Accessibility links

OPCW Ресейге Навальныйдың улануы жөнінде сұрақ қойды


Берлин клиникасында емделген Алексей Навальный. 22 қыркүйек 2020 жыл.
Берлин клиникасында емделген Алексей Навальный. 22 қыркүйек 2020 жыл.

Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымға (OPCW) мүше Ұлыбритания бастаған 40-тан астам мемлекет сейсенбі күні ұйымның Нидерландыдағы хатшылығы арқылы Ресейге сауал жолдады. Онда хат авторлары Мәскеуден оппозиционер Алексей Навальныйдың улануына байланысты төрт сұраққа жауап беруді сұраған.

Мәскеуге бағытталған сұрақтар ұйым сайтында жарияланды.

Хат авторлары 2020 жылы 20 тамызда (Алексей Навальный уланған күн) Ресей аумағында химиялық қару қолданылуына байланысты Мәскеу қандай шара қолданғанын білгісі келген. Бұған қоса, осы шаралардың нәтижесі және OPCW-дың саясаткер "Новичок" тобына жататын удан уланды деген тұжырымын түсіндіріп беруді сұраған. Ұйым мүшелері Ресейге Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі конвенцияның бұзылуына қатысы бар тұлғаларды жазалауға міндетті екенін де еске салған.

Бұған дейін ұйым өкілдерінің Мәскеуге сапарына кедергі келтірілгені жайлы ақпарат тараған. Хат авторлары Ресей билігінен сол жөнінде де сұраған.

Мәскеудің сұрақтарға жауап беруіне он күн уақыты бар. Егер сауалды жолдаған тарап Ресей жауабына қанағаттанбаса, OPCW арнайы сессиясын шақыру сияқты қадамдарға бара алады.

Навальныйдың уланғанын жоққа шығарып келген Ресей билігі әзірге реакция білдірмеді.

  • Былтыр тамыз айында Навальный улану белгілері бойынша Омбы ауруханасына түсіп, кейін Германияға емдеуге жіберілді.
  • Неміс зертханасының сарапшылары оппозиционердің ағзасынан "Новичок" тобына жататын удың іздерін тапты. Ресей билігі Навальныйдың уланғанын және өздерінің улауға қатысын мойындамайды.
  • Навальныйдың улануы халықаралық резонанс тудырған. Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон, Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі өкілі Жозеп Боррель, БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі бас комиссары Мишель Бачалет Ресейді ашық зерттеуге, кінәлілерді жазалауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG