Accessibility links

Құқық қорғаушылар сот отырыстарын офлайн өткізуді талап етіп, қол жинай бастады


"13 белсендінің ісі" бойынша өткен сот отырысының скриншоты. Тамыз айы, 2021 жыл.
"13 белсендінің ісі" бойынша өткен сот отырысының скриншоты. Тамыз айы, 2021 жыл.

Бірнеше құқық қорғаушы офлайн соттарды қалпына келтіруді талап етіп, қол жинай бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа жолданатын хатта авторлар "сот өндірісінде адам құқығының бұзылуы жүйелі сипатқа ие болды, заңсыз шешімдер көбейді" деп жазған.

"Індет қоғамдық саяси белсенділікті шектеуге жақсы сылтау болды" деген құқық қорғаушылар онлайн процестердің "манипулятивті ойын" алаңына айналғанын атап өтеді. "Азаматтар өздерін не үшін соттап жатқанын білмейді, ұзақ жыл түрме жазасын алғандар мүлде түсінбейді” деп жазды олар Facebook'те жарияланған қол жинау хатында.

“Қазақстанда өтіп жатқан онлайн сот процестерінде кез келген уақытта микрофоныңды өшіріп тастауы мүмкін, осылайша айыпталушыны өзін қорғау мүмкіндігінен айырады. Адвокатпен видеобайланысты өшіріп, оған клиентін қорғауына мүмкіндік бермейді. Сот процесіндегі куәгер-сарапшылар телефон зарядкасының 1% қалғанын айтып, процестен шығуға асығады. Судьялар онлайн отырысқа көп адам қатыса алмайды деп бақылаушыларды сот отырысына жібермейді. Әсіресе соттың заңға сәйкестігін бақылауға келген бақылаушыларға үстірт көзқарас бар. Көп жағдайда байланыс нашар болғандықтан процеске қатысушының не айтқысы келгенін аңғару өте қиын. Прокурорлар маска тағып, жүзін жасырып отырады, дыбысты өшіріп тастайды. Кейбірі онлайн-процесте көптің көзінше ұйықтайды” дейді құқық қорғаушылар.

Олар Қазақстанда интернет жылдамдығының нашар екенін алға тартып, көптеген азамат әділ сотқа тартылу құқығынан айырылды деп санайды. Онлайн процеске байланысты сот алқасы институтының да нашарлағанына назар аудартады. Компьютері жоқ немесе оны пайдалана алмайтын қарттар сотқа қатыса алмай, құқықтары шектелген. Құжаттарды көзбе-көз көрсетуді талап ететін мүлік құқығына байланысты онлайн соттар да жаңсақ шешімнің қабылдануына тұрткі болғанын айтады.

"Бұл заңсыздықтардың барлығы процестің ашықтығы мен тараптардың шынайы бәсекесі маңызды болып саналатын азаматтардың саяси құқықтарына да соққы болды. Бұл бірінші кезекте сөз бостандығы, дін, ар-ұждан еркіндігі, жиналу еркіндігіне қатысты сот істерімен байланысты. Қазақстанда партиялар мен тәуелсіз кәсіподақтарды тіркеу бойынша жазылмаған тыйым бар. Елде базарлар мен сауда орындары шектеусіз жұмыс істеп жатқан шақта билік індетті сылтауратып, митинг, шеру, жиналыс, пикет өткізуге рұқсат бермей келеді. Банкет пен той өткізуге рұқсат бар. Тіпті парламенттің өзі карантинге дейінгі режимге оралды. Тек сот қана артықшылыққа ие тиіспейтін кастаға айналды" деп жазды хат авторлары.

Хатты "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының төрайымы Бақытжан Төреғожина, "Либерти" қорының жетеушісі Ғалым Ағалеуов, "Азаптауға қарсымыз" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Семенова құрастырған. Оған шамамен бір сағат ішінде 30-дан астам адам қол қойған.

Бұған дейін де адвокаттар мен айыпталушылар онлайн соттарда байланыстың нашар екендігіне шағымданған. Елде "саяси қудалау кампаниясының апогейі" деп бағаланған "13 белсендінің ісі" бойынша ірі сот процесі де онлайн өткен.

Қазақстан соты әзірге құқық қорғаушылар мәлімдемесіне реакция білдірмеді.

Денсаулық сақтау министрлігі тамыз айынан бері елде індеттің бәсеңдегенін айып, карантин шектеулерді жұмсартқан. Қазір күніне елде мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG