Алматыда бас лицензиясынан айырылған Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің бір топ студенті басқа оқу орнына дер кезінде ауыса алмай жатырмыз деп шағымданды. Себебі оларды қабылдайтын оқу орындарымен келісім жасалмаған.
Оқу орнының 4-курс студенті Аяулым Манатқызы басқа мамандықтардың мәселесі шешілгенімен, 500 студент оқитын екі шет тілі факультетінің студенттеріне әлі нақты жауап айтылмағанына наразы.
– Журналистика, халықаралық қатынастар, аударма ісі сияқтылар ауысқанын естіп жатырмыз. Біздің факультеттің қалып тұрғаны – бұлар екі университет арасында келіссөз жүргізе алмай жатыр. Өйткені біз көппіз, - дейді ол.
Студенттер қай оқу орнына баратынын таңдай алмайды. Мамандықтары бойынша келіссөз жасалған университеттерге жөнелтіліп жатыр.
– Нұр-Мүбәракқа звондап айтып едік. Олар "сендерді 2-курстан бастап қабылдаймыз" дейді. Бірақ 3-курспыз. Неге біз қайтадан оқып, ақша төлеуіміз керек? – дейді тағы бір студент Диана Құсайынова.
Наразы студенттер мен ата-аналар Қазыбек би көшесінде орналасқан университеттің бас ғимаратының алдына жиналған. Кейін оқу корпусына кірді. Оларды әкімшілік лицензиядан қыркүйекте айырылса да, қараша аяқталғанша "студенттерді ауыстырумен айналыспағаны да" наразы етіп отыр.
Университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Жазира Құсмолдаева "қыркүйектен қарашаның ортасына дейін лицензияны қайтару бойынша сот өтті, нақты шешім енді қабылданды" дейді. Айтуынша, әкімшілік студенттерді ауыстыру бойынша қызу жұмыс істеп жатыр.
- Ал екі шет тілінде қосымша тілдер бар. Қытай, түрік, араб, корей тілдері оқытылды. Сол мамандықтар біз сөйлескен оқу орындарында болмай жатыр. Енді студенттердің ұқсас мамандыққа ауысу құқығы бар, - дейді ол.
Демек, студенттердің оқып келген мамандығын ауыстыруына тура келуі мүмкін.
Жиналған студенттер мен ата-аналар "оқу орнын әдейі жауып отыр" деп Білім және ғылым министрлігін де айыптады. "Университет жабылмасын" деп талап қойды. Мұнда оқу оқысының арзан екені (бакалавр үшін шамамен 360 мың теңге – ред.), басқа оқу орнында ондай мүмкіндік жоғы да айтылды.
Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласын бақылау комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова университетті тексергенде бірқатар кемшіліктер анықталғанын айтады.
- Мемлекеттік білім беру стандарты орындалмады. Ең бастысы, студенттердің 90 пайыздан астамаы тестілеуден өте алмады, - дейді Көбенова.
Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде барлығы 1400 студент бар. Оқу орны 2001 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы келісімдердің нәтижесінде ашылған.
Қазақстанда кейінгі жылдары бірнеше оқу орнының лицензиясы жойылған. Университеттің атын ауыстырып, қайта лицензия алғандары да бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр үкіметке білім сапасы төмен оқу орындарын жабуды тапсырған. Қазір елде шамамен 130 жоғарғы оқу орны бар, басым бөлігі жеке меншік университеттер.
ПІКІРЛЕР