Accessibility links

Шыңжаңдағы қысымды айтып жүрген белсенді Серікжан Біләшқа іздеу жариялануы мүмкін


Серікжан Біләш.
Серікжан Біләш.

Шыңжаңдағы қысым туралы айтып жүрген белсенді Серікжан Біләшқа Қазақстанда іздеу жариялануы мүмкін. Алатау ауданының пробация қызметі соттан белсендіге іздеу жариялауды сұрап отыр.

– Ұсынысты енді ғана беріп жатыр. Сот шешеді. Әзірге адвокатты тағайындау туралы қаулы шықты. Іздеу мәселесі 14 желтоқсанда қаралады, – деді Азаттық тілшісіне 8 желтоқсанда Алатау аудандық сотының қызметкері Зухра Акрамова.

Адвокат Шынқуат Байжанов құжаттармен танысқаннан кейін жауап беретінін айтты.

Ал қудалаудан сескеніп, былтыр Қазақстаннан кеткен, қазір АҚШ-та тұратын Серікжан Біләш Азаттық тілшісіне "мұның бірнеше себебі болуы мүмкін" деп топшылайды.

– Өз басым, бұл биліктің тағы бір мәрте халықты үркітіп қорқыту үшін жасап отырған дүниесі деп ойлаймын. Бұлар мені азаматтықтан айыруы мүмкін. Бұл бірінші көзқарасым. Екінші, бұлар Батысқа жақ атысып, 2021 жылдың 21 қаңтарында яғни, мен Америкаға келген күннің ертесінде 2020 жылы қозғалған екінші реттегі 174-бап қылмысын жойып, күшінде қалдырған сияқты екінші қылмыстық істі ("заңсыз иелік ету")де күшінен қалдырып, (жойып – ред.) сол арқылы "Серікжан Қазақстанда қудалау көрмеді" деген жалған бейнені батысқа көрсеткісі келетін сияқты, – деді.

Шыңжаңдағы қазақтардың қысымға ұшырау мәселесін көтеріп, олардың құқықтарын қорғаумен айналысқан тіркелмеген “Атажұрт еріктілері” жетекшісі Серікжан Біләш Қазақстанның құқық қорғау органдарынан қысым көргенін айтып, былтыр қыркүйек айында елден кеткен болатын. Кейін Азаттыққа берген сұхбатында "елден кетуіме осы екі қылмыстық істің қозғалуы да түрткі болды" ("Әлеуметтік алауыздық қоздыру", 174-бап және "Өзінше билік ету", 389-бап) деп мәлімдеген. Ол "құзырлы органдар қылмыстық істерді қысқартып, қудаланбайтынына көзі жеткенде" ғана елге оралатынын айтқан. Бірақ қайда жүрсе де, Шыңжаңдағы қысым жайлы ақпарат таратуын тоқтатпайтынын жеткізген.

Бұған дейін оның үстінен қозғалған екі қылмыстық істің біреуі тоқтатылғаны хабарланған.

Белсенді оның алдында 2019 жылы "әлеуметтік алауыздық қоздыру" бабы бойынша айыпталып, процессуалдық келісімнен кейін босатылған. Сот оны 7 жыл қоғамдық ұйымға жетекшілік етуге тыйым салған.

Бұл сот ел ішінде және халықаралық қауымдастықтың назарын аударған. Құқық қорғаушылар “билік Біләшті жауапқа тарту арқылы Қытай қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген белсенділердің жұмысына кедергі келтіріп жатыр” деп сынаған.

Былтыр қараша айында БҰҰ-ның жұмыс тобы Серікжан Біләштің ісін қарап, ол заңсыз ұсталған деген шешім шығарған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман "қайта саяси тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атаған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG