Accessibility links

"Митингіге қатыспадым, концерт көрдім". Сот шымкенттік белсенді Файзуллаевты 15 күнге қамады


Ерлан Файзуллаев (сол жақта).
Ерлан Файзуллаев (сол жақта).

7 желтоқсан кешке Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шымкенттік белсенді 39 жастағы Ерлан Файзуллаевты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 15 күнге қамады. Бұл туралы сот отырысына онлайн қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады.

Медеу аудандық полиция басқармасы белсендіні 27 қарашада Алматыдағы Уәлиханов атындағы гүлзарда заңсыз шеруге қатысты деп айыптаған. Бұл айыппен белсенді келіспейді. Ол гүлзарға барғанын растағанымен, онда митингіге қатыспағанын, концерт көргенін айтты.

- Ешқандай дәлел жоқ. Гүлзарға митингіге қатыспадым, концерт тамашаладым. Сонда концерт көруге болмай ма? Митингіге қатысқанымды дәлелдесін, - деді Файзуллаев.

Сотта прокурор Файзуллаевты Әкімшілік кодекстің 488-бап 11-бөлігі бойынша ("Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу") кінәлі деп танып, 20 тәулікке қамауды сұрады. Сот белсендіні 15 тәулікке қамауға қаулы етті.

Судья сот қаулысына байланысты Файзуллаевтың пікірін сұрағанымен, оның жауабын күтпей процес аяқталғанын айтып, байланысты үзді.

3 қарашада Файзуллаев белсенділер Жанмұрат Аштаев, Нұржан Әбілдаевпен бірге "полицияға бағынбағаны" үшін бес тәулікке қамалған.

Маусым айының басында үш белсенді бірге "тыйым салынған ҚДТ мен "Көше партиясы" қозғалыстарын қолдағаны үшін" де сотталған. Сот Файзуллаев пен Әбілдаевтың бостандығын бір жарым жылға, Аштаевтың бостандығы 2 жылға шектеген.

Қазақстан билігі ҚДТ мен "Көше партиясын" экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Еуропарламент өз қарарында бұл екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG