Украина президенті Владимир Зеленский олигархтардың саяси ықпалын азайтуға бағытталған заңға қол қойды. Қоғам арасында "олигархтармен күрес заңы" деп аталып кеткен құжатқа 5 қарашада қол қойған Зеленский заң ықпалы зор, шектеулі элита емес, қоғам мүддесін қорғайды деп атап өтті.
"Қандай ірі кәсіпкер болмасын, өзге коммерциялық ұйымдар сияқты заң аясында жұмыс істеуі тиіс. Егер біреу заңды айналып өту үшін саясаткерлерді пайдаланып жүрген болса, тіпті ең бай деген адамның өзі бұл әдетімен қоштасуына тура келеді" деді президент.
Қыркүйек айында парламенттен өткен заң жобасында олигарх ұғымына анықтама беріледі. Оған сәйкес, магнаттардың тізімі жасалып, мемлекеттік органдар олигархтар немесе олардың өкілдерімен байланысын ашық көрсетуге міндеттеледі. Құжат сонымен бірге олигархтарды саяси партияларды, саяси жарнамаларды немесе шерулерді қаржыландыруға тыйым салады, мемлекет активтерін жекешелендіру процесінен аластатады.
АҚШ және Еуроодақ ұзақ уақыттан бері Украинаны халық мүддесіне қайшы жұмыс істеп келе жатқан олигархтардың әрекетін тежеуге шақырып келеді. Алайда заң жобасын сынаушылардың пікірінше, аталған құжат "жеке бастың кегін алуға" жол ашады.
ПІКІРЛЕР