Accessibility links

Өскеменде АЭС отынын шығаратын қазақ-қытай кәсіпорыны іске қосылды


Өскеменде АЭС отынын шығаратын қазақстандық-қытайлық кәсіпорынның ашылу сәті. 10 қараша 2021 жыл. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының ресми сайтынан алынған сурет.
Өскеменде АЭС отынын шығаратын қазақстандық-қытайлық кәсіпорынның ашылу сәті. 10 қараша 2021 жыл. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының ресми сайтынан алынған сурет.

Қазақстанда АЭС отынын шығаратын қазақ-қытай кәсіпорыны жұмысын бастады. Бұл жөнінде сәрсенбі күні "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы АҚ хабарлады. Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыт аумағынан ашылған кәсіпорын – индустриализация бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан 55 қазақстандық-қытайлық жобаның бірі.

"Үлбі жылу бөлетін құрастырма" Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорнының құрылтайшылары – Үлбі металлургиялық зауыты (51% үлесі бар "Қазатомөнеркәсіпке" еншілес компания) және CGNPC-URC (49% үлесі бар China General Nuclear Power Corporation еншілес компаниясы). Зауыт құрылысына Қытай, Франция және АҚШ-та өндірген жоғары технологиялық жабдықтар пайдаланылды. Зауытта ядролық реактордан жылу энергиясын алуға арналған инженерлік құрылымдар – жылу бөлетін құрастырмалар шығарылады" делінген компания хабарламасында.

Компания өкілдерінің айтуынша, өндіріс орны "Қазақстанға атом станцияларына ядролық отын шығарып, тасымалдайтын санаулы мемлекеттер құрамына кіруіне мүмкіндік береді".

Компанияның ақпаратынша, ядролық реактордан жылу алуға мүмкіндік беретін бір жылу бөлгіш құрастырмада (ТВС) 264 жылу бөлетін элемент болады. Ұзын металл білік болып келетін инженерлік құрылымға отын күйіндегі таблеткалар орналастырылады.

Компания сайтындағы мәліметке қарағанда, Үлбі-ЖБҚ" ЖШС француздың Framatome компаниясының сертификатын алған. Бұл құжат зауыттың 200 тонна уран көлемінде AFA 3G дизайнындағы жылу бөлетін құрастырма дайындай алатындығын растайды.

Ресми ақпаратта қытайлық China General Nuclear Power Corporation компаниясының "Қазатомөнеркәсіппен" 2006 жылдан бері уран өндіру, табиғи уран сату және таблетка шығару бойынша әріптестік орнатып келе жатқаны жазылған.

Бұған дейін жергілікті БАҚ "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының екі уран кенішіндегі үлесін қытайлық China General Nuclear Power Corporation (CGNPC) компаниясына сатқанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG