

2015 жылу Украина азаматтығын алған Михаил Саакашвили қазір стратегиялық жоспарлауды жүзеге асырып, реформаларды үйлестіретін Украина ұлттық реформа кеңесінің атқару комитетін басқарады.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили Саакашвилиді елдегі жағдайды тұрақсыздандырғысы келеді деп айыптап, оны тұтқындаған құқық қорғау органдарына алғыс айтты.

2 қазанда Грузияда жергілікті сайлау өтеді. Саакашвили осы сайлау қарсаңында елге келіп, Грузияны "құтқаруға" қатысатынын айтқан. "Грузияның тағдыры шешілгелі тұр. Грузияның амандығы таразыға тартылмақшы. Сондықтан мен сіздермен бірге болып, саяси мүдделеріңізді қорғау үшін, Грузияны құтқаруға ат салысу үшін 2 қазанға билет алдым" деген еді.

"Раушангүл революциясынан" соң билікке келген Михаил Саакашвили 2004-2013 жылдары ел басқарып, мерзімі аяқталғаннан кейін қызметінен кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG