"Талибан" қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған) жетекшілері Тәжікстанмен барлық келіспеушілікті саяси-дипломатиялық жолмен шешуге дайын екенін жеткізді. Тәжікстан билігі әзірге бұл мәлімдемеге жауап бермеді.
Тәліп үкіметінің мәдениет және ақпарат министрі Рухулла Омар Tolo TV арнасына сұқбатында Тәжікстанды "жақсы көрші" деп атады.
"Сыртқы істер министрлігі барлық елдермен байланыс орнатып жатыр. Біз бәрімен жақсы қарым-қатынаста болғымыз келеді. Тәжікстан билігімен барлық мәселе бойынша келіссөз жүргіземіз", - деді ол.
Ол сонымен бірге тәліп үкіметі Ауғанстан аймағын өзге елге шабуыл жасау үшін пайдалануға жол бермейтінін айтқан.
Рухулла Омардың мәлімдемесі Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Пәкістан премьер-министрі Имран Хан телефон арқылы сөйлескеннен кейін жарияланды. Эмомали Рахмон онда Ауғанстанмен диалог жүргізудің маңызды екенін атап өткен.
Озоди радиосының дереккөзінің мәліметінше, Тәжікстан билігі тәліптерге "Ансоруллах" содырлары Дарваз аумағынан кеткен кезде ғана, екі ел шекарасындағы Рузвай-Нусай көпірін ашамыз деп ескерткен.
"Талибан" қозғалысы Ауғанстан билігін басып алғаннан кейін, ресми Душанбе тәліптердің атына бірнеше рет сын айтқан. Ал тәліптер мұны ішкі ісімізге араласты деп бағалаған.
ПІКІРЛЕР