Әзербайжан Арменияның биыл қараша айындағы қақтығыста қолға түскен 10 әскери қызметкерін босатты. Армения Әзербайжанға былтыр Бакудың бақылауына өткен Таулы Қарабақ аудандарындағы мина алаңдарының картасын берді.
Бұл жөнінде сенбіде Әзербайжан мемлекеттік қауіпсіздік қызметі хабарлады. Баку екі араға делдал болған болған Ресейге алғыс айтты.
16 қарашада әзербайжан-армян шекарасында осыдан бір жыл бұрын жасасқан бітімнен кейін алғаш рет ірі әскери қақтығыс болған еді. Ол да Ресейдің ортаға түсуімен тоқтаған.
Осы қақтығыста Әзербайжан жеті, Армения алты әскери қызметкері өлгенін мәлімдеген. Армения премьер-министрі Никол Пашинянның сөзінше, 30-дан астам армян әскери қызметкері тұтқынға түскен. Екі тұтқын Арменияға қараша айында қайтарылған.
Әзербайжанның әскери тұтқындарда мина картасына айырбастағаны бірінші рет емес. Әзербайжанның ресми мәліметіне қарағанда, былтыр 20-дан астам әскери және қарапайым адам Қарабақ пен төңірегіндегі аумақтарда минаға түсіп, қаза болған.
Былтырғы қақтығыс нәтижесінде Әзербайжан 1990 жылдардың бас кезінен бері армян күштері бақылап келген бірқатар аудандарды қайтарып алған. Ресейдің ара ағайындығымен жасалған бітім жалпы сақталғанымен, қарулы қақтығыс әлі күнге қайталанып тұрады.
Армения, Әзербайжан және Ресей жетекшілері таяуда Сочиде кездесіп, шекараны делимитациялауға және Нахичеваннан Армения арқылы Әзербайжанға көлік дәлізін ашуға келіскен. Әзірге оны жүзеге асыратын нақты қадамдар байқалмаған.
ПІКІРЛЕР