Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге сапары жалғасқан шақта ЕО ресми өкілдерін Қазақстандағы саяси қудалау мәселесіне назар аударуға шақырған белсенділер, құқық қорғаушылар көбейе түсті. Кейбір құқық қорғаушылар ЕО өкілдері Тоқаевтан ұзақ жыл түрмеде отырып, қамаудан шыққан соң көп ұзамай көз жұмған диссидент Арон Атабек өлімі жөнінде сұрауы тиіс деп мәлімдеді.
Ақорда сайтының хабарлауынша, 26 қарашада Брюссельде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишельмен кездескен. Тоқаев пен Мишель "Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жағдайы мен болашағын жан-жақты талқылаған". Ақпаратқа қарағанда, тараптар коронавирус індеті, вакцина, Ауғанстандағы жағдай, оған гуманитарлық көмек көрсету, сауда-экономикалық байланыс, инвестиция мәселелерін талқылаған.
Ақорда хабарламасында адам құқығының сөз болғаны-болмағаны жөнінде ақпарат жоқ.
Ал Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель Twitter'де Тоқаевпен бірге суретін жариялап, "Қазақстан президенті Тоқаевпен стратегиялық мәселелер, коронавирус індетінен айығу, адам құқығы, аймақтық әріптестік және Ауғанстан мәселесін талқыладық. ЕО Қазақстанның реформасы мен модернизациясын қолдайды" деп жазды. Дегенмен кездесуде адам құқығы бойынша нақты қай мәселе талқыланғаны белгісіз.
Оның Twitter жазбасына реакция білдірген қазақстандық белсенділер Қазақстандағы саяси қудалауға шағымданды. Aidos Abdramanov есімді аккаунт иесі жуырда "тыйым салынған ұйым ісіне араласты" деп айыпталған азаматтық белсенді Ербол Есхожиннің суретін жариялады. Rosa Musayeva есімді қолданушы саяси қудалау диссидент Арон Атабекті жерлеу күні де жалғасып жатқанын жазды.
Оның жазуынша, 26 қарашада астанада Арон Атабектің рухына құран бағыштағысы келген белсенді Марат Мұсабаевты полиция қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалға бара жатқан жолда ұстаған.
Шарль Мишелдің жазбасының астына қалдырылған посттар арасында саяси тұтқындарды босатуға үндеген жазбалар да көп. Кейбірі адам құқығының бұзылуына жауапты қазақстандық шенеуніктерге жеке санкция салуды сұраған.
Шарль Мишельдің жазбаларды байқағаны-байқамағаны белгісіз. Әзірге жауап бермеген.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге сапары Қазақстанда адам құқығының жағдайы ушығып, саяси қудалау өткір мәселеге айналған шақпен тұспа-тұс келіп отыр. Құқық қорғаушылар "саяси іс" деп таныған "Шаңырақ оқиғасы" бойынша ұзақ жылға сотталып, жуырда қамаудан шыққан диссидент, ақын Арон Атабек екі бұрын қайтыс болды. Белсенділер мен құқық қорғаушылар оның өліміне билікті кінәлап, кейбірі халықаралық дәрежеде тергеу бастау мәселесін қозғады. Бір күн бұрын Human Rights Watch ұйымының сарапшысы Мира Ритман "Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельде ЕО өкілдерімен кездеседі. ЕО одан диссидент Арон Атабек жөнінде сұрап, қыспаққа ала ма?" деп жазды. Әзірге ЕО өкілдерінің одан Арон Атабек өлімі жөнінде сұрағаны-сұрамағаны белгісіз.
Жергілікті құқық қорғаушылардың есебінше, елде кемінде 500-ден астам адам пікірін айтып, демократияны талап еткені үшін қудаланған. 12 "саяси тұтқын" бар. Дегенмен билік саяси қудалау барын мойындамайды.
ПІКІРЛЕР