Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің түрмеде аштық жариялаған соң денсаулығы күрт нашарлаған. Саясаткердің дәрігері Николоз Кипшидзенің хабарлауынша, Михаил Саакашвилиді ауруханаға жатқызу керек.
Бұл туралы грузиялық "Мтавари архи" телеарнасына сілтеме жасаған ТАСС, "Интерфакс" және РИА Новости ақпарат агенттіктері хабарлады.
"Оның жағдайы нашарлап кетті, жүріп-тұруы, сөйлеуі де қиындады. Ол талассемия дейтін қан ауыруына шалдыққан. Мен мұны өзінің рұқсатымен хабарлап отырмын. Бұл аса қауіпті ауру емес, дегенмен оған ашығуға болмайды. Онымен ертең кездесемін, ауруханаға жатқызамыз деп ойлаймын" деді Кипшидзе.
Талассемия – тұқым қуалайтын қан ауруы. Ол гемоглобин гендері зақымдалғанда пайда болады.
Дәрігердің мәлімдемесінен кейін Саакашвили отырған Рустави қаласындағы түрме сыртында саясаткердің жақтастары жиналып, "Мтавари архи" телеарнасының тікелей эфирінен аштықты тоқтатуын өтінді.
"Мтавари архидің" негізін қалаушы Ники Гварамия Саакашвилиге дереу медициналық көмек көрсетілмесе, өлім қаупі төніп тұр деді.
- Ертең Михаил Саакашвилимен түрмеде кездесемін, оның өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің барлығын жасауымыз керек. Оның есімізде қалғаны емес, жанымызда болғаны керек, - деді Гварамия.
Ал Грузияның пенитенциарлық қызметі Михаила Саакашвилидің денсаулығы қалыпты деп хабарлады.
"Михаил Саакашвилидің денсаулығы нашарлады деген БАҚ-та тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол белгіленген дәрі-дәрмектерді ішіп жатыр. Қазір оның денсаулығы қалыпты" деп мәлімдеді пенитенциарлық қызмет.
Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили елге 29 қыркүйекте оралған. Грузияда сырттай сотталған Саакашвили 1 қазанда яғни, жергілікті сайлау өтетін күні ұсталып, қамалған. Кейін ол түрмеде аштық жариялаған.
Сайлаудың бірінші турында Грузиядағы басқарушы "Грузин арманы" партиясы жеңіске жетті. Саакашвили жақтастары екінші орын алды. Алайда кейбір ірі қалаларда, арасында Тбилиси де бар, жергілікті сайлаудың екінші туры өтеді. Саакашвилидің жақтастары сол кезде жеңіске жетеміз деп үміттенеді.
Сайлаудың екінші туры 30 қазанға белгіленген. Оған дейін оппозиция акциясының өтетіні-өтпейтіні белгісіз. Жуырда Саакашвили отырған Руставидегі түрме маңында бейбіт митинг өткен.
2013 жылы Грузияда Саакашвили үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған, осыдан соң ол Украинаға кеткен. Оның ішінде 2007 жылы қарашадағы митинг қатысушыларына күш қолданды, "Имеди" телеарнасының ғимаратына заңсыз басып кірді, бизнесмен Бадри Патаркацишвили бизнесін тарытп алды,депутат Валерия Гелашвилиге шабуыл ұйымдастырды, банкир Сандро Гиргвлианидің өлімін тексеруге кедергі келтірді және 2009-2012 жылы бюджетті шашты деген айыптар бар. 2018 жылы ол сырттай үш жылға сотталған.
Ол Украинада біраз жыл саясатпен айналысты.
ПІКІРЛЕР